Тынымсыз Тоқтағазин

2903
Adyrna.kz Telegram

Эссе

«Қобыратып түнiмен көп қағазын...»

Баяғыда-ақ от еді,
Бәріне тез жетеді.
Баспалдақтың бесеуін,
Бір-ақ аттап өтеді...
(Журналистік фольклордан)

Әр дәуiрде белгiлi бiр қаламгердiң тынысы ашылады. Сол секiлдi белгiлi бiр кезеңде өте танымалдығымен ерекшеленетiн журналистер де болады. Бiраз уақыт бойы ел аузынан түспеген әлеуетті әрiптестерiмiздiң бiрi – Мұратбек Тоқтағазин. Сонау сексенiншi жылдардың басында университетке оқуға түскенде оны танымайтын қатарласы жоқ едi. Себебi бойы бiр тұтам семейлiк мектеп оқушысы екi альбомға желiмдеп, жүзден аса мақаласын ала келдi. Қолында әйгiлi «Қазақстан пионерi» газетiнiң тiлшiсi» деген куәлiгi бар. Онысын байқаусызда қалтасынан түсiрiп алған болып, ауық-ауық жұртқа көрсетiп қояды. Өзi жердiң құртындай болғанымен, сөзi деген iрi. Маңғазданып сөйлейдi. Оқуға түспей қалам деген қаупi мүлде жоқ. «Кеше Фариза апайға кiрiп шықтым. Мұхтар Шаханов ағай қайда отырады екен? Оралхан Бөкеевке жолығуым керек едi? Сендер кiмсiңдер өзi? Араларыңда бiздiң газеттiң Әнуарбек Әуелбеков деген тiлшiсi бар ма?». Жүз мақала түгiлi жүз жол жазбай оқуға түсуге талпынған бiздiң бiраз тұстасымыз атышулы Тоқтағазиннен кәдiмгiдей ығады. Атақты бала тiлшiмен терезесi теңесiп, қылқиып құшақтасып амандасып жатқан Әнуарбекке елдiң бәрi қызыға қарайды. Сынақтардың бәрiнен секiрiп өтiп, Тоқтағазин түстi оқуға. Түстi де дөңгеленте жөнелдi. Редакция мен екi ортаға күнiге жүз қатынайтын шығар. Сондай бiр тынымсыз бала. Сабаққа да өлiмiн салады. Жанығып жүрген бiреу. Бiрақ бала тiлшiнiң сонысымен беделi аспандап тұр. Салақұлаш мақалаларын «Лениншiл жас» пен «Социалистiк Қазақстан» кезек-кезек басады да жатады. Мақаласы жарық көрген күнi мәз болады. «Бүгiн газет жақсы шығыпты!», – деп жатақхананың бар бөлмесiн аралап шығады. Өзi жиiрек баратын редакцияларына кейiн бiздi де сүйреп баратын болды.
Студент кезiмiзде КазГУ-дiң қалашығында тұратын журналистер мен филологтар түгел бiлетiн мынадай екi-ақ жол өлең болды:

Қобыратып түнiмен көп қағазын,
Отырады Мұратбек Тоқтағазин.

Бұл өлең жар құлағы жастыққа тимей, ертелi-кеш жүгiретiн де жүретiн бала Мұратбектiң сол кездегi кейпiн дәл танытатын. Таңертең құлқын сәрiден тұрып алып, жазу үстелiне отырады. Сабаққа барып келiп, қайта жазады. Күнiмен, түнiмен жазады. Түннiң бiр уағында бала шаршай бастайды. Сонда да үстелден тұрмайды. Қолында қаламы, ұйқылы-ояу, басы салбырап, мәңгiрiп отырады. Ол кездегi үшiншi курстың студентi, кейiнгi министрiмiз Алтынбек Сәрсенбаев бiрiншi курстың ботатiрсек бозбаласына жаны ашып, ауық-ауық келiп, «Мынаны жатқызыңдар, әйтпесе зорығып кетедi», – деп, ескертiп қояды. Сөйтiп, бiз Тоқтағазиннiң жазуын жабылып, жалынып жүрiп тоқтатып, ұйықтауға әзер көндiремiз. «Уһ, бәрiмiз жан-жақтан қаумалап жүрiп, аюды апанына кiргiздiк-ау!» – дейдi жiгiттердiң бiрi. Ол ұйықтаса, шамды сөндiрiп, бiз де төсекке қисаямыз.

Сол жылдары студент ақындардың айтысы ендi ғана жандана бастаған болатын. Курстың атынан айтысатын ақындардың бәрi Тоқтағазиндi жырға қосады. Кiмiң бар дегенде ауызға түсетiн мықтымыз соның өзi. Iшiмiздегi кiшiмiз сол болған соң, қалжыңмен қажаймыз да жүремiз.

Кемшiлiк сенен де бар, менен де бар,
Жұрт отыр жаңалыққа елеңдеп әр.
«Лениншiл жас» газетiнiң бетiн бермес,
Бiздерде Тоқтағазин деген де бар!

Бұл – жоғарғы курстағы Fабдолла Бұлановқа бiздiң курстағы Бауыржан Үсеновтiң айтқаны.

