Үш туысын пышақтаған: сот үкімі шықты

504

Петропавлда үш туысын пышақтап, тағы екеуінің өміріне қастандық жасаған 30 жастағы ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысындағы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот бір үйлі жанның қанын мойнына жүктеген қанішерге үкім шығарды. «Өлтіру» және «Өмірге қастандық жасау» баптары бойынша айып тағылған 30 жастағы Бекболат Ғабдуллин өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Қайғылы жағдай наурыз айында Петропавлда болды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, алматылық Бекболат Ғабдуллин наурыздың 9-ы Нұр-Сұлтан қаласынан Петропавлға туыстарының үйіне қонаққа келеді. Ер адам еш жерде жұмыс істемеген. Құмар ойынға салынып, қарызға белшеден батқан екен.

«Жәбірленушілердің айтуынша, Ғабдуллин үй ішін аралап, үйдегі құнды заттарға қатысты қызығушылық білдірген. Осыдан-ақ оның туыстарын тонамақ болғаны байқалады. Үй иелеріне пышақпен ұмтылғанда да маған ақша керек деп айқайлаған», - дейді істі қараған судья Сергей Викторенко.

Наурыздың 10-ы күні Ғабдуллин араққа сылқия тойып келіп, сағат 02.30 шамасында шабуылын бастаған. Алдымен немере інісін темекі шегейік деген сылтаумен шақырып алып, арқасына бірнеше рет пышақ сұққан. жігіт көмекке шақыру үшін екінші қабатқа әжесінің бөлмесіне жүгіреді. Ондағы телефон арқылы қарама-қарсы тұратын туыстарына телефон соғып, есінен танып қалады. Ғабдуллин оның артынан жүгіріп кіріп, ұйқыдағы қарияны да пышақтайды. Кейін 48 жастағы тәтесіне де пышақ сұғады.

«Сотталушының жасаған қылмысы өте ауыр болғандықтан сот оны қоғам үшін қауіпті деп таныды. Сол себепті Ғабдуллин өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді», - дейді Сергей Викторенко.

Сондай-ақ Ғабдуллиннен жәбірленушілердің пайдасына 14,8 млн теңгеден астам материалдық және моральдық шығын өндірілді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар