Ататүрік әуежайында: Константинополь емес,Стамбұл!

3335
Adyrna.kz Telegram

...Бұны өзі күнделік деуге келер ме екен?Оның үстіне біз,бір топ әріптестер, Елбасымыздың АҚШ президенті Доналд Трамппен ресми кездесуіне орай сапарға арнайы шыққанымызбен,Нью-Йорктте ғана болып қайттық.Құрама Штаттарды армансыз аралауға мүмкіндігіміз толық жетпеді.Әйтсе де, Алматыдан Стамбұлға ұшқанымыз,Стамбұлдағы Ататүрік атындағы әуежайда екі,үш сағат аялдағанымыз,содан Ньюге бет алғанымыз,Аталант мұхитынан асып өтіп,аталған алып шаһардың бірер күн ауасын жұтқанымыз–осы жолда көргеніміз,көңілге түйгеніміз бек құрметті оқырман қауымға бір қыдыру әңгіме айтуға жарап қалар деген оймен компьютеріміздің алдына келіп жайғастық.

Біз мінген әуе кемесі қаңтардың 16-сы күні Алматыдан таңғы 07:50-де ұшып шығып, Ататүрік халықаралық аэропортына Анкара уақытымен 10:30-дар шамасында барып қонды.Бұл менің Ататүрік аэропортын алғаш көруім. Әуежайды көрген бетте көңілімде не тұрғанын бірден айтайын ба?Мақтаныш. Иә,жасырып жабары жоқ:мақтаныш тұрды.2003 жылы қаңтар айында АҚШ-қа бара жатып,алман еліндегі Франкфурт әуежайына тоқтағанбыз. Франкфурттің айлапат ауананына қарап сол кезде таң қалған едім.Қарасам, біздің Ататүріктің одан еш кемі жоқ екен.Түбі бір түркі баласы ретінде Ататүріктің мынандай ғажап келбетіне,ат шаптырым аумағына көз тастаған сәтте іштей желпініп алдық та,маңайымызды жіті шолуға тырыстық.Төрткүл дүниенің халқы,не деріңіз бар ма,осында жүр.Зәңгілер,үнділер,мулаттар, арабтар,парсылар,скандинавтар,өзіміздің орекеңдер... ана қапталдан да, мына қапталдан да шыға келіп,мидай араласып кетеді.Ататүрік әуежайы адам нөпірінің алып ағысы сияқты:құлағыңа әр түрлі тілде сөйлеген дауыстар да жетеді.Бір кереметі әлгі дауыстар өзара үйлесіп,үндесіп жатыр.Көптен қаламыз ба,біз де дабырлап сөйлеп қоямыз.

Күн сиыр сәскеден ұзаған шақ.Қуырылған тауық пен балық етін баптап асылған күрішпен қоса сатып тұрған түрікке жақындап,түстенуге ыңғай білдіріп едік, әлгі байқұс қалбалақтап дал ұрды да қалды.Қызметшісі болса да құрақ ұшуда.Олар–түрікше,біз–қазақша бір-бірімізге тіл қаттық және еш қиналмай-ақ ұғыса жөнелдік.Осы арада байқағаным,бұрынғыдай емес,қазақ пен түріктің туыс тілі өзара жақындаса түскен сыңайлы.Біз бұны әуежайда да, әуе кемесінде де анық аңғардық.Стюардесса түрік қызынан таңдай жібітер су сұраңыз,ол сізге тұнық қара көздерін қадап, «сұу ма?»-дейді. Көңіліңіз шалқыса,шарап сұрап алсаңыз да болады.Түрік қызы: «Шараптың қандай түрін қалайсыз?»-десе,«қырмызы» деңіз.«Қызыл шарап» деген сөз. Қазақ тілінде сирек қолданылуға айналған «қырмызыны» түріктер жиі айтады екен.Әдебиет бойынша Нобель силығын иеленген Орхан Памуктің шығармасын біздің жігіттер«Менің атым қызыл»деп қотарып жүрді.Кейін оны қытайдағы бізге есім-сойы белгісіздеу қаламгер бауырымыз«Менің атым қырмызы»деп аударды.Дұрысы–осы.Ең бастысы тіліміздегі әуезе әдемі сақталған.Қысқа,шолақ қайрылған қызыл емес,қырмызы.Әуезді әрі шығарма табиғатын ашатын аударма.

Ататүрік атындағы халықаралық әуежайды көріп айдарымыздан жел ескенінін жоғарыда білдірдік.Солайы солай.Өйткені Ататүрік–әлемдегі ең үлкен,ең ғажап,әм сән-салтанаты келіскен,кемелденген,жолаушыларға сан-салалы қызмет көрсете алатын әуежай.Стамбұл әуежайына күніне орташа 1171 - 1500 шамасында  ұшақ қонып,ұшады.Аспан көгіне қарасаңыз,алып лайнерлер бірінен соң бірі тырна тізбек жасап,әуежайды бетке алып келе жатады.Сондай тырна тізбекпен және көтеріліп бара жатады.Сондықтан ұшақ сөзі біреулерге ұнамаса да,Стамбұл әуежайындағы қарабаласқа қарап тұрып жақсыға,жаңаға ұмтылудың еш сөкеттігі жоқтығын еске алдық.Иә, мен ұшақ сөзі турасындағы ойымды білдіріп отырмын.Самолеттер сап түзеген Мәскеудің Шереметьева әуежайындағы дөрекілік пен дөкір қызметтен кетіп, ұшаққа ұмтыла түссек,сірә, ұтылмаспыз...

Ататүрік әуежайының көгілдір шынылы қабырғасының ар жағынан әйгілі Стамбұл қаласының биік үйлері,мұнаралы мешіттері көрінеді.Мешіт демекші, бұл шаһарда 70 мыңға жуық мешіт бар көрінеді.Соның жүзге жуығы тарихи мазмұны терең мешіттер.Арасында атақты  Сұлтан Баязит 1505 жылы  салдырған Баязит мешіті,Фатих мешіті, Аясофия,Сүлейманийе мешіті бар.

Стамбұл–қазақтың аяулы ұлдарының есімін еске салатын қала.Бұл қалада 1906 жылдары Абай ағасының аманатын орындау үшін қыжылық сапарға аттанған Шәкерімдей ғұлама болған.Ғұлама сапар барысында Стамбұлда аялдап,он-он бес күн осындағы көне кітапханаларды аралап,рухани шөлін басыпты.1911 жылы Стамбұлға әлемнің алыптарын асықтай үйіріп атқан қазақ палуаны Мұқан деген атпен келіп Қажымұқан атанып кеткен.Мұстафа Шоқай да аз кем күн Стамбұлдың тұрғыны болған.Бірақ,со замандағы саяси жағдайға байланысты Ленинмен,Сталинмен тіл табыса қалған Мұстафа Кемал Мұстафа Шоқай бауырын Стамбұлға сыйдыра алмаса керек.Апыр-ай, дейсіз осы арада еркісіз таңданып,қуғында жүрген қазақтың бір оғыланы коммунистер үшін қандай қауіпті адам болған,ә?..Ол елден жырыққа кетсе де,өзінің айбарын алыстан сездіріп, тықыраңдаған тапал «көсемнің» тынышын алған екен ғой.Қайран, Мұстафа...

Стамбұлдың Стамбұл атануы жырдан қызық әңгіме.«Бұл әңгімені қазақ түгіл түріктердің өзі көп біле бермейді»,- дейді менің Анкарада тұратын әріптесім Ұфұқ бей.Стамбұлдың ірге тасын біздің дәуірімізге дейінгі VІІ ғасырда гректің Мегәрі қаласынан шыққан отаршылдар қалаған дейтін дерек бар.О заманда Стамбұл Византия атанады.330 жылы Ұрым императоры Ұлы Константин І Ұрым империясының астанасын Византияға көшіріп,шаһарға Жаңа Рим деген ат береді.Бірақ,Жаңа Рим құлаққа сіңбей,қала ел аузында Константиннің қаласы,яғни Константинополь аталып жүре береді. ХІІІ ғасырда арабтар Константинопльді«Истинполин»–грекше мәтіннен алғанда, «қалаға» деп атады.Ал,түріктер Исламбул деді.Еуропалықтар мен орыстар Исламбул атауын өз тілдеріне ыңғайлап,Истанбул деді.Мұның бәрін Стамбұлдың тарихын ақтарып отырып тауып алуға болады.Қысқасы,сіздерге уәде етіп айтпақ болған қызығымыз мынау:Мұстафа Кемал билігі тұсындағы қарым-қатынастың бәрінде ресми өкілдер де,жай жүргіншілер де,сауда-саттықтың адамдары да Стамбұлды Стамбұл демей  Константинопль дей береді.Жұрттың мынандай тақыстығына,бір елдің астанасының атын дұрыстап білмейтіндігіне кейіген Кемал Ата мекен-жайы«Константинополь» деп жазылған хаттардың бәрін кері қайтартып отырады.Хаттарға мемлекеттік бақылау жасатады.Әйтсе де былайғы көптің немкеттілігі тиылмайды.Ақыры болмаған соң Кемал американдық бір топқа«Стамбұл»деген ән салдырып, әлемге Стамбұл атын әйгілі етеді.Джаз жанрындағы әуенге елтіген әлем жұрты аз уақыттың ішінде Константинопольді Стамбұл деп таниды. Міне, тыңдаңыз:

 

Стамбұл 1502 жылы әлемде тұрғыны көп ең үлкен қала болған,қазір жан саны мол қалалардың қатарында 15-ші орында тұр.

Стамбұлдың әзелгі аты Константинополь (Constantinople) дедік. Рим империясының орталығы Рим қаласы сияқты Стамбұл 7 төбенің үстіне салынған. Жеті төбе қазір де Стамбұлдың белгілі рәміздерінің бірі болып табылады.

Стамбұл Еуропа мен Азия құрлықтарын бір-бірімен байланыстыратын және әлемде екі құрлықта да топырағы бар жалғыз қала.Екі құрлықты үш үлкен көпір (15 шілде шәйіттер көпірі,Фатих Сұлтан Мехмет көпірі,Явуз Сұлтан Селим көпірі) және теңіз астынан жүретін Мармарай туннелі байланыстырады.

Стамбұл 2000 жылдық тарихы бар әлемнің ең көне шаһарларының бірі. Сондай-ақ Византия және Османлыдан бастап,3 үлкен империяның бас қаласы болған.

Әлем бойынша экономикасы ең жылдам өскен 7-ші метрополитен.

2017 жылы Түркияға 26 миллион турист келген.Бұл туристтердің 10 миллионын Стамбұл қаласы қабылдаған.Енді есептей беріңіз, 10 миллион турситің қалтасынан кемінде мың доллардан шыққанда,Стамбұлдың бюджеті неше есеге артты екен?..

Осынау әйдік шаһарды қазақ баласы еш жатсынбауы керек.Стамбұл ортақ қаламыз,ортақ мәдениетіміз.Алтайдан Анадолыға ауған бауырларымыздың ұрпағы мекен етіп жатқан ұланғайыр ұлы мекен.Түрік Республикасының өркендегені,өскені бізге аса қажет.Біздің Елбасымыз Түркияның экономикалық,саяси ахуалына жіті көңіл бөліп отырады.Ердоған мен Путиннің арасында алакөздік туған 2016-2017 жылдары Нұрекең екі тарапқа ағалық ақылын айтып,келеге шақырды.Өйткені,Қазақстанның геояси әлемдегі дамуы мен бейбіт өміріне Түркия мен Ресейдің ықпалын сызып тастай алмаймыз.Ресей–көрші,Түркия – туыс ел.Бірінен кетіп,бірімен ауыз жаласып отыра алмаймыз.Осыны қапысыз білетін қазақ президенті тараптардың тізгінін тең ұстауға барын салып бағуда.Әрине,ол әрекеті нәтижесіз емес.Түркиямен де,Ресеймен де қарым-қатынас қалыпты, барыс-келіс баянды.

Ататүрік әуе алаңында отырып,Астанадағы Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың да жайын ойладық.Біздің әуежайдың халықаралық дейтін мәртебесе болмаса,шігінен түскен асықтай шағын дүние.Ататүрікте ұшаққа шығарып салатын 712 дәліз бар.Біздікі асса,10 шақты ғана. Ұшақтарымыз да аз.Әйтсе де,үміт алда,қазан аузы жоғары.Қай тарап пен қандай қарекеттерге де Хаб болуды қалайтын Қазақстанның әуежайы 10 дәлізбен шектеліп қаламаса керек.Осы сапарында Елбасына ерген қазақ кәсіпкерлері АҚШ-тан 11 Бойнг ұшағын сатып алу жөнінде коммерциялық келісімге қол қойды.Бұл деген алдағы күндері Астана мен Алматыдан АҚШ-қа тікелей әуе қызметі көрсетіледі дегенді білдірсе керек.Егер,Астана,Алматы әуежайлары АҚШ-қа жолаушылар тасымалдайтын мүмкіндікті иеленсе, шығысымыздан ханзулар,солтүстігімізден Ресей азаматтары ағылып келетін еді.Жуырда Ташкенттен АҚШ-қа арнайы әуежолы ашылды.Мұндай игіліктен қазақтың шет қалуы бүгінгі жаһанданған заманда әрине,жарамайды-ақ...Осы ойлардың жетегіне ілесіп біз Атлант мұхитынан асып ұшатын алып лайнерге аяқ арттық.Уақыт ұзақ, жер шалғай:ойлануға мүмкіндік мол.Мен АҚШ-қа қазақ баласының арасынан суырылып шығып, тұңғыш сапар жасаған кәдімгі хакім атамыз Абай туралы жадымда барды жаңғыртып көрмек болдым...

(Жалғасы бар)


Дәурен Қуат

Abai.kz

Пікірлер