Оңдасын БЕСІКБАСОВ: Театрда дубль жоқ

3719
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің мерейін асырып, абыройын көкке көтеріп жүрген ұлт мақтаныштарына кенде емеспіз. Ал өнер саласында мұндай жандар өте көп. Солардың бірі де бірегейі «Алатау» дәстүрлі өнер театрының актеры Оңдасын Бесікбасов.  Ол 1962 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Ақсуат ауылында  дүниеге келген. Біз театр және кино актерімен өнер жолындағы өсуі мен қалыптасуы жайында азды-кемді сұхбаттасқан едік.

Оңдасын Бесікбасов орта мектепті тәмәмдап, әскери борышын өтеп келгеннен кейін Семей қаласындағы мал дәрігерлік институтқа оқуға түседі. Білім алып жүріп, қосымша көркем өнерпаздар үйірмесін ұйымдастырады. Ансамбль құрып, ел арасында өнер көрсетеді.  Көп ұзамай сол елді мекеннен халық театры ашылып,  аталмыш театрда сабақтан кейін әуесқой актер болып, ақысыз жұмыс істейді. Содан 1988 жылы Алматыда өнерлі жастар арасында республикалық іріктеу концерті өтетінін естіп, айналасындағы  сайдың тасындай өзі қатарлас жастарды жинайды. Семей қаласы ОПКОМ-ынан жолдаманы алып, Алматыға жол тартады. Іріктеу нәтижесі аяқталып, бірге келген 22 жастың ішінен төртеуі ғана таңдалып алынады. Осылайша Оңдасын Бесікбасов тағдырдың қалауымен ару қала Алматыда қалып, кәсіби өнер жолын бастайды.

«Таңдалып алынған төртеуміздің бірі бүгінде елге танымал М.Әуезов театрының белді актрисасы Шынар Асқарова, Кенжеғазы Қарымсақов және мен едім. Әділқазыларға баритон даусым ұнапты. Содан мені Абай атындағы опера және балет театрына хорға жұмысқа алды. Оқып жүріп, жұмыс істедім.  Сосын хоровой студияға түсірді. Оқуым бітпей жатып, үш айдан кейін жұмысқа кіргізіп жіберді. 1992 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында сырттан білім алатын актерлық бөлім ашылып, сонда жоғарғы білімі жоқ актерлардың бәрі оқуға түсіп, «Драма және кино актеры» деген мамандық бойынша білім алып шықтым. Опера театрында жұмыс істеп жүрген тұста алғаш рет «Қыз Жібек» операсында Төлегеннің әкесі Базарбайды, «Абай» операсында Көкбайды, одан өзге де  кішкентай-кішкентай драмалық бірнеше рөлдерде ойнадым», - деп еске алады ағамыздың өзі.

- Оңдасын аға, сіздің театр актері екеніңізді білеміз. Ал киноға қалай келдіңіз. Кинодағы рөлдеріңіз жайында айтсаңыз?

- Жалпы киноға 1998 жылы келдім. Қазір кино сахнасында жүргеніме 20 жылдан асты. Осы жылдар арасында 60-тан аса киноға түсіппін. Оның ішінде телесериалдар, қысқа метражды фильмдер, дыбыссыз түсетін яғни, пантамимо деректі фильмдер де бар.  Тұңғыш басты рөлімді 2003 жылы Сергей Дворцевогоның «Тюльпан» атты филімінен бастадым. Фильмдегі алғашқы атым Сәду болатын. Кейін фильмде  небәрі 4-ақ адам болғандықтан, бәріміз өз аттарымызбен ойнадық. Кино бүгінге дейін жүріп жатыр. Ютуб каналында да бар. Бұл фильм дүниежүзін аралап шықты. Канн кинофестивалінің 2008 жылғы “Жастар көзқарасы” деген Гран-приін алдық. Сол жерде бізді Франция елінің Білім министрлігі қабылдап, фильмнің балалар тәрбиесіне қосатын үлесі зор екенін айтып, мектеп бағдарламасына енгізетіндігін жеткізді. Біз үшін бұл өте үлкен жетістік еді. Халықаралық 53 кинофестивальде 35 рет Гран-при жеңіп алдық.  Ал, 2009 жылы Жапонияда өткен кинофестивальдің Гран-приін алып, сол күні Австрияға барып, Орта Азияның “Оскар” жүлдесіне ие болдық. Сол жылдары ол дегенің өте үлкен сенсация болды. Сонымен қатар Америкада Голливудтың фильміне де түстім. Аталмыш фильм Амазонкада басталған. Онда Сақ патшасының рөлін сомдадым. Фильмде сөз жоқ, яғни, фильмдегі оқиғаны іс-әрекет арқылы ыммен жеткіздім. Содан кейін «Сүлеймен тау» атты Қырғыз фильмінде  Қарабастың әкесінің рөлін сомдадым. 2014 жылы Линда Нигматулинаның «Звезда Михаила» деген фильміне түстім. Әкесі Талғат Нигматулиннің  әруағы үшін гонорарсыз ойнап бердім.

- Аға, сөзіңіз аузыңызда. Сіз қазақстандық қана емес шетелдің фильмдеріне де түсіп жүрсіз. Шетелдік фильмдерге өздері шақыра ма әлде өзіңіз кастинг арқылы түсіп жүрсіз бе?

- Әрине өздері шақырады. Маған шақырту негізінен Мәскеуден келеді. Мосфильм киностудиясында да бірнеше фильмге түстім. Соның бірі «Табо» фильмі. Осы кинотуындының түсірілімі кезде  төрт ай бойы Табулскіде болдым. Фильмнің режиссері Игорь Зайцев. «Номадтың» қырық шақты каскадер жігіттерімен қатар 4 актер іріктеуден өттік. Бұл фильмде бақсының рөлін сомдадым. Қытайдың 19 жастағы бойжеткені менің қызым болып ойнады. Фильмде орыс тілінде сөйледік. Ара-арасында қамтының сөздерін қолдандық. Ал, 2017 жылы Болливудқа шақырды. Индияның режиссерлері менің Сақ патшасы болып ойнаған рөлімді Голливудтың ВВС каналынан көріп, маған тоқталған екен. Сосын мені жан - жақтан іздепті. Таппай бастары қатып отырғанда, Мәскеуде іс-сапармен жүрген Санжар Мәдиевті жолықтырып қалып, суретімді көрсетіп, «Мына актерды танисың ба?»,- деп сұрапты. Мәди «Ей, мынау менің ағам ғой», - деп телефонын алып, маған қоңырау шалды.  29 желтоқсан болатын. “Аға, қайдасыз?” дейді.

- Үйдемін.

- Сізді Индияның режиссерлері іздеп жатқанына бір ай болыпты. Фильмге шақырмақ. Графигіңіз қалай?

- Қазір боспын.

- Ағылшыныңыз жақсы ма?

- Бастапқысын білемін, - дедім. Жарты сағаттың ішінде бәрін шешіп, бір сағатта келісім шарт жасасып, қол қойып, 4 күннен кейін Үндістанға ұшып кеттім. Фильм XVI ғасырдағы үндістер мен ауғандардың арасындағы қақтығысты баяндайды. Бұл фильмде ауған бандиттерінің басшысы  рөлін сомдадым. Киноның аты «Қызыл капитан» деп аталады. Толық метражды фильм. Қазір жан-жақта көрсетілімдері жүріп жатыр. Бізде әзірге көрсетілген жоқ. Ал соңғы үлкен жаңалығымның бірі жақында Лос-Анджелестен қазақтың екі жігіті келіп, 1932 жылғы ашаршылықты түсіріп кетті. Әлемдік фильм. Келісім шарт бойынша фильм экранға шықпайынша ақпарат беруге рұқсат жоқ. Сондықтан ашып ештеңе айта алмаймын. Ерекшелігі сол,  нәубетті кезеңдердің картинасын ашық түсірді. Өте керемет кадрлар жасалынды. Ондай кадрларды мен Мәскеуден де, өзімізден де  көрген емеспін. Фильмде еркіндік бар. Керемет фильм болып шығады деп сенемін. Содан кейінгі кесек туындымның бірі режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі.

- Айтқандай осы «Шал» фильмі сізге қаншалықты танымалдылық алып келді?

- «Шал» фильмі арқылы мені барша қазақстандықтар таныды дей аламын. Қалай десеңіз, басты рөлдегі Ерболат екеумізді елдер бір-бірімізге ұқсатады. Анығы шатастырып, «сіз шал болып ойнаған актерсыз ғой»,- дейді. Мен «жоқ» деп күлемін. «72 жастағы шалды мен қалай ойнаймын, мен ол кісіден жаспын. Және бойым да ұзынырақ», - десем, «грим арқылы өзгерткен»,- дейді. Фильмде басты кейіпкерлердің рөлін актер Ерболат Тоғызақов пен Орынбек Молдахан сомдады ғой. Мені сол Ерболат Тоғызақов деп  жүргендер көп. Ал, мен бизнесмен аңшының рөлін ойнап шықтым. Киноның желісі бойынша жанымдағы екі жолдасыммен қасқыр атуға келгенбіз.  Өкініштісі, серіктестерімнің екеуі  де қаза табады да мен жалғыз қаламын. Шал мені сүйрейді. Қасқырдан қашып, көпірден секіріп, аш қасқырмен бетпе-бет алысамыз. Сәті оңынан туатын фильмдерге табиғат өзі көмектеседі. Мысалы, «Қыз Жібек» фильмін түсіру барысында аққулар көлге келіп қонған. Сол сияқты филімдегі екі қасқыр, яғни анасы мен баласы Алматының табиғатында жүрген дала қасқырлары. Түсірілім барысында тап болды.  «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан»,- деген мақалды осындайда айтады. Ал, жіңішкелеу бес қасқыр Брянскіден әкелінген. Чехословакияда будандасқан қасқырдың түрі. Дала қасқырларымен алысқан жері ол киноның құпиясы. Жыртқыш жануарға қорыққаныңды сездірме дейді. Сұсты көз қарасымыз арқылы құртқаның көзіне тік қарап, тайсалмай сес көрсеттік. Біздің қорықпайтынымызды сезген  жануар кейін қарай шегініп, кете берді. Фильмдегі  қасқырмен алысу сәті дубльсіз түсірілді. Ал жалпы бұл «Шал» фильмі - қазақ кинотуындыларының ішіндегі танымал дүниелердің бірі.

IMG_9002

- Иә, өзіңіздің қатысуыңызбен қазақ киносынан әлі тамаша туындыларды тамашалаймыз деген үміттеміз. Ал енді «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қашан келдіңіз?

- Театр сахнасын сағынғандықтан Алматы қалалық Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрына 2018 жылы жұмысқа келдім. Содан бері осындамын. Қазіргі таңда режиссер Ерлан Біләлдің «Абай-Тоғжан» қойылымында Құнанбайдың рөлін сомдап жүрмін. Есләм Нұртазиннің қойған «Жыр Жолбарыс» қойылымында Сарыбайдың рөлін, Жұлдызбек Жұманбайдың «Мұқағалимен сырласуында» бейтаныс адам рөлін өз деңгейінде алып шықтым.  Алдағы уақытта, яғни театрымыздың бесінші маусымы ашылған беттен «Қыз Жібек», «Айман Шолпан» сынды кесек-кесек қойылымдар дайындалмақ. Бұйырса сол қойылымдарда  да өзіме берілген рөлді алып шығатыныма сенемін. Театр - менің екінші үйім. Сағынып келемін. Театрдың құдіреті сол – қиял мен шынайылықты қатар ұштастыра білуің керек. Мұнда қалай образға кірдің, ойнатын образыңды жүрегіңе қалай салдың, сол сарынмен ойнап шығасын. Театрда дубль жоқ. Сонысымен құдіретті. Сонысымен қызық. Театр актеры болу үшін көп дайындық, ізденіс қажет. Сомдайтын  рөлдерімді театрға келе жатқанда ой елегімнен өткіземін. Ішке кірген соң, барлық күйбең тіршілікті ұмытып, сахнаға бейімделемін. Ойымның бәрі кезекті сомдайтын рөлімде болады. Театр сахнасы өте киелі дүние. Сол себепті үнемі театр есігінен “бисимиллямді” айтып кірем. Сахнаның құдіреті, көрерменнің қабылдауы, қошеметі бізге қанат бітіреді.

- Аға, алтын уақытыңызды бөліп сұхбаттасқаныңыз үшін көп рахмет! Теарт және кино әлемінде тамаша туындылардың өмірге келуіне қосар үлесіңіз таусылмасын.

p/s: иә, «Алатау» дәстүрлі өнер театры күні кеше ғана жоғары оқу орнын тәмамдаған жастармен қатар, оларға бас-көз болатын, сахнаны толтырып  тұратын тәжірибелі сақа актер мен актрисаларға бай. Ал Оңдасын Бесікбасов қандай құрметке де лайық! Құрметтеу басқа да, құрметке лайық болу бір басқа.

«Әдебиет» бөлімінің маманы: Ақбота Тойбекқызы

Фотосуреттер авторы: Досмалов Әнуарбек

Пікірлер