Бiздерде мақсат – биiк, мұрат – керiм.
Жүремiз қаржы қорын құрап тегiн.
Фестивальге аударды елу сомын,
Активист Тоқтағазин Мұратбегiм.

Бiзге де, сендерге де жарасыпты ән,
Төске озып, талай балам дара шыққан.
Мұратбек ГДР-да ән шырқаған,
Айғаным аспай жүр ғой қалашықтан!

Бұл – бiздiң сол кездегi танымал сатирик айтыскер, кейiннен белгiлi суретшiге айналған Ерсайын Жапаққа айтқанымыз. Айтып отырғанымыздың бәрi дәлелдi. Үздiк оқитын Мұратбек стипендиясының бiр тиынын қалдырмай, Мәскеуде өтетiн Жастар мен студенттердiң Бүкiлдүниежүзiлiк фестивалiнiң қорына аударып жiберiп, өзi бiр ай бойы аш жүрген. Бұрынғы одақтың беделдi жоғары оқу орындарының үздiк студенттерiнен құралған халықаралық студенттер отрядының құрамында Германияға барып, жұмыс iстеп қайтқаны да рас. Әрине, Мұратбектiң барылдаған жарықшақ даусы Ерсайын ақынның курстасы – ҚазГУ қалашығының бұлбұлы Айғаным Мұсаеваның әсем дауысымен салыстырғанда түкке тұрмайды. Бiрақ бiздiң курстасымыз сол адамның құтын қашыратын әрi үрей шақыратын зор үнiмен сонау Берлинде, Одер өзенiнiң бойында «Сырғалы жеңгей сыртыңнан, Fашық едiм былтырдан», – деп дарылдап ән салса, неге айтпаймыз? Германиядан бос қайтпады. Бiрнеше мақалаларға жүк боларлық деректер ала келiптi. Әсiресе, жұрт үшiншi курс студентiнiң атақты «Азаттық солдаты» туралы «Миллиондар жүрегiндегi монумент» атты танымдық мақаласына тәнтi болды. Ал Мәскеуге барып-келу дегенiң жоғары дәрежелi стипендия алатын әрi мақала жазып, ай сайын буда-буда ақша ұстап жүретiн Мұратбекке түк емес едi.

Жанкештiлiктiң бейнесiн танытатын Тоқтағазиннiң жүрiс-тұрысына ересек студенттердiң өзi назар аудара бастады. Жоғарғы курста оқитын студент әпкелерiмiз: «Осы сендермен бiрге оқитын Тоқтағазин деген кiм өзi? Жатақхананың төрт-бес баспалдағын бiр-ақ аттап жүретiн ана бiр бала ма?» – деп сұрайтын. Ол өмiр жолында да төрт-бес баспалдақты бiр-ақ аттап өсе бастады. Сондықтан кейбiреулерге ұнаған жоқ. Ол жап-жас болса да, журналистикаға алапат күш-қуат әкелдi. Тәртiбi темiрдей, дiнi қатты декан Темiрбек Қожакеев Мұратбектiң әр iсiне разы болатын.

«Айтып жүруге уақытым жоқ...»

Тұйық емес ол да аса,
Топты жарар толғаса.
Тойдың сәні келер ме,
Тоқтағазин болмаса!
(Журналистік фольклордан)

Студент болса да, күн ұзаққа газет-журнал жақта жүреді. Барады да құлаш-құлаш тапсырма алып келеді. Ертеңіне соны орындап болып, құлдыраңдап отырып, редакцияға жеткізіп тастайды. Арғы күні онысы газет бетінде жарқ ете қалады. Сондай жауапты дүниелерді басылымдардағы айбарлы ағайлар мен ақылды апайлар журфактың шиборбай студентіне қалай ғана сеніп тапсырады, бұл біз үшін жұмбақ. Өзінің танымайтын адамы жоқ. «Әй, сорлы, кешке дейін не істейсің жатақта? Жүр, «Лениншіл жасқа» барайық, Жанболат Аупбаевпен таныстырамын», – дейді бізге. «Кетші-ей, Аупбаев сені қайтсін?!». «Өй, ол – менің жездем, біздің ауылдың Ләззат деген әдемі қызына үйленген». Осы, міне, мықтылардың бәрі әйтеуір соның бір жақыны...

Сүйретіліп соңынан ілесем. Ол танауы шуылдап жүріп бес-алты есікке кіреді. Мен де одан қапталдасып қалмаймын. Айбынды ағайлармен терезесін тең ұстап еркін сөйлеседі. «Бірдеңе шығатын бала», – деп бізді де таныстырып қоюды ұмытпайды. Тағы да тапсырма аламыз. Түнімен кірпік ілмейтін болдық енді. Үркер ауып, ұйқы қысқанда тынымсыз Тоқтағазинді иттің етінен жек көріп отырам. Таңертең басымыз қазандай болып, Тетя Настяның ауылынан келетін 68-автобусқа мініп, «Лениншіл жасқа» тартамыз. Соны өзі апарып берсе де болады ғой... Жоқ, қаныңды қасықтап ішіп, қасына ертіп кетеді. Бірақ енді әлгі апарған дүниеңді аты мәшһүр ағайлар мен тиянақты тәтейлер көп жөндемей, бірден нөмірге жөнелтіп жатқанын көргенде кеудеңді қуаныш кернейді. Сосын соңына салпақтап еріп жүрген серігіңнің жердің жыртығын жамайтын өткірдің өткірі екеніне көзің жетеді. Біз болсақ, аюдай ақырған газет басшылары түгілі мұрнына құрт түспеген практикантпен де дұрыстап сөйлесе алмай, мияулап қайтып келер едік. Ал бұл тас жарып, тау төңкереді. Ертеңіне жазған мақаламыз «Лениншіл жастың» айналдырған төрт бетінің бір бетін еркін жайлап жатады. Ал, қуан, ал секір... Сен бала қиялыңмен әуре болып, жымыңдап жатқанда, ол келесі тапсырмаға тас-түйін дайын отырады. Біздің жас күнімізде мынадай бір жаңылтпаш үлгісіндегі сықақ өлең бар-ды. «Әуелі мен оны сүйреп бардым, Әдепкіде сирек барды. Кейін жиірек барды. Қазір ол мені сүйреп барады». Сол сияқты мен де Тоқтағазинді онша жақтырмай жүрсем де, «Жатталып, ақ Мурканың аузында аты, Телміріп таста отырып жазған хаты», – деп томпаңдап ізінен қалмайтын болдым. Осы күнгі тілмен айтқанда, ол менің алғашқы продюсеріме айналды. Ақиқаты осы, бізді жазу әлеміндегі белсенді харекетшілдікке сол алып келді. Бірақ пәрменді продюсеріме арада көп жыл өткенде өзім продюсер болам деп кім ойлапты...

Қарымды қаламгер, ұлағатты ұстаз Сейдахмет аға туралы жазған «Біз білмейтін Бердіқұлов» деген мақаламда Мұратбек досыма қатысты мынадай бір деталь бар. Жұртты үзілдірмей үзінді ала салайық:

«Бесiншi курсты бiтiретiн жылы сала құлаш қабырға газетiн шығаратын болдық. Ұзындығы он екi метр қарабайыр «бұқаралық ақпарат құралының» редакторы – курсымызда көп жазу жағынан ешкiмге ұпай бермей тұрған Мұратбек Тоқтағазин. Өзi керемет пысық. Бiр ұйықтап оянады да, ғаламат идеяларды өмiрге әкеледi. «Қызық болсын, – дедi бiр күнi, – Қазақстанның ең мықты басылымдарының бас редакторларына сол мекеменiң фирмалық бланкасына бiздiң газетке арнап тiлек жаздырып әкелейiн бе?».

– Олар сенi қайтсiн! Жаздыра алмайсың!
– Жаздырам!

Дүниеде қайраудан артық қуат беретiн нәрсе жоқ. Оның үстiне бұл Мұратбек – iстеймiн дегенiн iстейтiн жұлымырдың жұлымыры. Содан ол сабақты жиып қойып, танауы шуылдап, газет-журналдардың шоғырланған жерi – Максим Горький көшесiндегi, 50-шi үйдi бетке алып тартып отырды. Кешке қарай сол екпiнiмен бесiншi жатақхананың баспалдақтарының бес-алтауын бiр-ақ аттап, бөлмемiзге оралды. Келе сала бiрнеше басылымның фирмалық бланкасын көз алдымызға көлбеңдеттi. «Өй, мына жынды шынымен алып келiптi!», – деп, бүгiнгi күнгi «Астана ақшамы» газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары, ол кездегi ботатiрсек бозбала Талғат Батырханов қағаздарға жармасты.

Былай болыпты. Бiздiң «Алып келе алмайсың» деген қайрау сөзiмiзге намыстанған Мұратбек салып отырып «Социалистiк Қазақстаннан» бiр-ақ шығады. Сырттан бiр құшақ жел ала кiрген досымызға байсалды Балғабек Қыдырбекұлы: «Айналайын, дұрыс, бiрақ iстеп жүргендерiң баланың ойыны ғой, жарайды, бара ғой…», – дейдi. «Қой, үлкенiнен бастағаным дұрыс болмады, ендi кiшкентайына барайын». «Қазақстан пионерiнiң» бас редакторы Уәлихан Қалижанов сөзге келмейдi. Сойдақтатып жазып бередi. «Бiлiм және еңбектiң» бас редакторы Ақселеу Сейдiмбеков: «Газеттерiңнiң аты «Эпилог» дейсiң бе, iм-м-м… орысшалау екен. Дегенмен, тiлек жазып берейiн», – дейдi. Ендiгi бағыт – қай кезде де қаламы мұқалып көрмеген «Лениншiл жас». Атақ-даңқы дүрiлдеп тұрған Сейдахмет Бердiқұлов қабырға газетiнiң адуынды редакторын сыпайылықпен қабылдайды. Бұл сыпайылыққа бойы үйренген соң Мұратбек:

– Аға, Уәлихан аға да, Ақселеу аға да жазды. Ендi сiз де жазыңыз, – дейдi батылданып. Бердiқұлов басын көтерiп алып, бiр қарайды.

– Аға, жаңағы сөзiмдi Ақселеу ағаға айтпай-ақ қойыңызшы, – дейдi Мұратбек ұялған тек тұрмастың кейпiн танытып. Бердiқұлов жақтырмай тағы бiр қарайды. Сосын қағазына қайта үңiлiп жазып жатып:

– Оған барып айтып жүруге уақытым жоқ, – дейдi. Кейiн Бердiқұловтың осы сөзi студенттер арасында жиi айтылатын мәтелге айналып кеттi».

Мұратбек Тоқтағазин оқу бiтiрген соң, «Социалистiк Қазақстанда» қалуға әзiрленiп жатты. Атышулы «СҚ»-да Мұратбектi бiлмейтiн адам жоқ едi. Тапсырмаларын бұлжытпай орындап тұрған қаршадай ғана қара балаға сүйсiне ме, әйтеуiр ағаларымыздың бәрi де Мұратбекке жылы қабақ танытты. Ол кездегi Мұратбектiң беделiне жан баласының бәрi қызығады. Сол Тоқтағазиннiң оқу бiтiре сала, «СҚ»-да сықиып отыратынына күмән жоқ-ты. «СҚ»-дағылар нақты уәде бермесе де, беймаза баланың өз ұжымдарына келуiне онша қарсы болмаған сияқты. Әне-мiне деп отырғанда бiр күнi студенттер аудиториясына келiстi екi жiгiт ағасы кiрiп келдi де, Мұратбектiң бүкiл өмiрiн өзгертiп жiбердi. Екеуi де ақсары, найзадай тiп-тiк. Бiреуiн таныдық. «Бiлiм және еңбек» журналының бас редакторы Ақселеу Сейдiмбеков. «Жәнiбек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген эпиграмманың дүрiлдеп тұрған кезi. Екiншiсiн Ақаң өзi таныстырды. Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетi бас редакторының орынбасары Жомарт Әбдiхалықов екен. Екеуi де бипаздап сөйлейдi. Сөзге бiрiнен-бiрi өткен шешен. Ағыла жөнелдi. Шетiмiзден ери бастадық. Iшкi әлемiмiздi алай-түлей еткен әдемi әңгiмелерден ұққанымыз, журналист қанша жерден ғұлама болса да, өмiр жолын алыстағы аймақтарға барып еңбек етуден бастауы керек екен. Шерағаң да сөйтiптi, Сейдағаң да сөйтiптi, Фариза апамыз да, Мұхтар ағамыз да тура солай iстептi. Мына алдымызда сөйлеп отырған шешен ағаларымыз да осы жолдан өткен. Ал сонда Алматыға қаламыз деп арманда болып жүрген мына бiзге не болған өзi!? Ақселеу аға сөзiнiң аяғын былай бiтiрдi: «Қысқасы, бiз биыл оқу бiтiретiн, бiрi «Социалистiк Қазақстанды», бiрi «Лениншiл жасты» көздеп отырған мына екi жiгiттi Целиноградтың облыстық газетiне шақыра келдiк. Үй де болады, күй де болады!». Ағалар айтып отырған екеудiң бiрi Мұратбек едi де, екiншiсi мен едiм.

Мен бiр-ақ сәтте миымды жаулаған романтиканың құрсауынан тез шығып, есiмдi жиып алдым да, Алматыда қалып қойдым. Ал Мұратбек елге белгiлi екi ағасының сөзiн жықпай, Арқаны бетке алды. Сол кеткеннен мол кеттi. Әдетте, сыртқа кеткен журналистер бiрер жылдан соң астанаға қайтып оралатын. Ол қозғалған жоқ. Қайта соның соңынан кейiн күллi астана көшiп барды...

 

«Ертең «Егеменге шығарам...»

Аппақ оның жүрегі,
Арманға еріп жүреді.
Аспандағы пойызды,
Айтады да күледі!
(Журналистік фольклордан)

Мұратбек қарымды қаламы арқылы Арқа төсiндегi ұлы дүбiрге үн қосты. Тыңгерлердiң ортасында түнеп, алқаптың тынысын танытты. Еңбек адамдарының бейнесiн шынайы көрсетуге тырысты. Жетiстiктердi дәрiптеп, кемшiн тұстар кездессе, сынның садағын кезедi. Облыстық газетте қызмет iстеп жүрсе де, өзi бұрынан аралас-құраластығы бар республикалық басылымдармен байланысын үзген жоқ.

Құрдастары «Мұратбек билiкке бiр табан iлiктiрсе болды, көп ұзамай өсе бастайды», – деп қалжың айтады. Шынында да, солай едi. Тiптi «Мұратбектi КПСС Орталық Комитетiнiң Бас хатшысы етiп сайласа да, бiр-екi күн қиналып iстеп кетер едi», – деп әзiлдейтiнбiз. Студент кезiнде университет комсомол комитетiнiң мүшесi болды. Ақмолаға келген соң облыстық комсомол комитетiнiң бюро мүшелiгiне сайланды. Ол жылдары өрiмдей жас журналистiң мұндай деңгейге көтерiлуi өте қиын едi. Сөйтiп жүргенде, қалалық кеңеске депутаттыққа ұсынылды.

Бұл да сирек кездесетiн жайт. Әдетте, басылымның басшылары ғана депутаттыққа сайланатын. Ал бұл болса бар болғаны облыстық газеттiң жап-жас қызметкерi. Бiр күнi оны облыстық газеттiң бас редакторы Октябрь Әлiбеков шақырды. Бөлмесiнде өзiнiң орынбасары Жомарт Әбдiхалықов екеуi отыр екен. «Шырағым! – дедi Октябрь аға. – Бiз талай рет депутат болып көрдiк. Ендiгi үмiт – жастарда. Мына Жомарт ағаң екеумiз ақылдасып, сенi қалалық кеңестiң депутаттығына ұсынғалы отырмыз».

Содан үш адам кандидат болып бәсекеге түстi. Жастар сарайының директоры, насос зауытының жұмысшысы және жиырма бес жастағы Мұратбек. Сайлаушылардың сексен пайызы – басқа ұлт өкiлдерi. Екiншi турда Жастар сарайының директоры екеуi қайта сайысқа түстi. Ақыры жеңiп шықты. Бұдан кейiн онсыз да тыпыршып, қолды-аяққа тұрмайтын жас журналист әбден күшiне мiндi. Сайлаушылардың аманатын орындауға құлшына кiрiстi. Елдiң арыз-шағымын тыңдап алып, мекемелердiң басшыларына барады. Депутат екенiн айтады. Журналист екенiн еске сала кетудi де ұмытпайды. Орындалмаса, қып-қызыл шатақ шығарады. Басқа келмесе де, сол қолынан келедi. Өзi қалалық кеңестегi ең жас депутат болды.

Бұл – елде рухани сананың оянып, ұлттық рухтың көтерiлген шағы едi. Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамынан бiрнеше жыл бұрын құрылған «Тiл және мәдениет» қоғамы ұлтжанды жастарды төңiрегiне топтастырды. Сол жылдарда Алдан Смайыл, Жұматай Сабыржанұлы, Жылқыбай Жағыпаров сынды жазушылар мен журналистердiң қаламгерлiкке қоса қайраткерлiк мiндеттi де арқалағанын ұмытпаған жөн. Арқа төсiнен бар қазаққа үн қатқан «Қараөткел» газетi рухани самарқаулықтың бетiн тiлгiлеп жатты. Газет облыстағы барлық басшылардың тiзiмiн жариялады. Халық олардың iшiнде қазақтардың саны өте аз екенiн көрдi. Ұлттың рухын көтеретiн мақалалар көптеп ұсыныла бастады. Мiне, осы тұста жiгерлi жас жiгiт ағаларының соңынан iлестi. Бұл жылдарда Ақмола атауын қайтару туралы мәселенi қала зиялылары бiртiндеп қоғамның санасына сiңiрді. Ал осы идеяны iске асыруға қалалық кеңестегi жас депутаттың мүмкiндiгi мол едi.

Әйтсе де, бұл шаруа оңайға түспедi. Өйткенi депутаттардың он бес пайызы ғана қазақтар. Оның iшiнде бас көтеретiндерi саусақпен санарлық қана. Қаладағы жалғыз қазақ мектебiнiң директоры Жұмабике Әрпенова, қалалық кеңестiң төрағасы Иран Жүнiсов қос қолын көтерiп қолдады. Сондай-ақ қолдамайтындар да жеткiлiктi болды. Олардың айтар уәжi мықты. «Мұны өзгерту үшiн миллиондаған қаржы керек. Оны қаланың бюджетi көтермейдi», – дейдi. Жас депутат Иран Жүнiсовке келедi. «Мен кеше ғана Горькийдiң атын ауыстырған Нижний Новгородқа барып қайтайын. Мәселенi жан-жақты зерттеп көрейiн», – дейдi. Ертеңiне буынып-түйiнiп, сапарға шығып кетедi. Сөйтсе, бiр жарым миллионнан астам тұрғыны бар Нижний Новгородтың атын өзгертуге 359 мың сом ғана жұмсалыпты. Ендеше, халқының саны алты есе аз шағын қаланың атауын ауыстыруға кейбiр депутаттар айтып жүргендей жетi-сегiз миллион сом кетпейтiнi анық болды.

Екi ортада бала кезiнен бауырға тартып келе жатқан Ержұман Смайыл ағасы қызметке шақырды. Мұратбек «Социалистiк Қазақстанның» Целиноград облысындағы меншiктi тiлшiсi болып бекiтiлдi. Бұл бүгiнгi «Егемендi» айбатты Шерағаң мен қайратты Ерағаңның басқаратын кезi. Ақмола атауы үшiн айқасқа «Егеменнiң» қалың қолы қосылды. Осы тұста әрi газет тiлшiсi, әрi депутат – жас сарбаздың ұран салған үнi айрықша шықты. Оның үстiне ол қалалық кеңестiң Ақмола атауын қайтару мәселесi жөнiндегi қоғамдық пiкiрдi зерттеу комиссиясының қосалқы төрағасы едi. Сессияда сөз сөйлеп, қарсы дауыс бергендердiң салдарынан төрағаның өткізе алмай, «құлатып» алған мәселесiн құлағынан көтерiп, күн тәртiбiне қайта қосқан кезi де болды.

Мұратбектiң «Ақмола атауы үшiн айқас» атты мақаласы «Социалистiк Қазақстанда» жарық көргеннен кейiн қалалық кеңес қаптаған хат нөпiрiнiң астында қалды. Редакция төрт-бес мәрте арнайы топтама жариялады. Мәселенiң оң шешiмiн табуы үшiн Мұратбекке кейбiр депутаттарды көндiруге тура келдi. «Қазақтың жерiнде жүрсiңдер ғой. Қазанымызға ас салып берiңдер деп отырғанымыз жоқ. Тарихи атауымызды қайтарып беруге көмектесiңдер», – дедi. Олардың бiразымен Жұмабике Әрпенова да сөйлестi.

– Ақыры жеңiп шықтық, – дейдi Мұратбек. – Шешiмдi облыстық кеңеске жiбердiк. Одан әрi Алматыға жол тартуға тиiс. Бiрақ облыстың сол кездегi басшысы А.Г.Браун құжатты бiраз ұстады. Мен оған күнде «вертушкамен» телефон соғамын. «Қарсы емеспiн, – дейдi ол. – Әйтсе де, әр нәрсенiң өз уақыты келедi». «Жоқ, сiз қарсы болып отырсыз ғой, – деймiн мен. – Күнi ертең «Егеменге» сiз туралы сын мақала жариялаймын. Бiрiншi бетке шығады!». Өстiп қоқиланып қоямын. Сондағы сенiп отырғаным – алдымен батыл бас редакторым Шерхан Мұртаза, содан соң депутаттық мандатым. Ақыры мақаланы жазып тындым. Ол кезде облыстың бiрiншi басшысы туралы жас тiлшiнiң сын мақала жазуы арыстанның аузына басыңды тыққанмен бiрдей болатын. Браунның Асқар Тегжанов деген көмекшiсi бар едi. Сол хабарласты. «Мәке, не iстедiң сен?» – дейдi. «Не iстейiн? Сынадым! Маған үй бермедi, мәшине бермедi деп сынап отырғаным жоқ. Ата-бабамның шоқпардың күшiмен, найзаның ұшымен қорғаған жерiнiң атауын қайтаруға мүмкiндiк беретiн құжатты неге тиiстi жерге жiбермей, жамбасқа басып отырады?». «Жарайды, Андрей Георгиевич сөйлескiсi келiп отыр». Бұл буырқанып тұрған бұрынғы Браун емес едi. Былай дедi: «Мұратбек Балқыбекович! Бiз екеумiздiң арамыз жаман емес едi ғой. Бүкiл республикаға аймаңдай қылғаның не?». «Ендi бiздiң өтiнiшiмiзге құлақ аспай қойсаңыз қайтемiз? Құжатты әлi де ұстайтын болсаңыз, тағы да жазам, – дедiм батылданып. – Ертең сағат үшке дейiн жiбергенiңiз дұрыс болар». Браунның буынын босатып, қаршадай менiмен санастырып қойған еңселi «Егеменiмнiң» құдiретi едi. Құжат сол уәделескен күнi жiберiлдi. Бұл шешiмнiң хаттамасы Алматыдағы мемлекеттiк ономастика комиссиясына түседi. Оның төрағасы, қазақ руханиятының қара нары, ұлтжанды ағамыз Мырзатай Жолдасбеков құжат түскен бойда бар шаруасын жинап қойып, комиссияны жинайды. Ол кiсiнiң күтiп отырғаны да сол екен. Сөйтiп, екi-ақ күнде бекiтiп бердi ғой Мырзекең.

Мұратбек кейiннен газеттiң Астанадағы тiлшiлер қосынын басқарды. Талай адамның тағдырына араша түстi. Ауылдың әпербақан басшыларын жөнге салды. Жапа шеккендермен бiрге барып, сотқа қатысқан кезi де болды. Қала әкiмдiгi жариялаған «Қазақстан Республикасы астанасының үздiк журналисi» атты бәйгенiң бас жүлдесiн жеңiп алды. Өзi он жылдай қызмет iстеген «Егемен Қазақстан» редакциясының Астанаға көшуiне азды-көптi үлес қосты. Ең бастысы, ақпараттың ақ мылтығын мығым ұстады.

«Бір бала ғылым іздейді...»

Өткірлердің өткірі,
Өзінің де көп қыры.
Кандидаты қазақтың,
Беларусьтің докторы.
(Журналистік фольклордан)

Қазiргi жас буын Мұратбек Тоқтағазиндi алымды ақпаратшы ретінде көп бiле бермейдi. Олай болатын себебi де бар. Ана бiр жылы кейбiр ағаларымен келiсе алмай, бiр-ақ күнде қазақ журналистикасынан қазақ бизнесiне ауысып кеткен. Өзiнiң де мiнезi оңып тұрған жоқ. Жастай жетiстiкке жетiп жатты. Ептеп танымалдықтың желi ұрған болуы да мүмкiн. Мұратбек елдiң бәрiне бiрдей ұнайтын журналистердiң қатарына жатпайды. Бiреулер оның iшкi дүниесiне үңiлмей баға бередi. Бiр басында сан қырлы қасиет бар. Пысық. Бiрбеткей. Өлермен. Пысық болған соң, қызметi тез өстi. Бiрбеткей болған соң, оны ұната бермейтiндер де жеткiлiктi едi. Өлермен болса да, өзгенiң несiбесiне ортақтасқан жоқ. Өз қазанын қайнатты.

Журналистикадан өз орнын ойып тұрып алған жiгiт кәсiпкерлiктi де дөңгелентiп әкеттi. Шаруасы жайлы, несiбесi қомақты. Намысын жанып жүрiп, табысын молайтып алды. Содан бір күн айтты: «Битке өкпелеп, тонымды отқа жағыппын. Журналистикаға кайтып оралсам ба деп жүрмiн». «Дұрыс болар едi. Ол оралса, Ебiнiң желiндей алапат леп қоса келер едi», – дедік.

Қазақ журналистерiнiң бәрiнiң бапкерi болған Сейдахмет Бердiқұлов бiр қолтаңбасының соңына «Отыз жыл журналистиканың құлақ кестi құлы» деп қол қойып едi. Сол кiсi айтқандай, қай iсте де малтығуды бiлмейтiн Мұратбек Тоқтағазин – журналистиканың отымен кiрiп, күлiмен шыққан қаламгер. Баспасөздiң басқа сөзден айырмасы көп екенiн сан рет дәлелдеген жiгiттердiң бiрi. Заманның ыңғайына қарай қалталы баспасөз бен балталы баспасөз бiр-бiрiне ара-тұра көз алартып тұратын қазiргiдей кезеңде Тоқтағазиндердiң журналистикадағы жорға жүрiсiн сағынатынымыз рас. «Ол оралса, әрiптестерiнiң бiразына ақпараттың ақ мылтығымен нысананы қалай көздеудi үйретер едi. Әйтпесе, кейiнгi кезде мүлт кететiн болып жүрмiз бе қалай?...» деп топшылағанымыз рас.

Оралды! Бірақ ақпараттың қайнаған қазанына емес, ғылымның ғибратты ордасына келді. Ғылым болғанда да журналистиканың төңірегінен алыс емес киелі шаңыраққа қоныс тепті. Былай болған-ды. Бұл кезде біз қырыққа жетпей ғылыми еңбек қорғап алған, жалаңдаған жас доктор едік. Бір күні бір ой келді. Тынымсыз Тоқтағазиннің тұла бойына сыймай жүрген алапат күшін неге зерттеу ісіне пайдаланбасқа?! Сөйтіп, оған Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығына байланысты ғылыми тақырып бекітіп бердік. Содан бұл бірден жалпақ папкасын қолтықтап, Алматыға қарт қаламгерге сәлем беруге кетті. Кім-кімді де құрметпен қарсы алатын Әзағаң сол күні біреулер телефон соқса, «Маған Астанадан бір ғалым жігіт келіп отыр еді, кейінірек хабарласшы», – депті.

Осылайша тақырып бекіткен күннің ертеңіне-ақ ғалым атанған Мұратбек басты қамшыны. Кітапханаға барып, күні бойы кітап кемірді. Дамыл таппай, дерек пен дәйек іздеді. Бірге оқыған жігіттердің ішіндегі бұрынғы кейбір ізденушілеріміз құйрығын ұстатпай кетсе, бұл өзімізді қуалап, тыным таптырмайтын болды. «Не деген ғылымға ынтазар, беймаза бала? Ілім-білімге әбден шөлдеп өлуге қараған екен» дестік. Ғылыми жетекші ретінде қолды-аяққа тұрмайтын еті тірі елгезек ізденушімізге ақыл-кеңес беріп үлгере алмай жаттық. Ол да «арасында құс атып қоям» демекші, ара-тұра екі кештің арасында «Тальгоның» қуықтай тар купесіне жайғасып, Алматыға тартып отырады. Әзағаңмен әңгімелеседі. Кейіпкерімен кездесіп болған соң, архив ақтарады. Мәлімет тереді. Ертеңіне ентігіп елордаға жетеді. Қойшы әйтеуір, бір жылда апай-топайын шығарып, кандидаттық диссертациясын жазып жықты. «Енді қашан қорғаймын, осылай жүре берем бе?», – деп бізге ауық-ауық айбат шегіп, айқайлап кетеді. Шынын айтқанда, қайсымыздың жетекші, қайсымыздың ізденуші екенімізді түсінбей қалдық.

Еуразия ұлттық университетінің проректоры әрі диссертациялық кеңестің төрағасы Дихан Қамзабекұлы тыпыршып тұрған Тоқтағазинді бірден бәйгеге қосты. Ол көп ұзамай ғылыми еңбегін қорғап шықты. «Бір-екі-ақ жыл ептеп қана жан қинап, Біздің Мурка болып алды кандидат» деп өлеңдетіп жүріп бұл шаруаны да бітірдік-ау...

Содан ол университеттің журналистика және саясаттану факультетіне оқытушылыққа келіп, болашақ журналистерге дәріс бере бастады. Қазір осы оқу орнының профессоры. Өзі де жетекші болып, шәкірттеріне ғылыми еңбек қорғатудың қамында жүр. Ал кейіпкеріміздің өзі кандидаттықпен шектелуді жөн көрген жоқ. Үш-төрт жыл бұрын Беларусь мемлекеттік университетінің докторантурасына түскен. Тақырыбы, жаңылыспасам, эпистолярлық жанрдың бірнеше елдегі даму үлгілері дегенге келеді. Студент кезінде қыздардан хатты өте көп алушы еді, соған көрінген шығар, ақыры хаттарды зерттейтін ілім пешенесіне жазылыпты. Докторлық диссертациясын сәтті аяқтап, енді қорғауға шыға бергенде мына бір пандемиясы құрғыр жолды жауып тастады. Қауіп сейілсе, дереу буынып-түйініп, Минскіге қарай митыңдағалы отыр.

Бұрын түтінін будақтатып темекі тартатын. «Бір бала ғылым іздейді, бір бала шылым іздейді» деген әйгілі шымшыманы қайта-қайта айтып жүріп, шылымқорлығын әзер тоқтаттық. «Екеуінің біреуі болсайшы», – деген Амантай Шәріптің айтқанын қылды-ау әйтеуір.

Ғылымға миымен кетіп қалғандыкі ме, кім білсін, алуан түрлі идеялар Мұратбектің басында жүреді. Бір жылдары әлдебір елдерде жиі айтылып жүрген аспалы жолмен жүретін әуедегі пойыз мәселесін көтерушілер қозғалысына қосылып, қызыл танау болғаны бар. Сол жылдарда ол «Жердегі пойыздан аспандағы вагон артық» деген өзі шығарған мәтелді берік ұстанды. Бәріміз жабылып жүріп, ғылымның шалығы ұрған досымызды өйтіп-бүйтіп, аспалы жолдан дәстүрлі жолға әзір түсірдік. Содан бері әйтеуір ол жерде жүр...

Жұртқа қайыры мол. Адам ойына келмейтін нәрсені істейді. Талдықорған облысы тараған соң, қызметінен қағылып, Жетісуда жетімсіреп жүрген Талғат Батырханды елордаға алдырды. Жұмагүл Саухатқа қолқа салып, қалалық газет редакторының орынбасарлығына бір-ақ қонжитты. Өзі журфактың доценті болса да, бас редакторлар клубының вице-президенті. Бас редактор болмаса, оларды қалай игеріп жүр дейсіз бе?! Ойбай, мұның өзі де қызылкөз бас редактордың бірі. Тек бұл елордада тұрады.., ал басқаратын газеті Шымкенттен шығады... Ал "найзағайға нан пісіріп алатын" алақұйын бас редактор Шымкентті соңғы рет өткен ғасырда көрді-ау деймін... Тәуір жұмыс істеп жатыр да... Әйтпесе ширақ шымкенттіктер қайдағы бір көлденең көк аттыға ақпарат құралын сеніп тапсырушы ма еді?! Иә, епті адамға дауа жоқ... Жер түбіндегі африкалықтар жағдайын айтып, жақсылап қолқа салса да, біздің Мұратбек газет-журналын басқарып береді.

Айтпақшы, бұл әулетте тағы бiр намысқой, бiрбеткей Тоқтағазин өсiп келедi. Ол – Мұратбектiң үлкен ұлы Баубек. Тiл-аузымыз тасқа, өжеттiң өжетi. Астанадағы №4 мектеп-гимназияны үздiк бiтiрген соң алдына үлкен мақсат қойды. Жатпай-тұрмай дайындалып, Президенттiң «Болашақ» стипендиясын иелендi. Сол баяғы Тоқтағазиндердiң үрдiсi. Құдды Оралхан Бөкейдiң «Тоқадан қалған тұяқ» атты әйгiлi әңгiмесiндегiдей, түрi де, мiнез-құлқы да әкесiнен аумайды-ау, аумайды. Қашан шаршап, құлағанша кiтаптан бас көтермейдi. Ақыры Америка Құрама Штаттарынан университет бітіріп келді. Қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiнде төгiлдiрiп сөйлейдi. Баубектен кейінгі Бауыржан мен Бексұлтан да өте зерделі. Соған қарап тынымсыз Тоқтағазиндердің әлі де талай биікті игергенше толас таппайтынына көз жеткізесіз.

Әйтеуір біздің білетініміз, таудың төбесіне шыққанша тоқтамайтын қадірлі досымыздың Беларусь елінен докторлық диссертация қорғап келетін күні алыс емес!

* * *

Бүгін – Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Мұратбек Тоқтағазиннің туған күні! Ердің жасы – елу сегізге жеткенің құтты болсын! «Елорда мен Минскінің арасын, Жалғастырып жолға шығып барасың!», – деп жағымыз талғанша жырлап отыратын күндер тезірек келсін!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер