Дұрыс тамақтануды неден бастау керек?

255
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Тамақты таңдау денсаулығымызға тікелей әсер етеді. Тағам бұл біздің мүшелеріміз үшін энергия, күш-қуат беретіні белгілі. Адам ағзасы барлық қажетті заттарды тамақ пен су арқылы алады. Азық-түлік өнімдерінің құрамы және олардың қасиеттері денсаулыққа, физикалық дамуға, еңбек қабілеттілігіне, эмоционалды күйіне және жалпы өмір сүру сапасы мен ұзақтығына тікелей байланысты. Сондықтан дұрыс тамақтану - салауатты өмір салтының маңызды шарттарының бірі.

Сау денеде - сау ақыл демекші, дененің барлық өмірлік функциялары: тіндер мен жасушалардың даму көзі, олардың үнемі жаңаруы, адамның энергияға қанығуы – пайдаланған асқа байланысты. Дұрыс тамақтанбаудың салдарына физикалық және психикалық даму деңгейінің төмендеуі, тез шаршауы, қоршаған ортаның қолайсыз факторларының әсеріне қарсы тұра алмауы, тіпті ерте қартаю және өмір сүру жасының төмендеуі жатады.

Ендеше, дұрыс тамақтануды неден бастау керек? Бастапқы 5 ережені есте сақтау жөн!

№1 ереже. Фаст-фудты мәңгі ұмытып, тәттілерді көп пайдаланбауға тырысыңыз.

№2 ереже. Мүмкіндігінше маусымдық тағамдарды қолданыңыз - олардың құрамында максималды қоректік заттар бар. Жылыжайларда өсірілген немесе алыстан әкелінген қысқы көкөністер мен жемістер химиялық заттармен өңдеудің және ұзақ уақыт сақтаудың арқасында барлық артықшылықтарын жоғалтып қана қоймай, нитраттар мен басқа да зиянды химиялық қосылыстардың қайнар көзіне айналады.

№ 3 ереже. Тазартылған тағамдарды пайдалануды шектеңіз: қант, өсімдік майы, ақ бидай ұны, тазартылған ақ күріш. Олардың құрамында ас қорыту жолдарының жұмыс істеуіне қажет және ішекте тұратын пайдалы бактерияларды тамақтандыру үшін өте маңызды клетчатка болмайды. Сондықтан ақ нанның орнына қара нанды жеп, тазартылған ақ қантты қоңыр қантпен немесе балмен алмастыруға болады.

№ 4 ереже. Суды көп ішіңіз. Шай, кофе және тәтті шырындар суды алмастырмайды. Дене күніне 1 кг дене салмағына кем дегенде 30-35 мл сұйықтық алу керек. Мысалы, 50 кг салмаққа 1,7 л су қажет.

№ 5 ереже. Ақуызды тағамдар туралы ұмытпаңыз. Бұл сізге ұзақ уақыт бойы қанықтылық сезімін бере алады, сонымен қатар ақуыздар аминқышқылдарға бай. Олар денеге бұлшықет етін құрып, ескірген жасушаларды алмастыру үшін қажет. Ақуызға бай тағамға әр түрлі ет, балық, кальмар, жаңғақ, саңырауқұлақ, кейбір бұршақ тұқымдастары, жұмыртқа, сүзбе жатады.

Осындай негізгі ережелерге назар аударып, ағзаңызды уақыт өте келе дұрыс тамақтануға үйретсеңіз, болашақта денеңіз бен денсаулығыңыз алғысын білдіреді. Бірақ тамақтану режиміңізді тым тез өзгертпеңіз, бұл кері әсерге әкеліп соғады. Сіз өзгеріске жоспарлы түрде барып, тамақтануды біртіндеп теңгерімге келтіргеніңіз жөн. Фанатикалық құлшыныс оң нәтиже бермейді.

Софья Ахметжанова

Пікірлер
Редакция таңдауы