Өмір Шыныбекұлы: Cәтсіздіктен кейінгі #5 түйін

5922

Әр адам өмірінде түрлі сәтсіздіктерге кездесетені қалыпты жағдай. Алайда сәтсіздікті жау емес, ұстаз деп қабылдаған жөн. Әр сәтсіздік - сәттіліктің бастауы. Әр сәтсіздік - табысқа бастар жол. Білім беру саласының дамуына келелі үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаз Өмір Шыныбекұлының есімі қалың көпшілікке етене таныс. Ол – заман талабына сай жаңашыл ұстаз, Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі, қоғам белсендісі, Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі. Халық қалаулысы қашанда белсенді азаматтық ұстанымымен, қайырымдылығымен ел назарына ілігіп, сана отарсыздығы мен тарихты таразылау бағытында өлшеусіз тер төгіп келеді.

Әлбетте, Өмір Шыныбекұлына атақ та, абырой да, халықтың ыстық ықыласы мен шын пейілі де оңай келген жоқ. Білім нәрімен табыстың толағайын ту еткен Өмір Шыныбекұлы атағы шыққанға дейін ұстаз боламын деген арман жолында басын тауға да, тасқа да соғып, соңына дейін күресті. Дағдарыстан көз ашпай, базарда қап арқалап жүріп, «Енді қалған өмірім осылай өтеді ме?» - деп көп уайымдайтын... Кәмпиттен бастап, гүл, арақ-шарап, пияз-орамжапыраққа дейін сатып, адал еңбек етті. Слесарь болып та жұмысқа кіріп, 2 жыл құбыр жағалап қаланы жаяу аралаған кездері де болған. Бірақ ол ешқашан мойыған емес...

Adyrna.kz ұлттық порталы назарларыңызға Өмір Шыныбекұлының сәтсіздіктен кейінгі түйген #5 өмірлік сабағын ұсынады.

1. ҚАНША ҚҰЛАСАҢ ДА, АРМАНЫҢА, МАҚСАТЫҢА АДАЛ БОЛ!

1979 жылы мектепті тәмәмдап, Шымкент педогикалық институтына «Тарих» факультетіне тапсырған едік... Бір сөзбен айтсақ, «ұшып» кеттік! Вундеркинд болмасаң, өзіңнен көр... Тарихты сол заманның кілең "ығайы" мен "сығайының" ұл қыздары оқу керек екен. Ауылға қайтқым жоқ. Ол жақта мендейлерге екі-ақ жұмыс бар. Бірі қой бағу, екіншісі трактор айдау... Менің екеуіне де икемім болмады. Сөйтіп, бір балалармен ілесіп, Өзбекстанның Мырзашөліне тартып кеттім де, бір совхоз-техникумға түстім. Қызықпаған білім қонбайды екен. Әлгі техникумды 3 жылда итшілеп әрен бітіріп, Шымкентке келіп баяғы ШПИ-ң тарих факультетіне тағы тапсырдым. Тағы құладым. Келер жылы тағы тапсырдым. Тағы құладым. Сөйтіп жүргенде 1984 жыл келіп, 22 жасқа кеп қалдым. Енді маған өзім қалаған тарих емес, кез-келген жоғары оқу орнына түсіп, жоғары білім алу керек. Амалсыз Қаз ХТИ-ң (қазіргі М.Әуезов ат. ОҚМУ) кешкі бөліміне адам жоламайтын «Төменгі температуралар физикасы мен техникасы» деген мамандық бойынша оқуға түстім. Дегенмен араға жылдар салып, тарихтың жаныма жақын екенін етене түсініп, 2002 жылы ОҚМУ-ң тарих және география бөліміне сырттай оқуға түстім. Нәтижесінде 2003 жылы 41 жасымда бала күнгі асқақ арманым орындалып, мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Қанша құласаң да, арманыңа, мақсатыңа адал бол! Сонда ғана көздегеніңе жетесің...

2. АДАЛ ЕҢБЕКТЕН АРЛАНБА!

Оқу оқып жүргенімде күндіз жобалау институтында қазіргі ксерокс (Ол кездің ксероксы дауысы дарылдаған және үлкендігі адам бойынан биік болатын) аппараты секілді аппаратта жұмыс істеймін. Кешкі сағат 19-00-н түнгі сағат 22.30-ға дейін сабақ. Оқу мерзімі 6 жыл. 4 курсқа барған кезімде өзім істейтін жобалау институтына мамандығым бойынша инженер жобалаушы болып ауыстым. 1991 жылдан бастап институтқа тапсырыстар азайып, бірнеше айлап жалақы алмайтын жағдайға жеттік... Бала-шаға бағу керек... Кәмпиттен бастап, гүл, арақ-шарап, пияз-капустаға дейін саттым. Сауда жасау оңай емес. Базарда қап арқалап жүріп, «Енді қалған өмірім осылай өтеді ме?» - деп уайымдайтынмын... Кешке үйге келсең үйде газ жоқ, жарық жоқ. Қала тас қараңғы. Үйде 3-4 сағат демаласың да, тауар алуға көтерме базарға кетесің... Осындай кезеңдерді бастан кештік... 2000 жылы «Қазтрансгаз» мекемесі Шымкентке келіп соған слесарь болып жұмысқа кіріп, 2 жыл құбыр жағалап қаланы жаяу аралап шықтым... Адал еңбектен арланба!

3. АЗАТ МҰҒАЛІМНЕН БІЛІМ АЛҒАН БАЛА АЗАТ БОЛАДЫ!

2003 жылдан бері бір мектепте жұмыс істеп келемін. 1985 жылы таза орыс мектебі болып ашылған мектепке мен жұмысқа кіргенде бірер жыл болған екен, қазақ сыныптары ашылыпты. Директордың өзінен бастап, 7 орынбасарының 6-уы өзге ұлт өкілдері, еден жуушылар да өзге ұлт өкілдері. Солар жас мұғалім қазақ қыздарға әкіреңдеп жатқанын көретінмін. 5-6 жыл үнсіз шыдадым. 2009 жылы завхоз бір мұғалімге «Я тебя уволю» - деп жатқанынының үстінен түсіп, әлгі завхозға «Швабра мен тряпкаларыңа ие бол» - деп айтып тастадым. Содан директордың қырына іліктім. Бұрын менің жұмысыма ешкім сын таға алмайтын. Енді тырнақ астынан кір іздей бастады. Әр пед.кеңесте менің тәртібім қаралады. Онда да жұмысыма қатысты емес. «Гороноға біреу мектепте ақша жинап жатыр - деп звондапты. Өмір Шыныбекұлынан басқа ешкім емес. Стукач осы» - деген секілді қажаулар ғой... 2011 жылы директормен ашық соғысқа шығып, ақыры директор жылап отырып, кешірім сұрады. 2012 жылы тұңғыш немерем дүниеге келген соң «Менің немерелерімді қазіргі секілді езілген мұғалімдер оқытпау керек. Азат мұғалімнен білім алған бала азат болады» - деген оймен мұғалімдер құқығы үшін күресті бастадым. 2016 жылы республиканың бір топ мұғалімі «Ағартушы» атты қоғамдық қозғалыс құрдық. Әріптестерім мені төраға етіп сайлады. Нәтижесінде 2019 жылдың соңында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Дегенмен күрес әлі тоқтаған жоқ. «Педагог мәртебесі туралы» заңды аяққа таптап жатқан балабақша, мектеп басшылары әлі де жетерлік...

4. АДАМ БАЛАСЫНА ҚИЯНАТ ЖАСАМА!

Жастарға алдымен айтарым – білімсіз күнің жоқ. Ізденуді тоқтатқан адам өмір сүруді де тоқтатады. Екінші айтарым – адам баласына қиянат жасама, қиянат көрген адамның жанынан көрмегенсіп өтіп кету де қиянат. Жолыңды ашып, ұрпағыңды рулы елге айналдырар бата-алғыстар болады. Жолыңды кесіп, тұқымыңды тұздай құртар нала-қарғыстар болады. Қазақта «Обал», «Көз жасы», «Нала» деген ұғымдар бар. Алысқа әуре болмай қолыма шежіре мен архив деректерін ұстап жүріп, өз ауылымның тарихын зерттедім. 1920-30 жылдары біздің ауылда да қызыл комиссарлардың айтағына еріп, өз ағайындарын зар жылатқан небір "шолақбелсенділер" өткен. Бірақ, ешбірінің арты жақсы болмаған. Көбінен ұрпақ қалмаған. Ұрпақ қалса ішкіш-жүргіш, мүгедек...  "Патриотизм" десе бәріміз "Отанды сүю" - деп тақ ете қаламыз... "Отан" деген немене? Қолмен ұстай алмайтын, құшағың жетпейтін нәрсені қалай сүюге болады? Меніңше, "Отан отбасынан басталады" - дегенді айтқан адам нағыз данышпан. Патриотизм деген ең алдымен өз отбасыңды қорғау. "Қорғау" дегеніміз кең ұғым. Дұрыс тәрбие берумен қатар, мүмкіндігің жеткенінше олардың өмір сүруіне қолайлы орта жасау керек. "Халық үшін", "Елім үшін" деген ұран абстракция, яғни көзге көрінбейтінді өбу немесе құшағың жетпейтінді құшақтау...

5. ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ БОЛМАСЫН АДАЛДЫҚТЫ САҚТА!

«Адалдық» дегеніміз: Өзің үшін, бауырың, ұл-қызың үшін еңбек ету. Жақсы азамат тәрбиелеудің ең басты шарты - адал еңбек, маңдай терімен табылған нан жегізу. Біреудің көз жасы мен наласы арқылы табылған дүние ешкімге опа бермейді. Өзің шалқып өмір сүруің мүмкін. Бірақ көз жасы мен нала 7 ұрпағыңа дейін бәрібір табады. «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле. Балаң бәрібір өзіңе тартады!» - деген қағиданы адамзат тарихы сан мәрте дәлелдеген. Мүмкіндігің отбасыңнан асып бара жатса, әлеуетің мен қызметің мүмкіндік берсе, ұл-қызың үшін  қолайлы орта қалыптастыру үшін еңбектен! Сенің отбасыңның ішкен-жегеніне көршің сұқтанып отырса ол сіңе қоюы екіталай... Әрі-беріден кейін көршіңнің ашқұрсақ баласы балаңның күлшесін тартып алса, өзі үйіңді тонауы мүмкін... "Қолайлы орта" дегеніміз көрші-көлемің, ағайын-туысың, елің... Қысқасы "Адалдық" дегеніміз айналаңда қолайлы орта құру үшін қызмет ету. Меніңше, депрессиядан құтқаратын да осылар... Ал өмір болған жерде стресс болмай тұрмайды... Күн сайын жақсыны ғана емес, жаманды да көресің. Сонда стресс деген өмірдің тек жақсыдан ғана тұрмайтынын сездіру үшін керек те шығар...

Жоба авторы: Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар