Елордада оқушылар емтиханнан кейін ауруханаға түсті

288

Елордадағы мектептің төрт оқушысы кварц әсерінен көздері зақымдалды, деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Астаналық басқарма ұсынған ақпаратқа сәйкес, №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жедел жәрдем көмегімен оқушылар жеткізілді. Олар кварц шамының әсерінен кейін өздерін нашар сезінгенін айтқан.

Төрт оқушыны дәрігерлер тексерді. Зардап шеккендер арасында 2004 жылы туған үш бала және 2005 жылы туған бір оқушы бар.

"Оларды тексеру кезінде жеңіл деңгейде электроофтальмия (көз алмасының зақымдалуы) анықталды", – делінген хабарламада.
Дәрігер тексергеннен кейін төрт оқушы да үйлеріне жіберілді. Олар тұратын мекенжайы бойынша амбулаториялық емдеу алады.

Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі оқиғаның осы оқу орнында болғанын растады.

"Иә, расында мұндай жағдай болды. Оқиға Назарбаев зияткерлік мектебінің халықаралық бакалавриат мектебінде болды. Қазір мектепте қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Түстен кейін ресми мәлімдеме ұсынамыз", - деді мектептегілер Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Әлеуметтік желідегі ақпарат бойынша, Нұр-Сұлтандағы мектептердің бірінде оқушылар кварцтеуге арналған ультракүлгін шам сөндірілмеген кабинетте мемлекеттік емтихан тапсырған.

 

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар