Қайрат Құматай. Қайран, дүние!

8991
Adyrna.kz Telegram

БІР КЕМ ДҮНИЕ...

Дүние бір кем дегені,

Шындықтың жерде жоқтығы.

Аштықтан кедей талықсып,

Кекірген байдың тоқтығы.

Дүние бір кем дегені,

Әділдіктің жоқтығы.

Күн үшін жүрген кедейге,

Байлардың айтқан боқтығы.

Дүние бір кем дегені,

Ақиқаттың жоқтығы.

Елім деп туған естіден,

Ессіздердің көптігі.

Дүние бір кем дегені,

Құндылықтың жоқтығы

Дәстүр мен тілді ұмытқан,

Мәңгүрттердің көптігі.

Дүние бір кем дегені,

Қанағаттың жоқтығы.

Халі мүшкіл қарадан,

Жемқорлардың көптігі.

Дүние бір кем дегені,

 Білімнің бізде жоқтығы.

Жаңалық ашар ғалымнан,

Залының биік шоқтығы.

Дүние бір кем дегені,

Ақ пен қара егесі.

Жақсының мінген атынан,

(Жақсының ұшқыр ойынан,)

Жаманның озған есегі.

(Жаманның озған есебі.)

Дүние бір кем дегені,

Жастықтың дәурен өткені,

Таяғына сүйеніп,

Аяңдап қарттық жеткені.

Дүние бір кем дегені,

Мейірім кеткен адамнан.

Қу дүние үшін інісі,

Ағасын алған жағадан.

Дүние бір кем дегені,

Ар-ұят кеткен санадан,

 Төл-тілін білмей өлгенше,

Бақилық болды қанша адам.

Дүние бір кем дегені,

ШЕРХАННЫҢ тартқан,

 Шер-мұңы.

Азғантай қара қазақтың,

Қасіретінің көптігі.

 

ҚҰЛЫҚ ЖОҚ ЗАМАН, ҚАЙТЕЙІН... 

Бақыр бастың еркіндігін, қайтейін...

Қасықтай тілім қансырап жатса.

Санаулы байдың шалқығанын, қайтейін...

Қарайған халық нан сұрап жатса.

Дархан даламның кең екенін, қайтейін...

Тулақтай жер де бұйырмай жатса.

Елде жоқ байлық көп екенін, қайтейін...

Жегі құрт жемқор асырмай жатса.

Алашымның арлы екенін, қайтейін...

Қазақты қазақ алалап жатса.

Көршілердің «ұлы» екенін, қайтейін...

Саясатымен сабалап жатса.

Жүз отыз ұлыс көп екенін, қайтейін...

Басыңа шығып басынып жатса.

Көкелердің көп екенін, қайтейін...

Көсегесін елдің көгертпей жатса.

Депутаттардың «Ант» бергенін, қайтейін...

Өз Ана-тілін ежелеп жатса.

Әкімдердің «уәдесін», қайтейін...

Шаршаған Халық нала боп жатса.

Ақындардың «Адуынын», қайтейін...

Мақтаумен өсіп дара боп жатса.

Әншілердің «әуелегенін», қайтейін...

Жарапазаны жарнама боп жатса.

Бағыландардың батылдығын, қайтейін...

«Көк қағазға» бас ұрып жатса.

Аналардың ашынғанын, қайтейін...

«Талабы» өзіне жала боп жатса.

Ел сенген жастың жалындағанын, қайтейін...

«Ата-салтыңа» тас ұрып жатса.

Бала-бақшаның бар екенін, қайтейін..

Балдырған тілі шала боп жатса.

Арыз-арманның көп екенін, қайтейін...

Әділдік таппай «қаза» боп жатса.

Қазақтың қара ұлы екенімді, қайтейін..

Халқымның мұңы мазалап жатса.

Өмірде мына тірі екенімді, қайтейін...

Індеттен Халқым қаза боп жатса.

Қайтейін енді қасіретіңді, қайтейін..

Қасиетім қара боп жатса.

Таң қалмаңдар.

Осы жазғаным,

Айналып келіп «пәле» боп жатса.

 

ҚАЗАҚ...

Қазақ менің Халқым,

Қазақ менің Қалпым.

Қазақ менің Жаным,

Қазақ менің Қаным.

Қазақ менің Бабам,

Қазақ менің Анам.

Қазақ менің Санам,

Қазақ менің Салтым.

Қазақ менің Затым,

Қазақ менің Тегім.

Қазақ менің Тілім,

Қазақ менің Ділім.

Қазақ менің Өр рухым,

Қазақ менің Намысым.

Қазақ менің Атым.

Қазақ менің Сенің,

Қазақ деген Елің!

 

ЕЛ ЕРТЕҢІ ЖАСТАРДА... 

Тәуелсіздік тұғырым,

Желбірер мәңгі көк туым.

Жалындаған жастарым,

Текті боп туған ұл-қызым,

Мен сендерге сенемін.

Ақыл ойдың кемелі,

Ар-ұжданның семсері.

Естіден туған есті боп,

Мен жастарға сенемін.

Асылдың қалған сынығы,

Тұлпардай бекем тұяғы,

Қырандайын қырағы.

Мен жастарға сенемін.

Ел мен жердің тағдыры,

Ана тілдің қал-мұңы.

Қабырғаңды сөгердей,

Өзіңді тірі көмердей,

Салт-санаңды қор қылып,

Өзін сенен зор қылып.

Еркекпен еркек табысып,

Әйелге әйел жабысып,

Теке сақал дін бұзар.

Санаңды улап салт бұзып,

Келеміз әттең, санды ұрып.

Ел билігі енжар ма?

Жоқ санасы кемтар ма?

Жол беріп қарап отырар,

Шығатын басқа жол барма?

Айналайын жастарым,

Жәй отындай жарқылдап.

Жұлдыздайын жамырап,

Қараңғы мына жұртыңа,

Күн болып тушы жарқырап.

Болашақ сенің қолыңда,

Біз сендерге сенеміз!

 

КІМ БОЛАМЫЗ?

Елімді ез қорласа,

Кім боламыз?

Үңгірде ұлтын сүйген,

Біз боламыз.

Түк көрмей қараңғыда

Жүрсек тағы,

Санасы жарқыраған,

Біз боламыз.

Мәңгүрттер айтты екен деп,

Бір жаман сөз.

Жаманмен жағалассақ,

Кім боламыз?

Еріңді ер қолдаса,

 Ел боламыз.

Береке бірлік артып,

Бір боламыз.

Жақсыны жақсы десек,

Қадірлесек,

Алашым Қазақ болмай,

Кім боламыз?!

Еліңді ер қорғаса,

Ел боламыз.

Ерлері елім дейтін,

Ер боламыз.

Қазақты Қазақ сүйсе,

Жалғызым деп,

Қазағым «Алаш» болмай,

Кім боламыз?!

Намысың биік болса,

Ту боламыз.

Рухың асқақтаса,

Шың боламыз.

Ана тілі,

Аман болса,

Тәуелсіз мәңгілікке,

Ел боламыз!

 

ОЯН ҚАЗАҚ...

Оян қазақ!

Бір ғасыр, ұйқтап жатқан.

Мен емеспін, Міржақып,

Қадап айтқан.

Тірлік қайда?

Ынтымақ, бірлік қайда?

Тірі адамға жарамас,

Үнсіз жатқан.

Оян қазақ!

Тілі қайда анамның тілдесетін.

«Қазақпын!» - деп жарқырап,

Күн кешетін.

Тіл жоқ жерде, тірлігің

Тірлік емес,

«Үнің қайда?» - үніңмен,

Тілдесетің.

Рух қайда бойдағы,

Намыс қайда?

Ұят қайда?

Ұжданды, оятпай ма?

Есінеп, есті жимай

Әлі жүрсің,

Бұл «Қазақтың» ғасырда

Таңы атпай ма?!

Оян Қазақ!

Бой түзе,

Ойға батпа.

Бір Алла береді - деп,

Қарап жатпа.

Өнер үйрен, білім ал,

Білікті бол.

Намысыңды күн үшін,

Нанға сатпа.

Оян Қазақ!

Өткеннен, сабақ алда.

Түсу керек болашақ,

Дара жолға.

Елің жерің тұрғанда,

Екеленбей,

Көшімізді бастайық,

Сара жолға!!!

 

ҚАЗАҚ ДЕГЕН, АЛАШ ДЕГЕН БІЗ ЕДІК...

Қазақ едік тарихын тасқа ойған,

Алаш едік атойлап, атқа қонған.

Қазақ едік өр едік, өршіл едік,

Бермеп едік намысты, жатқа қолдан.

Қазақ едік айбынды асқар едік,

Алаш едік өзгеден, асқақ едік.

Қазақ едік Бөрі едік, еркін едік,

Алаш едік Қырандай қырағы едік.

Қазақ едік тұлпары, топтан озған,

Алаш едік ақылы, жұрттан озған.

Қазақ едік дәм-тұзын ақтай білген,

Алаш едік дәстүрді сақтай білген.

Қазақ едік қамшысы дау қайыраған,

Алаш едік қылышы жау қайырған.

Қазақ едік күш алған тау-тасынан,

Алаш едік өлмеген сан ғасырдан.

Қазақ едік аңқылдақ, аңғал едік,

Алаш едік мейрімді, қормалы едік.

Қазақ едік жауына қатал едік,

Алаш едік достыққа адал едік.

Қазақ едік еліне қорған едік,

Алаш едік саялы орман едік.

Қазақ едік құрғыр-ай құл да болдық.

Алаш едік «Арыс» боп торда өлдік.

Қайран менің «Желтоқсан» боздақтарым,

Ерлігіңмен Егемен елде болдық.

Тәуелсізбін қастерлі тілім қайда?!

Ерлік жасар ел дейтін ерім қайда?!

Мен сенейін «жақсы сөз жарым ырыс».

Болашаққа сенейін, сенім барма?!

 

КӨКЕЙДЕГІ БІР СҰРАҚ?

Көкейдегі бір сұрақ,

Салмағы ауыр зіл сұрақ.

Етекте қалды Қайран тіл,

Төбесінен құз құлап.

Тірі боп туған Алашым,

Тілі жоқ әттең, мың сұрақ?!

Отыз жыл өтті тілің жоқ,

Өзгеден сорлы болдық па.

Есті боп туған ел едік,

Ез болып қайта тудық па.

Төрде отырған ұлдардың,

Санасы әттең құлдықта!

 

НЕ ДЕЙСІҢ ТАҒЫ НЕ ДЕЙСІҢ?...

Абайсызда сүрінсең,

Құладың дейсің...

Қазақтың шертсем

Шер-мұңын,

Жыладың дейсің...

Намысым тұрса ышқынып,

Туладың дейсің...

Бір сәтке үнсіз жоғалсам,

Тұрмадың дейсің...

Тілім үшін тіл қатсам,

Тілемші дейсің...

Ұлтым үшін үн қатсам,

Ұраншыл дейсің...

Жоғымды таппай сұрасам,

Сұрамшы дейсің...

Түркінің айтсам бірлігін,

«Тұраншыл» дейсің..

Шындықты айтсам шырылдап,

Шулаттың дейсің...

Алланы алсам аузыма,

«Құраншыл» дейсің...

«Аруақты» айтсам бабалап,

Тәңіршіл дейсің....

Өзіммен өзім күй кешсем,

Өзімшіл дейсің...

Тегімді айтып қайтейін,

Рушыл дейсің...

Ұл болып жесең ұлт қамын,

Еее-ей.. ҰЛТшыл дейсің.

Мені қойшы елеусіз

 жәй пендемін.

Ұлы Абай мен Мұқағали,

 Не көрмеді!

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер