Коронавирустың әлем экономикасына әсері қандай?

5315
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

COVID – 19. Бұл атау екі жыл бұрын дүниені дүр сілкіндірген вирус. Зер салсақ, дерттің тарихы ұзақ, құрығы ұзын, зардабы зор. Тәжтажал жаһанды жайлаған алғашқы вирус болмағанымен, әлем тарихындағы алпауыт індеттің санатына енді. Күншығыс елінен тараған короновирустың салдары сананы сілкіп, талай істі тұралатты. Адамзатты аурумен алысып, вируспен күресті. Тұтастай алғанда, зияны шарпымаған қала, сан соқтырмаған сала қалмады. Алайда адамның асқан ақыл-ойы індеттің өршуін тежеп, таралу қарқынын бәсеңдетуге барын салып бағып жатыр.

Бір емес, екі айналып соққан короновирустың сұрапыл күші, әлем елдеріне тигізген қайғы – қасіретінен бөлек, әсіресе, жаппай экономиканы тежеп тастады. Bloomberg ақпараттық порталының 2020 жылы сәуірде жариялаған дерегін арқау етсек, тәжвирус әлемдік экономикаға 5 триллион доллар шығын әкелген. Осы тұста сауданың көркі қызбай, ел импорттың игілігін көруден қалып, экспорт шеңбері тарылды. Елден елге тасымалданатын тауарлар шекарадан аса алмай, қымбатшылық қаһарына мінді. Вирустың таралуын шектеуге арналған карантиндік талаптар, әлеуметтік арақашықтық шағын және орта бизнестің ісін ілгерілетпеді. Аталған нысандарда қызмет ететін қарапайым халық табысынан қағылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық Еңбек бөлімі 2020 жылдың алғашқы 9 айында-ақ жер шарындағы жұмыс уақытының 11,7 пайызы қысқартылғанын мәлімдеді. Көрсеткіш 323 миллион тұрақты жұмыстың тоқтатылғанын аңғартады. Бұл дерек, сәйкесінше, еңбек нарығын құрайтын субъектілердің күнкөріс деңгейінің қиындағанын айғақтайды. Жұмыс уақытының қысқаруы жаһандық экономиканы 3,5 триллион доллар табыстан қақты. Билік мемлекеттің басты байлығына баланған адамзаттың әлеуметтік ахуалын әлсіретпей, әлдендіру мақсатында қазынадан қыруар қаржы бөлуге мәжбүр болды. Бұл әлем елдеріне ортақ картина еді. Осы орайда қазақстандық үкімет те табысы  күнкөріс шегінен аспайтын азаматтарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындағаны жұртшылық жадында. Осындай ойламаған вирустың тосыннан көлденең тартуы бюджетке айтарлықтай салмақ түсірді. Короновирустың кесірі туризм, қонақүй, ресторан бизнесімен бірге транспорт, логистика салаларының кенжелеуіне әкелді. Сондай-ақ, офлайн-сервис ұсынатын фитнес, кинотеатр, сұлулық салоны сияқты экономикалық секторлардың жұмысы жүрмеді.

Дегенмен барлық кәсіпкерлік нысандар мен салалық бизнес барынан айрылды деуге негіз жоқ. Короновирус әлемге үйден шықпай сауда жасап, қажетін өтеуге болатын өнегені өрістетті. Ортаға онлайн сауда қосылғанда экономикаға жаңа леп есті. Тауарлар мен азық-түлік, тамақ тасымалдайтын компаниялармен МеdTech қашықтықтан медициналық көмек көрсету, медициналық дәрі-дәрмек, құрал-жабдық өндіретін салалардың бойына қайта қан жүрді. Ал қаржыны қарыштатудың басты бағытына әлеуметтік желідегі онлайн сауда мен қызмет көрсету сервисі баланды. Collires инвестициялық басқару компаниясының негіздеуінше әлемнің 73 мемлекеті кәсіпкерлік қайта қанат жаюы үшін нақты реформалар қабылдаған. Бүгінде жершары жұмылып тәжтажалдың тегеурінін тежеуді көздеп, ғылым жетістігі вакцинациялауға бет бұрды. Демек, жақын болашақта экономиканың көлегейлі тұсын күн шалмақ!

                                                       Дана Жобалаева

Тұран университеті 3-курс

                                                              

Пікірлер