Атыс оқиғалары неге өршіп барады?

12886
Adyrna.kz Telegram

АҚШ-та ату, қасақана зиян келтіру деректері көбейген. Соның салдарынан Нью-Йорк губернаторы өткен аптада төтенше жағдай жариялаған деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "24.kz-ке" сілтеме жасап.

Биыл жыл басынан бері АҚШ-та 24 мыңнан астам атыс оқиғасы тіркеліпті. Қылмыстың бұл түрі күннен-күнге өршіп барады.

Осы аптада Нью-Йорктың Бронкс ауданында тағы бір жантүршігерлік оқиға болды. Белгісіз біреулер түскі сағат үштердің шамасында 13 жасар жасөспірімге тапаншадан оқ атып, бірнеше жерінен жарақаттаған. Жергілікті қылмыстық топтың құрбанына айналған қыршындай жас ауруханаға жетпестен қайтыс болған.

Жергілікті полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері бұл қалада 803 атыс оқиғасы тіркеліп, салдарынан 931 адам зардап шекті. Атыс қаруымен жасалатын қылмыстың күрт өсуіне байланысты Нью-Йорк губернаторы Эндрю Куомо штат аумағында төтенше жағдай жариялады.

– Біз ковид эпидемиясын жеңгендей болып едік, енді міне тағы бір эпидемияға тап болып отырмыз. Ол қару-жарақпен жасалып жатқан қылмыс эпидемиясы. Салдарынан халық жұмысқа баруға және көшеге шығуға қорқып отыр. Бұл мәселені бірігіп шешуіміз керек, — дейді Нью-йорк штатының губернаторы Эндрю Куомо.

Штат басшысы аталған проблеманы шешу жолына 139 млн доллар бөлінетінін мәлімдеді. Сонымен қатар қосымша 21 мың жаңа жұмыс күші тартылатыны белгілі болды. Алайда мәселенің төркіні қаржыландыру мен жұмыс күшінің жетіспеушілігінде емес, жүйелі реформалардың жүргізілмеуінде дейді тәуелсіз сарапшылар.

Ресми дерек бойынша, жыл сайын қарудан 40 мыңға жуық америкалық қайтыс болады. Арасында кәмелетке толмағандар да бар. Әсіресе латын және қара нәсілділер тұратын аудандағы балалардың атыс құрбаны болуы ақ америкалықтармен салыстырғанда 10 есе жоғары екен. Бұл бір ғана губернатордың емес, тұтас Конгрестің алаңдайтын мәселесі болып отыр. 

 

"Адырна" ұлттық порталы. 

Пікірлер