АҚШ ұшақтары тәлібтерге соққы жасады

4895

Пентагон өкілі Джон Керби баспасөз конференциясы барысында АҚШ әскерилері Талибанның ұрыс позицияларына, соның ішінде стратегиялық маңызы бар Қандағар провинциясындағы тәлібтерге әуеден соққы жасағанын мәлімдеді. 

Khaama агенттігінің сөзіне қарағанда, әуе шабуылдары Ауғанстанның ұлттық қорғанысы мен қауіпсіздік күштерін қолдау мақсатында және Талибан қолға түсірген әскери техниканы жою бойынша іске асқан. Соққылар тәлібтер басып алған артиллериялық қару түрлері, көліктер мен танктерге жасалған. Ұшақтардың қайдан келгені айтылмады. Таяу Шығыста АҚШ ұшақтары орналастырылған әуежайлар жеткілікті. Соққылар Ауғанстан билігінің сұранысы бойынша жасалған.

АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Пентагондағы баспасөз конференциясында АҚШ үкіметі Ауғанстан қауіпсіздік күштері мен Ауғанстан үкіметіне көмектесуге бел буғанын айтты.

Остин сонымен қатар аймақта АҚШ-қа қауіп төндіретін Ауғанстаннан шығатын кез-келген ықтимал терроризм мен зорлық-зомбылықты қадағалап қана қоймай, сонымен қатар қауіп төнген жағдайда шара қолдануға қабілетті екендіктерін айтты.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы