Тоқаев: Әскери қызметкерлердің жалақысы 60 пайызға өседі

4208
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Оймашы» полигонында өткен «Отпантау-2021» шұғыл-стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына барды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Жоғарғы Бас қолбасшы оқу-жаттығу жиындары еліміздің әртүрлі өңірінде орналасқан жеті оқу-жаттығу полигонында және Каспий айдынында өткенін атап өтті. Жалпы оқу-жаттығу жиындары шығыстан батысқа қарай үш мың шақырым аумақты қамтыды.

– Жеке құрам мен техниканы өз жүрістерімен, теміржол және әуе қатынастары арқылы жылжыту жұмыстары пысықталды. Бұл Қарулы Күштердің стратегиялық ұтқырлығын, қауіп төндіретін негізгі бағыттар бойынша әскери топтарды жедел құру мүмкіндігін көрсетті. Штабтардың шұғыл жағдайлар кезіндегі үйлесімді жұмысын, жоғары технологиялы қарулар мен әскери іс-қимылдарды жоспарлау әдістемелерінің қолданылуын көрдік. Әкімдіктердің де дайындық деңгейінің жоғарылағанына куә болдық. Қазіргідей «стресс-тестілеу» кезінде олардың рөлі әскери құрамдардан кем түспейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол әскери қызметшілерге кешенді әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне де тоқталды.

– Қаржыландыру мәселесі кезең-кезеңімен артып келеді. Биылдан бастап әскери қызметшілердің лауазымдық еңбекақылары 35 пайызға өсті. Алдағы екі жылда орташа есеппен 60 пайызға жоғарылайды. Барлық санаттағы әскери қызметшілер үшін тұрғын үй мәселесі заңнамалық тұрғыдан шешілген. ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда қазақстандық әскердің әлеуметтік топтамасы – бәсекеге қабілетті. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі әрдайым мемлекет басымдық беретін салалардың қатарында болады. Күшті әскер – қуатты егемен Қазақстанның кепілі, – деді Президент.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер