Ақтауда «Ақ Бидай» VII республикалық ауыл спорты ойындары басталды

2029
Adyrna.kz Telegram

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Каспий жағалауында VII республикалық ауыл спорты ойындарының ашылу салтанаты өтті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылыған сайысқа Қазақстанның 14 облысынан спортшы қатысуда. Олар теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, кір тасын көтеру, армрестлинг, үстел теннисі, жазғы президенттік көпсайыс және кикбоксинг сияқты ұлттық ойындардың 14 түрінен сынға түседі.

Аталған іс-шараның басты мақсаты — халық арасында бұқаралық спортты дамыту. Ауыл спортының ойындары 20 қазанға дейін жалғасады.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту Қазақстан халқының денсаулығын жақсартып, рухани күш беретінін және ел дамуының бағдарламалық құжаттарында көрсетілген межелерге жетуге көмектесетінін бірнеше рет атап өтті. Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұқаралық спортты дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Біздің міндетіміз - тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасап, қолжетімді спорт ортасын құру үшін барынша күш салу, - деді Нұрлан Ноғаев.

Бүгінде облыс бойынша 804 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 366 дене шынықтыру-сауықтыру бағытындағы орталықтар, 397-і білім беру ұйымдарында болса, 41 спорт залдар спорт мектептерінде орналасқан.

Маңғыстау облысының 2020-2025 жылдары аумақты дамыту бағдарламасына сәйкес спорттық-сауықтыру кешендерінде 100 спорт алаңы мен 10 спорт залын салу жоспарланған. Жыл соңына дейін облыста 4 спорт кешені ел игілігіне беріледі. Соның 4-і биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Атап айтқанда, Жаңаөзен қаласында демеушілер есебінен ауа тіреуіш құрылғы базасында көпсалалы спорт кешенінің және екі спорт ангарының құрылысы жүргізілуде. Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылындағы "Ауыл ел-бесігі" бағдарламасы аясында 160 орындық спорт кешенінің құрылысын ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарланып отыр.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер