Жем-шөпке арналған субсидияларды тек таңдаулы қожалықтар ала бере ме?

462

"Ақ жол" партиясының депутаты А.Әбілдаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Р. В. Склярға депутаттық сауал жолдады. Сауалдың мәні төмендегідей. 

"Биыл мал шаруашылығы саласына оңай болмады: қары аз қыс, жаз айларындағы аптап ыстықпен қатар жауын-шашынның аз мөлшері (бірқатар өңірлерде жауын мүлде жаумады) жайылым жерлердің жағдайына теріс әсер етті. Басқаша айтқанда, өткен жылдармен салыстырғанда биыл шөп шығымы аз болып, уақытынан бұрын қурап кетті.

Жайылым жерлердегі жем-шөптің жеткіліксіздігі мен жем-шөп дайындау көлемінің қысқаруы жайылымда жүрген малдың жай-күйіне кері ықпал етті, жем-шөп бағасының қамбаттануына әкеп соқты, соның салдарынан мал басының кемуі басталды.

Бүгінде тірі малға сатып алу бағасының төмендегені байқалады. Бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кешендеріне сатып алу құны тірі салмақтың 1 килограммына 670-800 теңге, орта есеппен баға 10-15%-ға төмендеген. Себебі, аналық бас ұстайтын және бұқаларды бордақылауға өткізетін фермер жем-шөптің қымбаттауы салдарынан малды қысқы уақытта ұстау тиімсіз екенін түсінеді. Сондықтан, шаруашылықтар шығынға батпас үшін мал басын бордақылауға және ет өңдеу кешендеріне өткізіп жатыр.
Осы ретте, мал бордақылау алаңдарында малдың күндік азығы қымбаттап барады. Бордақылау алаңдарында малды жем-шөптің қатты түрлерімен қоса, ұнтақталған дәнді дақылдармен қоректендіреді, олардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 60-90%-ға көтерілген. Дизель отынына бағаның өсуі еттің өзіндік құнының қымбаттауына үлкен әсер етті. Мысалыға, қыркүйектің соңында 1 литріне 289 теңге, көптеген өңірде 1 литріне 240-245 теңгені құраған, ал арзандатылған дизель отынына баға 2020 жылы шамамен 1 литріне 165 теңге болатын.

Егер осылай жағдайда жалғаса берсе, онда мал басының өсуі баяулайды, күрделі ахуал Қазақстанды ет өндіру қарқыны бойынша бірнеше жылға артқа тастайды.

Мұндайда біз аналық бастың жалпы кеміп кетуіне және фермерлер малын сатып алу бағасының одан әрі құлдырауына жол бермеуіміз керек. Өйткені баға төмендеп кетсе, саладан қатысушылардың басым бөлігі шығып кетуі ықтимал (қазіргі кезде 28 мыңға жуық фермерлік қожалық жұмыс істейді).
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігі негізді, көрсеткішті жұмыстар және халыққа әлеуметтік көмек көрсетумен айналысып жатыр деп санаймыз. Олар азаматтарды халыққа көмектесуге шақырады, еріктілерге үміт артады, қызметкерлер еңбекақысын қорға аударады. Осылайша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі азаматтарға көмек көрсетуде үкіметтің дәрменсіз екенін көрсетеді. Біздің ойымызша, бұған жол берілмеуі керек.
Осыған дейін мәлімделген шараларды зерделеп фактілерге көз жүгіртіп шықсақ. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі қуаңшылық салдарымен күресте фермерлерді қолдау шаралары туралы хабарлады. Біздің пікірімізше, бұл шаралар жеткіліксіз.

«Үкімет резервінен Қызылорда және Маңғыстау облыстарына, сатып алынатын жем-шөп құнын арзандату мақсатында 3,6 млрд теңге бөлінді (Қызылорда облысына – 1,7 млрд теңге, Маңғыстау облысына – 1,9 млрд теңге). Азық-түлік келісімшарт корпорациясының жем-шөп қорынан Маңғыстау және Қызылорда облыстарына нарықтық бағадан 17%-ға төмен бағамен 1,7 мың тонна арпа бөлінді», – деді министрлік.
Жем-шөп сатып алуды субсидиялау таңдаулы түрде ұйымдастырылған. Мәселен, Қарағанды облысында – небәрі екі аудан қамтылды, ал ШҚО-ға осы мақсатқа небәрі 130 млн теңге бөлінген.

Қолдаудың сүбелі үлесі екі облысқа бағытталғаны айдан анық көрініп тұр. Бұл өңірлерде елдегі барлық мал басының 4-7%-ы ғана шоғырланған. Анықтамаларға сүйенсек: елде жалпы ірі қара мал басының саны 8849 мың бас болса, оның 407 мың басы немесе 4,5%-ы екі облысқа тиесілі. Қой-ешкінің жалпы саны 24 144,8 мың бас, соның ішінде екі облыста 1 253 мың бас немесе ешкі-қойдың жалпы санынан 5%-ы бар. Жылқы бойынша республикамызда жалпы мал саны 3 471,6 мың бас, екі облыста 271,9 мың бас бар немесе жалпы жылқы санынан 7,8%.

Қолдау таңдаулы тәртіпте жүргізіледі, ал аналық бас күн сайын сойылып, етке кетіп жатыр. Қолдау шаралары бүкіл республикаға жаппай қажет!
Фермерлер жем-шөп қымбаттап тұрған шақта малды ұстауға қауқарсыз, бордақылау алаңдары малға бағаны көтере алмайды, өйткені бордақылау құны өсіп кетті. Ал халықтың сатып алу қабілетінің төмендігі және әлеуметтік шиеленістің жоғары болуына байланысты ет бағасын көтеру қиын.
Осы ретте баға белгілеуге ықпал етудің нарықтық емес әрі тиімділігі аз құралдарды (тыйым салу, әкімшілік қысым) қолдана отырып, бағаның өсуіне жол бермеу туралы әңгімелер үнемі жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі несиелерді қайта құрылымдау туралы мәлемдеме жасайды, бірақ осы қолдауды алудың жолы да түсініксіз.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелері бойынша мерзімін ұзарту және қайта құрылымдау туралы шешім қабылданғанын және өтінімдерді қабылдау басталғанын хабарлады. БАҚ көздерінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тамыздың ортасына қарай 10 өтінім қабылдағаны туралы есеп берді. Небәрі 10 өтінім ғана. Ұсынылған қолдау шаралары туралы сұралғанда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өзінің стандартты несие өнімдерін тізіп, несиелер мерзімін кейінге шегеру бойынша өтінімдер жекелей тәртіпте қаралатынын жеткізді. Өтінім уәкілетті мемлекеттік органдардың форс-мажорлық жағдайлардың туындауын растайтын жазбаша актілері немее өзге де құжаттар болған жағдайда мақұлдануы мүмкін. Бұл қандай құжат, оны қалай алуға болатынына қатысты сұрақ жауапсыз қалды. Біздің пікірімізше, бұл ситуация сыйбайлас жемқорлық тәуекелдерін түзеді, қолдау зардап шеккен қарыз алушылардың көпшілігіне қолжетімсіз. Алайда БАҚ көздеріне қолдау шарасы іске асып жатыр деп дүркіретіп айтылуды.

Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе біздің ұсыныстарымыз:
- фермерлерге ешбір қосымша анықтама құжаттарын талап етпей оңайлатылған әрі түсінікті схема бойынша несиелер мерзімін ұзарту немесе қайта құрылымдау. Фермер қандай жағдайда несие бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға, жедел өтінім беруге, сондай-ақ несиеге мақұлдау алуға болатынын түсінуі тиіс. Бұл мемлекетке ешбір қосымша қаражат шығынын келтірмейді. Аграрлық несие беру корпорациясы әрбір арыз берген шаруаның неиесін таңдаулы түрде емес, жаппай созу керек.
- ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруде (ИСЖ- идентификация сельскохозяйственных животных) тұрған әрбір басқа мемлекет көктемде жем шөпке деп беретін субсидияны қуаңшылыққа байланысты екі есеге көтеру. Мемлекет үшін бұл болмашы қаражат.
- шаруалардың аналық басты сатып алғанда берілетін субсидияны қараша айына дейін жеткізбей төлеп беру. Бұл бюджетте негізделген мемлекеттің шаруалар алдындағы қарыздары.
- аналық басты сатып алуға жеңілдікпен несие беру. Бұл шара жем-шөпті дайындау немесе сатып алуға жағдайы жоқ шаруалардан аналық басты сатып алуға мүмкіндік. Осы ретте несиелер бойынша тиімді қаржылық шарттармен туындаған жоғары сұраныс аналық мал басы мен жалпы малға бағаны ұстап тұрады;

Онымен қоса, мынадай сұрақтарға жауап алғымыз келеді:
1. Мал басының жаппай кемуі және саладан фермерлердің кетуін алдын алу үшін қолдаудың нақты шаралары қашан қабылданады?
2. Аналық бас алуға жеңілдікті несиелер, қолданыстағы міндеттемелер бойынша кейінге шегеру түрінде қолдау шаралары беріле ме?
3. Жем-шөпті субсидиялау қиын жағдайға тап болған фермерлердің кең ауқымын қашан қамтиды?
4. Мал шаруашылығында сақтандыруды ілгерілету бойынша жұмыс қашан (бастапқы кезеңдерде 80%-ға дейін сақтандыру сыйақысын субсидиялау) күшейтіледі?
5. Мемлекет бағаның өсуіне қарсы күресте әкімшілік кедергілерді қосуды тоқтатып, халықтың осал топтарына тиісті әлеуметтік көмек көрсету мәселесін қашан пысықтайды?
Құрметті Роман Васильевич, дер кезінде мал басын сақтап қалу үшін фермерлерге қол үшін бермесек, онда мал басының өсуі баяулап, Қазақстанның ет өндіру қарқыны бірнеше жылға артта қалып, оны қалпына келтіру оңайға соқпайды. Сондықтан да біздің көтерген мәселелерімізге құлақ асып, шешуге көмек беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы