Қылыштың қыналы жыры

1120

Бар қаруым – өткір ой, қалам ғана.

Қ. Сүндетұлы

 

 

(«Біздің елдің сұлтаны мен ұлтаны» топтамасынан)

СЕМСЕРДІҢ ТУЫСЫ

Қаны қазақ болмағанымен жаны қазақ Самуил Маршактың бір өлеңі бар. «Для пьянства есть такие поводы: /полинки, праздник, встреча, проводы./ Крестины, свадьба и развод, / Мороз, охота, Новый год./ Выздоровление, новоселье, / Печаль, раскаянье, веселье. / Успех, награда, новый чин, /И просто пьянство – без причин…», – деп келеді.

Несін айтасыз, өмірдің өзінен ойып алынған жолдар ғой, бір ғана түзету болып тұр: қазақта арқа-жарқа бас қосу «беспричинный» болмайды, ол үшін қалайда сойылдай мықты бір сылтау керек. Мәселен, елден жырақтау жүруім себепті қазақтың «Алтын жағаң болса да, етек пенен жең керек, асқан батыр болсаң да, ағайын мен ел керек» дейтін нақылын ұстанатын өз басым елге әр келген сайын дастарқан жайып, көңіл жетер жігіттерді шақырып, бой көтеретін салтым бар. Ағам үйінде – қарттың қара шаңырағында қаймақтап шәй беретін ақ жеңешем отырғанда несіне тартынайын.

Бұл жолы олар төртеу болып келді. Көшелеріне ат тағылмаған «Өркеннің» мөлтегінен әр келген сайын міндетті түрде үйді таба алмай адасып кететіндіктен әдеттегідей көше қиылысында шығып, іңірде шайтан көшкендей боп жеткен алашабыр топты қарсылап тұрмын. Қалыңқылау келген мына бір ақсары – «доктыр» Аққали. Автобустың доңғалағы ұрып, мұрны сәрделкі сияқты буылтықтанып қалған қазанат денелісі – «бөденеші» Борекең-Боранбай ғой. Түр-тұлғасы өзімнің тұп-тура антиподым – ол, әрине, ақ жездем Әбілхан. Ал мынау кескен томардай төртпақ тығыршығы кім болды екен?! Марқұм Қал-ағаңа  (Қалихан Ысқақов) жолдастары бейтаныс біреуді таныстырса, о кісінің бірінші сұрағы: «Бұрын бірге ішіп пе едік?» болады екен. Анау бұрын отырыста кездеспегендерін айтса, Қал-ағаң «Ә, онда білмедім» деп, бас шайқайтын көрінеді. Сол айтқандай, бұрындары бірге ішпеген сияқтымыз. Сірә, жігіттерге «за компанию» ілескен біреу ме деп, түрі-басын байқатпай қарап тұрмын.

Жаңа үйретілген жайдақ аттай ойқастай басатын және әңгіменің тінін жоғалтып алудан қорыққандай тез-тез сөйлейтін жігіт екен. Ит тиген бұтадай арық менің көзіме сүйек бітімі іріден гөрі шәпетілеу тәрізді көрінгенімен, ығыспай келіп қол беріп амандасқанында темірдей қатты жалпақ алақанының уысында менің саусақтарым әшейін қорап ішіндегі іспешкінің төрт-бес талындай боп қалды. Бөрттірген дән секілді ісініңкіреп тұратын моңғолоид тұрпатты беті сары май салған бүйенше жылт-жылт етеді. Маңдай жыртақарыс. Ал енді көздері бар ғой, көздері – өлген малдың көзіндей жылбысқы су көздермен таза диаметральды қарама-қайшылықта: көзәйнектің аржағынан ұлудың ақ қабашық қабығындай жылтырап, тынымсыз өжет жанарлар ұшқын тастайды. Өтірік айтып қайтейін, төртінші адам менің «Шиндлер тізімімде» жоқ еді, содан да шеркештігіме бағып, алғашында «Күркетауықтың қоразындай болып ісінген бұл қай томпыш?» деп, онша жаратыңқырамадым. Пұшпақ бөрік, манара шапан кигізіп, күміс кемер белдікпен буып қойса, тұрған байбатша! Буржуй. Ну, байшігеш…

Оңтүстікше айтқанда құмбыл жігіт екен, осы ойымды оқып қойғандай лезде құбылжып, шабатаның қалыбындай шелтиген маған «Мақтап алып келген жазушыларың осы ма?!» дегендей шекелеп бір қарады да, бұрылып, кетермен болуға айналды. Көзілдірік әйнегінің аржағында екі көздің қарашығы қос ауыз мылтықтан шығар екі оқтай атылыңқырап, желкесін беріп тұрды. Сол уақытта менен десі басым түсіп,  алапасы асқандай болды. Сол арада «Ойбай, маған исі атыраулықтың жаттығы жоқ» деп, інгендей қайқаңдап кеткенімді өзім де байқамай қалыппын. Айтам ғой, әншейінде ілгегі жоқ ақ көйлектей, бірақ жақтырмай қалса түктері үрпиіп шыға келетін бұл атыраулықтармен байқап сөйлеспесең, бұтыңа сидіріп жібереді.

Жаңа танысымның (ол өзін Қылышбай Сүндетұлымын деп таныстырды) жай бір ат күтер жобалғы жігіт емес екендігі үйге келгесін толықтай көрінді. Әдетте қазақ дастарқанында қонақтар үлкен-кішілікті, атақ-үрметті еске алысып жайғасып жатады ғой. Менің осы феодалдық-ақсүйектік, отағасылық жазылмаған заңды бұзып, меймандарды ежеқабыл жолымен, ата үлкендігіне қарай орналастыратын бір ғадетім бар-ды. Сол бойынша тойды бастайтын әлім баласы Әбекең төрге шығып отырғаннан кейін өңгелері – той-топырда болса олжа алатын байұлы үстелді жағалай төменірек жайғасты. Берішпен қыз алысып, қыз берісіп, қат-қабат құда боп жүргеніміз тегін емес шығар, қалған үш қонағымның үшеуі де маған байланыссыз себеппен сол үшбу атаның сойынан болып қалыпты. Сонда Әбекеңнің оң тізесін ала отыратын кәделі орын жаңа танысыма тиді – кейін білсем, Қылышбай Сүндетұлының төменірек отырғандардың қай-қайсысынан да екі-үш жас ілгерілігі бар екен.

 

Жеңгеміздің баптап пісірген түстігін кезек-кезек мақтап, омыртқаға ортақтасып отырған сол мәжіліс-машырап үстінде Қылышекеңнің кісіні өзіне тартып алатын албасты қасиеті барынша жарқырай көрінді. Енді көзіме болатқа көмкерілген бронды мәшін елестеді: заржақ туған бала екен, сөйлесе сөзді табады, жел сөзге кідірмейді және соны өңменінен сұғып айтатын да қалпы бар. Шыжбақайламай, төбесінен тоқ еткізіп тура айтып, кесек жапырақтайды, ара-арасында қызмет адамының қой қайырғандай дөрекі сөйлеуі де кетіп жатыр. Әңгімені шорт үзіп, келтесінен қайыра салатыны да жоқ емес. Аяғын тыпың-тыпың тез басатыны сияқты, дыбыр-дыбыр тез сөйлейді екен деп жоғарыда айттым ғой, бірақ бұл енді оның кемшілігі емес, артықшылығы екені осы кең отырыста аңғарылды. Кейіпкерім сияқты жылдам сөйлейтін бір адамды білетінмін, ол – мәскеулік белгілі музыка сыншысы, журналист Маргулис. Бірақ Михаил да, Қылышбай да тез сөйлегенімен, біреулер құсап желді күнгі жаңбырдай сабалап босқа лақпайды, желісіне түсіп отырып мәнді, мағыналы сөз сабақтайды. Басында йод жетіспейтін көк милар ғой сөйлеп болмай, мырыңдап діңкеңді құртатын, ал «қатқыл дискілеріне» кальций мен йод толық барған кәміл адамның ойлау жүйесі, ой қорыту машығы компьютердей жылдам, соған сай берілер жауап, айтылар ой да бірін-бірі соқпа-соқпа кимелеп, итермелеп, ұлы мұхиттың көкшулан толқындарындай алға қарай ұмар-жұмар ұмтылысып жатады. «Оқығанымнан жазуым тезірек» деп Джон Апдайк айтқандай, орыстың Михаилы мен қазақтың Қылышы американ жазушысының қаламын қағаздан алмай жазудан уаз кешетіні сияқты, ой мен одан туатын сөзді күймеге көсем аттай қатар жегіп, рахат тауып жататын болса, өздері білсін. Қылышекеңнің осы ойы мен тілі қатар шапқан психотип қалыбын қаламдас аға-ұстазы Қадыр Жүсіп әзіл өлең түрінде былайша өрнектепті: «Менің жүгіргенімдей жай жүргенің,/ Менің ақырғанымдай әр күлгенің. / Тез сөйлеуден егерде болса жарыс, / Өзіңдікі болар-ау бар жүлденің. / Саусағың клавиште ойнақтаған, / Не ғажап компьютерді ойлатпаған! / Құлағың әр айтылған әңгімеде, / Көздерің жалт-жұлт етіп жайнақтаған».

Қадекең бұл жерде қызметтес інісінің бойынан көргенін еш ұшқырландырмай жазып отырғаны зайыр ақиқат. Яғни байқампаз ағамыз бір мезгілде әңгімені де, компьютерді де бір өрім қамшыдай үйіретін сирек құбылысты сипаттаған да берген. Сонда біздің Қылышекең екі компьютерді біріктіріп жасаған, бір мезгілде ойын да ойнап, видео да көре беруге болатын әлемдегі ең жылдам дербес компьютер – британдық 8 Pack OrionX-тің жұмырбасты, ажалды пенделер арасындағы телуі (аналогы) болып шығады да. Міне, қайда жатыр адам мүмкіндіктерін зерттейтін ғалымдар үшін материалдың көзі!..

Не керек, сол жолы түн ортасын ауғызып бірғауым әңгімелестік. Бедері өшкен талай уақиғаларды тірілттік. Тай кезінде жоғалып кетіп, тарландап барып табылған мен үшін елге қатысты сөздің баршасы да қызық. Құдайшылығын айтайын, осы күнге шейін өзім осы біледі-ау деп тауарих тәптіштетіп көрген адамдарымның бәрі болмағанымен басым көпшілігі әңгімеге онша көбеңдете бермейтін, айтатындары «пәлен де түген, есек те құлан»-ды, ал аяқ асты тапқан мына хикаятшымның аяқ алысы бөлек, аузын ашса лықсып мәлімет хабар төгіледі және қай сауалдың шетін шығармайын, сөзімді жетім қалдырмай, үзіп-жарған жауап алам. Оның үстіне талай мінбеде сөзге шығып, ысылған қу әлгінің барлығын тақияға тас тастағандай етіп дәлдеп, ұғымсыз шәкіртке кездескен ұстаздай тізіп, пәмдеп жеткізетінін қайтерсің. Өмірден біздің де көрген, білгеніміз аз емес еді, бірақ менің ендігі хабар алысым Торсықбай емес, Қылышбай болды. Кейін анау айтқандай қиыспас дос болып кетпесек те, арамызда тетелеп теңескен адамдардың арасында болатын әжептәуір жылы қатынас орнағанның соңында бірсіндеп өмірхаятына да ынта қоя бастадым. Пысықтық, сұңғылалық, әр нәрседен хабардарлық жалпы журналистке, зерттеушіге тән қасиеттер ғой, бұл соның қайсысы болды екен деп жүруші ем, сөйтсем Қылышымда соның екеуі де бар екен.

Мен ақмылтық журналист, жертесер зерттеуші Қылышбай Сүндетұлымен осылай таныстым. Кездейсоқ емес, тағдырдың ретті кездейсоғы екеуімізді таныстырып қана қоймай, шығармашылық адамдарына тән бір ортақ мінездер арқылы табыстырып, өмірдің ұзақ сонар сорабына салып әкетті.

 

***

Осыдан тұп-тура алпыс үш жыл бұрын, мамырдың бесінші жұлдызына қараған түнге салым Жайық бойында жатқан онбірінші ауылда, ферма шопыры Құлжанның Сүндетінің жарқосағы Күйкін толғағы ащы келуі себепті ауылдың қатындарының ұйғарымымен желбауға асылды.

Таң атып, торғай әнге басқан уақытта ғана қағанағы қарқ етті, сағанағы сарқ етті апамыздың. Жәй сарқ етпеді, бала шешесін әбден қинап және жер-әлемді басына көтере «ән салып» шықты. Ең сұмдығы, теңселменің астындағы мақтасы түйдектелген ескі көрпеге түсудің орнына, шақалақты етегіне орап көтеріп алғалы тұрған көршінің әйелі Сәлияның еңбекпен шорланған күсті алақандарын да, салпы етегін де қос аяқтап шірене теуіп барып, анадай жерде қиы жайнап жатқан қазандық пештің аузына таман топ ете түскені. Мә, манағы манағы ма, көзі жыртиып, басын ошаққа ұрып, жылауды үдетті. Шырт ұйқыда жатқан қазақ сахарасын оятпаққа соққан кішкентай жез қоңыраудың шыңғыр-шыңғыр «сүйкімді» даусы жұрттың дегбірін алғаны сонша, кіндік кесуге алдын ала әзірлеп қойған пышағы түскірді таба алмай, Сәлия далаға қашты. Аулада қалжаға деген қара қойдың терісін іреп, шелмайын сылып жатқан қасапшы жігіттің қолындағы пышағын жалма-жан жұлып алып келіп, баланың жолдасын енеге жалғап тұрған кіндікке салып жіберіп еді, құдауанда, жаңа ғана зуылдап тұрған қара селебе бассайшы. Енді кешіксе, өмірдегінің бәріне өзін жауаптыдай сезінетін әлеуметтік беймазалықпен қарашығы аунап, ақшелісі көрініп жатқан заржақ бала кіндігі мойнына оратылып, қылғынып өлмек. Енді зәрезап Сәлия от басқандай ойбайлап аулаға және қашты. Бұл жолғысы бас сауғалау: мына бала өліп қалса қалай жауап бермек?!

Сол замат… ия, сол сәтте қорада әуеде ұшқан қызғыштай алыстан қанатымен бәйек боп жүрген Сүндет отағасының бүкіл өмірі көз жанарының алдынан зырқырап өте шыққаны. Атасы Қараш… әкесі Құлжан… бала күнгі елге келген күйзеушіліктер,.. талайды жер тірентіп өткен қу соғыс… кинолентаның кадрларындай бір-бірлеп сырғып өтіп жатты. Жә, оны қойшы, беріп тұрып, қайта әкеткен перзенттерінің мәңгілік шор жара күйігін айтсайшы. Қазақ бала санамайды ғой, бірақ осы жердегі сөз түгел болуы үшін айтайық, негізінде құдай Сүкеңе со күнге дейін төрт бала берген-ді – екеуі еркек фәрзәнд, екеуі нашар бала-тұғын. Қазекең қыз баланы әуеден тамған тамшыдай, қолға ұстаған қамшыдай көріп, бала демеген дейтін сөз – білмей, байыбына бармай айтылған сөз. Жас бала өлсе, «теректен бұтақ ұшып, теңізден көбік шашырапты» деп қоя салған екен дегені де шындыққа сай емес. «Біреудің шығар-шықпас жаны бар, екеудің пышақ сырты жалы бар, үшеудің Бұқарда жолы, Қорасанда қолы бар, төртеудің аспанға салған жолы бар» деп, іштей мадиықтанып жүруші еді, құдай көпсінді ме, балаларының үлкені – желкілдеп жетіліп келе жатқан қос жауқазын қызы, алды беске, соңы үшке толғанда елдегі шағыр біреулердің көзі өтіп, тілігіп өлді. Одан соңғы ұлдың төл басы Оңайшаны баласы жоқ нағашылары түйенің шоқпыт жабуына орап әкетіп, сол жақта Шоқпыт-Жабу атымен өсті. Оңайшадан кейін көрген Бүркіті – ашамайға мінгізермін деп жүрген ұлы туа сала шетінеді. Енді, міне, рахымы күшті құдайым жалқұйрыққа деп шекесі торсықтай тағы бір ұлды беріп еді, онысы да отқа түсіп өлейін деп жатыр. Ныспысын Қоңырша деп бадырайтса да, Лашын деп қоқырайтса да, шебер құдай қарамай алып кететін түрі бар ғой. Енді қайтті?!

Бала тұрмай, зәрезап боп қалған әке жанқысылдыда тағдырды өзінше арбамақ болды. «Тоғыз баланы төсегінде ойнатқан» бауыры құтты ата-баба жолын қиялмен көктей шолып, зарығып көрген баланы аман сақтамақ боп қазақ жасайтын ырым-жырымдарды шым-шымдап ойға оралтты. Көп қой, көп, қайсыбірін еске алып тауысарсың: бауыр еті – баласы үшін ата-ана байғұс неге бармайды, жаңа туған нәрестені қырық ошақтың бұтынан өткізіп алған, біреу өтірік сатып алып, Сатыбалды болып кеткендер... кісінің жебеуші аңының атын арқалап, Қасқырбай, Құндызбай, Итемген атанғандар… тіл-көз тимес үшін Ошақбай, Қойшыбай, Тезекбай секілді жағымсыз есім тағынғандар… бертінгі Сергейлер, Александрлар, Светланалар… Тұрғандар, Тұрсындар, Сақтағандар… Әлде Фермібай деп қойып жіберсе ме екен, ферміде туды ғой?! Мүмкін Шора келіп қалар. Бірақ ол үшін баланың шешесі жолбарыс етіне жерік болуы және бала ерек боп тууы керек, ал Күйкіннің неге жерік болғаны дәл есінде жоқ, оның үстіне мына шарылдақ бала елден ерек болмай шықса, ертең өскесін балдардың мазағына қалады ғой. Мүмкін Шораға ұқсатып Шота дер. Шота… Шота… Осы бір өзгеден ерекше есім бала тұрмағасын кіндігін ырым етіп шотаяқпен кескендерге берілген дегенді бір жерден оқып еді. Гүржінің Шота Руставели дейтін атақты ақынының, біздің Шота Уәлихановтың кіндігі осылайша шотпен кесіліп, содан Шот-Аман атанған деуші еді. Ым-м… Кім біледі… Ауылдың жүгірмектері тағы да Шотабайды Тяпкібай деп келекелеп жүрмесе…

Осының барлығы да мүйнетке жетпейтін уақытта ми қыртыстарын алас-күлес аралап өтті. Ең соңында көз алдына құндыз сақалы кеудесіне төгілген ақсақалды кісінің бейнесі тартылып келе қалды. Әкесін танымай жын ұрып па?! Сол… Құлжан бапасының дәл өзі – жауар қардай түтеп, шудалана біткен ауыр қабағын бір қозғап, үйге қарай ым қаққандай болды да, іргеде шымырлап ағып жатқан Жайық жаққа қарай ғайып боп кетті. Жаралы аңдай атылып барып, сылағын жауын езіп түсірген саман үйіне жүгірді. «Ымды түсінбеген дымды түсінбейді». Төрдегі тұс кілемде ілулі тұрған қара қылышты жұлып алды.

Қаражолақ қынды ескі қылыш. Заманында тау-тастан қайтпасын деп заһарға салып суарған шарболат, темір мен тасқа қарымас нағыз көк балдақ болғаны көрініп тұр. «Елдің шетін бер, жаудың бетін бер» дейтін сүңгілі беріш тонау бір жылдары «шеп қылуға жігіт бермейміз» деп атқа қонғанда Құлжан бапасы тағынып шыққан екен, сол талайғы аттаныс-түсіс, үргін-сүргіннен бір белгі боп балдағының сағалдырығынан жоғарырақ жерінде жау құралының ізі – кертік қалған. Дұшпанның төбесінде жасын боп ойнағаны былай тұрсын, асылған адамның жібін қолмен шешпей, осы қылышпен кескен, босана алмай қиналған әйелдің төбесіне үйірген деп отырушы еді білетін шалдар. Бұл ес біліп, етек жапқалы ауырған адамның, әсіресе баланың көпшігінің басына қояды. Қынынан алмай қояды. Қылыштың да серті бар. Бұрынғыдан қалған жол – оқталған соң қайтуға, кезенген соң атпауға, суырған соң шаппауға болмайды…

О, құдая тоба, сол мезгіл әлденеткен бір күш қолынан еппен итергендей болды – қылышты қынынан қалай суырып алғанын өзі де аңғармай қалды. Талай жыл торғайкөз темір сауытсыз жетімсіреп, жүзін тат басып жатқан имек бас дүние дидарын қайта көруі мұң екен, үйдің сыртынан айнала төңіректі дүсірлетіп, үзеңгілері сартылдап, ауыздықтары қаршылдап, күлік мінген бір топ дүбірлете жөңкіліп өткендей болды. Мұның барлығы да мүйнеттің үштен біріндей ғана уақыт алды, одан әрі Сүкең ендігі көп ойланып тұрмастан бір шешімге нық бекініп, имек бастың мізін сылап көрді. Өзінен-өзі егеумен егегендей, білеумен білегендей, дем тартып, өткірленіп тұр екен: ер түркінің қылышы самурайдың катанасындай адам денесін кесуге ғана арналған, оны орынсыз суыруға, жерге даңқсыз қадауға болмайды деп тегін айтылмаған. Қойдың шикі құйрығымен майлап, ер қаруын мейірлендіріп алса болар еді, бірақ оған уақыт қайда.

Жебей басып, қазандық бөлмеге өтті де, «Ия, Алла, қарғамды көздінің көзінен, сұқтының сұғынан, тілдінің тілінен сақтай гөр», – деп тілек тіленіп алып, зайыбының жанын жапырақтай қалтыратып тұрып, шорт кесті кіндікті. Қылыш тартудың тәсілін ешкім үйретіп көрмеген-ді, алайда ғасырлар бойы қанда, жанда бұйығып жатқан ақпарат баранка айналдырып қана келе жатқан бұған қылыш дегенің жүзі қылпылдаған ұстара яки шаппа емес екендігін дәл ұқтырғаны сонша, ұстап тұрғанының қайырыла бастаған пышақ әліптес жүзін қиғаштай, оқыс тартып қалды. Қылкеңірдегі тажал кіндіктен босаған нәресте анасының омырауына апарылғаннан кейін иіс алып, жылауын демде қойып, көзі жыртиып ұйқыға кетті. Отағасы болса кіндікті таза жіппен байлап, түбіне күл септі. Қыз бала туса от басы, ошақ түбіне көмер еді, еркек баланыкін үй күшік болмасын деп қыр асырып лақтырады, не шабандоз болсын деп ат жалына, оқымысты болсын деп кітапқа байлар-ды.

 

 

Сүкең әлденеге соңғы жолды таңдады. Әлде таңдамады… Біздікі қисын ғана. Шынымызға бақсақ, тарлан тарихта бұл жөнінде анық мәлімет жоқ. Қаһарманымыздың ныспысы кіндік кескен құралға орайластырылғаны ғана талассыз шындық. Негізінде Сүндет отағасы баланың ат-есімін семсерден шығаруды да ойға алып қойған. Ертең азамат болғанда жұрт «Сүкеңнің Сүкесі» деп кәделесе дегендік қой. Бірақ бұл іс әруаққа – «тәйт» десе тайдырып түсіретін әруаққа шет, себебі атадан қалған мұра семсер емес, қылыш. Ол жағы жұрттың бәріне аян. Сондықтан қазанның құлағын онша дабыралатпай қағып, онша азандатпай ат қою үшін оңаша ғана алдырылған молдекеңе Сүкең жайлап қана «Баланың аты Қылышбай болсын» деді. Ал ағайын-аумаққа «Қылышбай дегенге баяғының Әлібек батыры сияқты шешесінен алты қарыс селебесін ұстай туған бала екен деп қалмаңыздар. Кіндігі қылышпен кесілгесін және ғұмыр жасы ұзақ болып, елін жауға алдырмайтын, жерін дауға салдырмайтын қылыштай өткір азамат болсын деп ырымдап қойып отырмыз», – деп  жариялады. Көкірегі даңғыл қарттар сол сөзге ұйып, бірауыздан бата беріп, мақұл екендіктерін білдірді. Және бір қара қойдың басы бұл дүниеден тайып тұрды.

Ал жұртты ұлардай шулата келген және бір емес, екі қойдың обалына қалған Қылыш бала бұл кезде мәмесін солп-солп еміп қойып, көзі кілбиіп ұйқыны теуіп жатты.

 

СЕМСЕРДІҢ СУЫ

 

Қылыш бала бір күнде бір жасап, екі күнде екі жасап ержететін ертегінің батырындай тез жетілді. Алтын жерде, алмас белде, қылыш қында құр жата ма, Сүкеңнің қасқа құлыны  желісінде бұлқынса, мына таусыншақ баласы бесігінде бұлқынды. Басшы болуға лайық кісіліктерін және абайлық рух сынын әлден танытып, бірде көзі отауланып айналасына кідие қарап қояды, енді бір ауық үйдің ашасына ойлана көз тігіп жатқаны.

Күндер өтіп жатты. Онымен бірге заманақырдың тастүйнегі де білдіртпей өсіп келеді. 1963 жылдың қоңыр күзі болуы керек, жасы толып, ауылдағы Фурманов атындағы орта мектептің табалдырығын аттады.

 

Осы жерде бір тарихи шегініс жасап жіберейікші. Әңгіме былай.

Жайықтың оң жақ жағалауы кейінгі ортағасырда казак-орыстың бөктергісінде кеткеннің соңында қалың қазақ бірыңғай сол жақ бетке көшіп, өзеннің атырау жасап теңізге құятын тұсынан сонау Текеге дейін ендеп жатқан етекті елге айналған-ды. Осы өңірде көне тарихтың талай алтын беттері қатталған. «Қыз Жібек» жырында алты арыс шектінің жаз жайлауға бұзыла көшкен көшінің алды Ор, Елек жағынан қомданып шыққан беті Жайықтың төменгі құярлығына дейін жететіні, осы маңда Қыз Жібек бес қыз нөкерімен қызғалдақ теріп жүргенде аяулы Төлегеннің қаза хабарын естіп, талып қалатыны айтылады емес пе, соған қарағанда бұл жер ертеде қалың шектінің әуелгі майлы жұрты болған сыңайлы. Олар кеткеннен кейін басы бүтін қалың берішке, оның себек, тума, сары, байдаулет бөлімдеріне қоныс ретінде бекітілген.

Содан бері кең атыраптың шүйгін жайлауына қазақтың усадьбалары мен имениелері – ордалы қыстаулар орнайды. Ауыл-ауыл боп қотан иіріп қоныстанады. Өзен бойлап, саршұнақ інінің түндігіндей болып, әр жер-әр жерде отырған бұл елдің ежелгі атакәсібі – төрт аяқты малдың тісіне еріп, сүмесіне қарау, жүн жайып, жабағы кептіру-тін. Өзеннің жанабында, көлдердің қабағында отырса да, «Балық ұстағанның байлығы етек-жеңі кепкенше» деп, жаралмышта бауыздалған осы бір мақұлықты ұстап, саудаға шығару кәсібіне аққұла ден қоя бермейтін. Бірақ жеудей жейді. Науқанында шоқыр, жайын, сазан, аққайран, көксерке секілді балықтың неше атасы қабыршақталады, қызыл балықтың лай иіс уылдырығы да бар оның ішінде, сөйтсе-дағы сорпасы қанша жерден бал татығанымен, қойдың қоңырсыған сорпасының орнына жүре алмайды (кешегі ашаршылықта халықты балық құтқара алмағаны да содан – таза белок қалайда адамға қорек болып жарытпайды, себебі онда еттегі амин қышқылдарының кенеулігі жоқ). Қысқасы, тіршілік көзі – мал.

Кешегі кеңес тұсында осы қыстаулар мен көңдер ылғи бір нөмірлеп тастаған, социалистік бақыт құшағындағы тіз қатар қалқоздарға айналғанда да ел кәдуілгі тірлік қалпынан айнымаған. Сол заманда қазақ халқының жартысынан көбі ауылды жерде, екіжарым мыңдай қалқоз-сопқозда тұрса, бұл ең алдымен ата кәсібімізден қол үзбегендігіміздің арқасы. Олардың әрқайсысы он бес мыңнан қырық мыңға дейін адам тұрған іргелі елді мекен-тұғын. Көпшілігі «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» дейтін ұран астында еңбек етті. Соның ішінде ел бұрынырақта Есбол деп таныған, соңғы атақпен Онбірінші ауыл деп нөмірленген, яғни біздің кейіпкеріміздің асқан қиындықпен кесілген кіндігінің қаны тамған «Заурал» кеңшарына қарасты №2 ферманың өзінде ғана сегіз мың жылқы, сауындығы мен бойдағы аралас алты жүз мүйізді ірі қара болғанда, қойдың басы жиырма мыңнан асып тұратын. Және жай қой емес, асыл тұқымды мал – қаракүлше. Туғанына екі-үш ай болған марқа қозының бұйра-бұйра әдемі қаракүлше терісінен бұрын қазақ ішік, тымақ тіксе, кеңес тұсында аса бағалы елтірі ретінде экспортталып, қалғанынан кеңестік айбынды әскердің генералитеті қоқырайтып пәпекі тіктіріп киетін. Сәйкесінше Орталық елтірі бағытындағы ұжымдық шаруашылықтарға айрықша назар тіктемегенімен де, назардан қақас та қалдыра бермейді. Ферма сайын еңбекші халыққа қажетті жағдайдың бәрі бар, тұрмыстық, мәдени қызмет көрсететін орындардың, әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуі жіті қадағаланады. Оның үстіне Есбол – сонау патша заманында екі тепкішекті орыс-қазақ мектебі ашылған, одан бері де, ауыл бірер жыл Бақсай (қазіргі Махамбет) ауданының орталығы боп, тіпті өз атын қазіргі Индер ауданына беріп тұрғанда осы маңайдағы оқу-білім ұялаған мекен ретінде даңқталған құтты қоныс еді. Онда кезінде алашшылдар көркейткен, соңынан олардың алдын көрген алғашқы мұғалімдер сабақ берген өнегелі мектеп бар-ды. Мына қызықты қараңыз, Есбол бұрын аудан орталығы болғандықтан ондағы мектеп онжылдық еді, ал кейін келе болған сапқоздың орталық усадьбасы орталау мектеппен отырды. Кезінде Жабу Дөкесов басқарып, Сәуле Масаева, Насиха Ермұханова, Бақтығали Әлдешев, Сембі Берғалиев секілді білікті ұстаздар сабақ берген Фурман мектебі ауылдың өз балаларына қоса маңайда жалғыз үй отыратын шопандардың нәсіл-несібіне де сапалы білім, саналы тәрбие беруді бұлжымайтын берік дәстүріне айналдырған-ды. Қылышбай сол білім ұясына барды және салғаннан оқуға алғырлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, алдымен озат октябратшы, сосын алқызыл үшкіл галстугі желмен желбіреген мақтаулы пионер атанды. Мұның аяғы бір кластың бұйдасын басы бүтін иеленуімен тәмамдалды. Ол кездегі сыныпта бірнеше көрнекті лауазым болатын, ол – кластың старостасы, оның үш (кейде төрт) орынбасары – звено жетекшілері, тазалықшы, қабырға газетінің редакторы мен сүгіретшісі, кернейшісі және барабаншысы. Әлбетте, староста солардың барлығының үстінен қарайды, ол сонымен бірге мұғалімдердің сүйіктісі, – мен бұған бұрынғы класс барабаншысы ретінде кепілдік ете аламын. Міне, сол болашақ барабаншы мектепке енді ілігіп жатқан шақта, содан жүз жиырма шақырым жерде біздің Қылышекең дүрдей староста болып сайланған екен. Бізге жеткен деректерге қарағанда, билік басына келе салысымен, содан он бес жыл бұрын жаны жаһаннамға аттанған «мұртты көсем» секілді бүкіл билікті қолына жиып алған. Немесе парламентті керек қылмайтын қазіргі президенттік билік сияқты.

Сөйтсе-дағы, Қылыш бала жалпы авториталық режимдерге тән әдетпен тәртіп, тәртіптілік мәселесін назардан еш қалдырмаған, деп хабарлайды тағы да сол ауыл «архиві». Атап айтқанда, ол староста сайланған күннің ертесіне кластың тазалықшысын өзіне шақырып алып, оның назарын мына мәселеге аударады.

«Аврора» үнімен асқақтай саңқ еткен революция дабылына биыл артық-кемі жоқ елу екі жыл. Екі-үш ұрпақтың дерлік ғұмыр жасы. Совет өкіметі қазақ даласына автолавка мен туберкулез ғана әкелді деу әрине дұрыс емес, бұл – тарихқа қиянат. Бірақ сонымен бірге осыдан бес мың жыл бұрын ойлап табылған тіс пастасы ауылға енді ғана келе бастағаны яки елімізде 1951 жылдан бастап шығарылып келе жатқан телевизордың осы 1969 жылы ферміде аты болмаса заты жоқ екендігі, қалқоз орталығында ілуде біреу ұшырасатыны (басқарма, парторг және басбухтың үйінде ғана тұрғаны) өтірік емес қой (алғашқы теледидар ферма орталығына келесі, 1970 жылы ғана келеді). Ауылдарда электр тоғы жоқ, жұрт баяғысынша білтешаммен отыр. Халқыңның көпшілігі шымнан ойып тұрғызған жертөледе тұрады. Қысқасы, қазақтың тұрмыс-күйі аса ажарлы емес, алайда бұл жағдай тазалық сақтау, бой күту мәселесіне әсер ете алмауы тиіс, себебі ата-бабамыз бұдан да жаман кезінде тойға барған, тойыс тазаланып жүрген. Ал бүгінгі класс жағдайында гигиена мәселесі еш сын көтермейді, әсіресе осы сөз мектеп жанындағы интернатта жатып оқитын шопан балаларына қатысты, – деп сөзін сабақтады жаңа староста.

Тазалықшы осы міндетті бірінші сыныптан бері абыроймен атқарып келе жатқан, ауылдағы Ұлмаш Әділбаева дейтін қызы-тұғын. Сүндет ағайдың мына бақа болғыр баласы сол талайғы еңбегін бір-ақ сәтте тарих жүзінен сызып тастардай сыздана сөйлегеніне шамданып:

– Сонда сіз балалардың көйлектерінің жағасы кір, ұштары қырқылғанын, тырнақтары өсіп, асты кірленіп жүретінін менен көріп тұрсыз ба? – деп шамалы шырпынды. – Одан да зорын айтайын, бірақ осының барлығы да интернаттағы балдардың кінәсінен емес!

Жаңа староста «Мынау не деп тұр?» деген кісіше қабағын қиғаштай керіп, ұлудың ақ қабашық қабығындай жылтыраған тынымсыз өжет жанарларынан ұшқын тастады. Тазалықшы қыз жан-жағына қаранып алып, құлағының түбін ыстық демімен күйдіре-мүйдіре сыбырлағанда барып, мол денесі селк етіп, ұшып түрегелді.

Бит! Интернатта жататын балалардың үстінде бастың қара биті, киімнің ақ биті өріп жүргенін тазалықшы қыз талай көрген. «Неге?» десе, айтатындары: «Монша жоқ». Негізінде бар, бірақ алты айдан бері қазандығы бұзылып, істен шығып тұр. Ал интернат үйінде ең болмаса жылы суға шомылып алатын жағдай жасалмаған. Бастықтар бұлардан сығандардың таяқпен басқа ұрып биге үйреткен аю баласындай етіп сабақ сұрауды яки сонау сапқоз орталығына дейін дедектетіп апарып, түрлі саяси-мәдени шараларға қатыстыруды ғана біледі.

«Бақа болғыр бала» денесі қатты түршігіп, кешіне көрген-білгенін әкесіне айтты. Басқа біреу болса қабағымен тыйып тастар еді, ал жастайынан жетім өскен Сүкең құрт қайнатса, көбігін жалайтын ерке кенже орнындағы майқұйрығын (Қылыштан кейін Серік дүниеге келген-ді) жанына отырғызып қойып, үлкен кісілерге әңгіме айтқандай алыстан сөз шалды.

– Біздің халықты кезінде татарлар «сасы қазақ» депті, ол сөздің қайдан шыққанын білмеймін. Қой көрмесек те, қи көрдік қой демекші, менің білетінім, біздің ата-бабамыз көшіп-қонып, жайын жүрген күннің өзінде де бойларын күтіп ұстаған. Бастың битін, сіркесін керосин, скипидар қосып жуып өлтірген. Біздің даламызда бұрын ауру тарататын микроб кем келген ғой. Онда моншаға түспесе де, кірлі киім кисе де мүмкін еді. Көздің шарасындай тұнып жататын мөлдір сулы өзен-көлдер моншаның орнына жүретін. Сонан соң қазақтың білетін адамдары монша қан-сөліңді сығып алып қояды деп, үйде жылы суға шомылған, сақар қайнатып жасаған қара сабынмен кірін езіп, еркектер жұмыр қоғалақ таспен денесін ысқылатып, құрыс-тұрысын тарқатқан. Ал ондай үй жағдайы жоқ уақытта баяғы Ұрымдағы терма дейтін ортақ монша керек. Соның ішінде қалалы жерлерде, интернаттағы қойшылардың балалары үшін монша ауадай қажет нәрсе. Мысалы, адай дейтін халық суға жылына екі-ақ рет – көктемде, сосын күзге қарай түскен. «Балық болып кетеміз» деп. Әйелі қойымен бірге қозылап жататын қойшыға «Қасқа тіс құнаным-ай, қалқоздың орындайық планын-ай!» деп өлең айтқызу үшін де жағдай жасау жөн. «Тәні саудың – жаны сау» деген сөз сымға тартқан күмістей әдемі, жылтырақ сөз болып қалмауы лазым. Ендеше, моншаның жарты жылдан аса уақыт істен шығып тұруы оғат іс, әрине. Оғат демекші, қайбір халықтарға монша бойдағы оғатты шығарып тұру үшін де керек, ал бит қарамаса отыра алмайтын қазаққа моншаға жиі түсіп тұрмаса болмайды, – деп, сөзінің аяғын зіл аралас әзілге жыға аяқтады.

Қылышбай ол кезде «бит қарамаса» дейтін тіркестің «сөз термесе» деген астарлы мағынасы барын білмейтін, содан да сөздің тура мағынасына жармасып, ақыл зерек шығарған қорытындымен:

– Мен мұны қалайда жазуым керек! – деп кесті. Іші шілде түссе жібімейтін көкмұз шенділерді бір жағына шығарамын дегендей дала қаққан қоңырқай жүзі қабаржыңқырап отырып айтты.

Сүкең әдепкіде «Мына жүгірмек жоғарыға арыз ызғытпақшы ма?!» деп шімірігіп қалған. Оң-солын танып қалған он үштегі бозымбай әке қабағын сезе қойды.

– Жоқ, аудандық газетке жазам. Тұп-тура Теңдік Жауыровтың өзіне жіберем!

Е, солай ма еді!? Дабылдатқың келеді екен ғой...

Сүкең орнынан созалаңдай тұрып, өрістен қайтқан малды қоралауға кетті. «Бұғанаң сенің қатқан жоқ, балаққа жүнің жеткен жоқ. Саған үлкендермен алысуға әлі ерте» дегенді көзімен ұқтыра кетті. Тағы мысықтай шақар неменің ниетін ашық қолдамаса да, сол қабағымен-ақ, мағыналы үнсіздігімен-ақ алғашқы әкелік шылбырын бере кетті. «Балам-ай, сол моншаңның жұмысына рабочком ұйғарымымен жауапты болып бекітілген мен өзім едім ғой» деп айта алмады. Мейлі, аққа тәуекел іс.

Тиіп кеткен жері тәрбие ескінің адамдары ұрпағын солай тәрбиелейтін…

 

***

   Әке алдынан от алған Қылыш староста содан қилы-қилы ойға бөксін. Күнде кешке жатқанда терең ойларға жұмады. Әрине, әкенің батасы бос қалдырмайды. Бірақ бата дейтіндей бата да берілген жоқ қой. Ал екінші жағынан осы он үшке келіп, ат жалын тараған шағына дейін әділдіктің, ақиқаттың атасы өлді дегенді де естімепті. Кластас жан досы Ғалымжан Нұрышев айтатындай, бұл мәселелер күн тәртібінен түсе қоймаған.

Екі дос бұл шақта көлбеп жатып кітап оқитын, газет десе өліп тұратын және «Сменамен» сүгірет түсіретін бір ауру тапқан-ды. Бала біткен оқығанын тоқиды ғой, солардың көпшілігі балдәурен шақта өлермен Павка Корчагин мен әкесіне шекті ымырасыз Павлик Морозовтан құрық әкететін. Дәл осы жолы бала Қылыштың ниет қойған ойына Павликтің жалаулы ерлігі дөп келетіндей көрінді. Толқын жалданып бұйраланған қаракүл елтірісінің қызығын әріде орталық көреді. Одан қалды беріде жергілікті атқамінерлер мен баскөтерерлер «атасының малын жаудай шабады». Баяғыдан бергі ата ғұрыппен қарағанда, ағайынды, тіпті ауылдасты сынау – шеннен шыққан, сөкет іс. Бірақ әділшіл, турашыл «айдарлы алтын» совет өкіметі, қаламды қаруға теңеген өкімет соның біреуіне де қарама, ала жіпті аттағанды, жалақы алып жүрген жұмысына таяқ ұшынан, немкетті қараған адамды сын садағымен аямай түйре деп үйретеді. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді. Жан-жағыңа зер сал, ұзақ аңдап, терең барла, жас тілші дейді. Масылдық белең алып тұр. Еңбек етуге, ой ойлауға масылдық. Жұмыстан үйге тышқанша таситын масылдық. Қазірде жымқыру делініп жүрген мемлекет мүлкін талан-таражға салу. Жең ұшынан жалғасып мемлекет қаржысын ұрлау, пара алу. Бүгінгілер сияқты кеңірдектеп жемейді, өңештеріне өгіз құлап жатқан жемқорлық емес, ашық асамайды, айламен бүркеңкіреп жейді, шикідей, шайнамай-талғамай қылғытып жіберсе, шамадан асса төгілетінін біледі. Себебі, өкіметтің емеуріні солай: қазына сыбағасынан бір сыдырғы жіп алсаң да  білдіртпей ал, білдірттің бе, аяушылық күтпе – екі көзің торкөздің аржағында жылтырайтын болады. Кеңестік жүйенің бір-біріне шалыс келіп қалатын, бірақ терең түбінде қашанда адам баласының жанынан ескі мұржаның көлеңкесіндей ербиіп қалмайтын пендәуи осалдықтарын жіті ескерген қағидаттарының бірі осындай-ды. Бұл адам баласы оңай олжаға суық қолын созуды бәрібір қоймайды, бірақ соны тежеп, шектеп отыратын күш керек дегендік.

Міне, солай. Жайық жағасында жайын жатқан сапқоздың әкімқараларының арасында осыны қапысыз ұғынып, шаруашылықтың қоң ет, майлы сүбесіне тұмсықтарын қадап қойып, білдіртпестен теспей сорып жатқан сүліктер жоқ емес-ті.

Бала Қылыш осының бәрін ойша салмақтай келіп, бір күні таң алдында нық бір шешім қабылдады. «Көппен күресетін заман келді. Шылық жеңе ме, біз жеңеміз бе?» деді ол терезеден себезгілеп түскен оймақ сәулелерге қарап ойланып жатып.

Тарихи шешім солай қабылданған. Ертеңіне арты жер иіскемейтін құлан аяқ Есболдан жеті шақырым Онүшінші ауылға – сапқоз орталығына жаяулап барып қайтты. Кітапханаға соғып, ондағы медициналық әдебиет бөліміндегі сөрелерді қопарыстырып жүріп, ұлықсан «китобтың» біреуінен бит-бүргеге қатысты мәліметтерді тапты. Педикулес ауруының тұңғиығына түсті. Бит өрмейтін жалғыз-ақ киім – жібек матадан тігілген киім деген жеріне келгенде күлкісінен кітапхана ғимараты теңселіп, жер қимырлағандай болды. Бестің шәйін ішіп отырған кітапханашы апайлар шашалды. «Ойбай-ау, біздің ауылдағы қайдағы жібек киім?!»

Іңір әлетінде үйге жетті де, шәйін де ішпестен, ақшаммен жарыса шабыт шырағын жағып, етпеттеп жатып қаламға бағынды, қағазға табынды. Қысылшаңда тез жазып тастайтын журналистік машық кейін қара тәжірибемен келді ғой, ал тырнақалдысын жазу оған оңайға түскен жоқ. Темір сапұшы көстеңдеген он үшінші нөмірлі ағаш қаламсабын көк сиялы сауытқа қайта-қайта матырып алып (шарикті автоқалам онбірінші ауылға әлі жете қоймаған), жазғанын қайта-қайта жыртып, не жазсаң да көтере беретін бишара қағазды десте-десте шығындап, түнімен қалам тебірентті. Кестесін келістіріп жатпастан яки «эзоп тәсілімен» тәсілшеңдеместен, ширатқан қыл шылбырдай шиыршық атып, ашуға тығылып сойдақтатты. Ертеңіне кереге көз дәптердің үш бетіне жазған отының алды, суының тұнығы – фельетон деуге де, памфлет деп атауға да келетін әшкерелеу шығармасын қарлығаш қанат көк конвертке салып, мұқият желімдеп, сыртына Махамбеттегі аудандық газеттің адресін жазды да, редактордың «тап өзіне» жолдап жіберді.

 

***

Апта аралатып, аудандық «Малды өңір» газеті жас тілшінің «Ауылда монша жоқ» деген айқай тақырыптағы сын мақаласын екінші бетіне қасқайтып жариялады.

Ол кезде ауылдарда газет атаулы пұшпағына дейін оқылатын. Қырға барсақ қой семіз, ойға барсақ ой семіз-ді. Немесе оқығандары оқымайтындарға айтады, әйтеуір, не керек, біреуден біреу естіп, сұқ хабар түрленіп, сан құбылып жетіп, түске жақын ауыл түгел құлақтанып болды. Бірінен бірі тыңдап, құштарлана әңгімелейді. Әсіресе от ала келген, сабынның бұлқыншағын сұрай келген қатындарға керім тақырып болды.

Газетті алдымен қолға алғандардың бірі, әлбетте, автордың өзі еді. Жүрегі атқақтай соғып, мақаланың соңында тұрған аты-жөнін қайта-қайта оқиды. Енді ше, тауарихқа өзінің ғана емес, атасының да аты ілігіп тұр ғой (ол кезде Құлжанов болып жазылатын). Кешкілік әкесі жұмыстан келгесін, үй-іші жиналып, білте шамның жарығымен «громкочит» жасалды. Тасқа басылған сөздің құдіреті-ай, Құлжан тұқымынан жазушы шыққанына және әншейін «нама жазу» емес, балапандай қабыршағын жарып шыға сап мынадай әйдік сын мақала бергеніне үй-іші, ағайын-жұрағат түгел қуанысып, шүкірлік айтысты.

Бұлар осылай тұрсын, ауылда әм кеңсе жақта не болып жатыр екен, соған келейік.

Не болсын, «Өз әкесін өзі қарақтағаны несі, бесіктен белі шықпай жатып?!» деп ауыздарын сылп еткізеді әйелдер. «Алатаудай атаға ұл қышқырған заман болды ғой, – деп күрсініседі шаруақор ересектер. – Ежірей ұл, бедірей қыз, кекірей келін». Шалдар сирек сақалдарын шөжімдеп сауады: «Жарықтық Мөңке би болжап кетіпті ғой бұл күнді. «Ат жақсысы арбада болар, Жігіт жақсысы саудада болар, Жас балшықтан үйің болар, Жас баладан биің болар деп». Көзі қарақтылары кеңсе жақтың ауанын аңдап, иіс тартып, әліптің артын күтісті.

Кеңсе жақта не болушы еді шулығаннан басқа. Заппермі Есім жатыр үйде ойбайлап, «Қап, сақалды қолдан бердім-ау!» деп. Ертесіне таңертең басқармадан суыт шақыру келгенде барып еңсе тіктеп, «бар бәленің басы» Сүндетті алдыға салып, жан-жағынан әктіпке қоршатып, бәрі Онүшінші ауылға бет қойған.

Ол кезде газеттің қаһары күшті. Жүсіп Баласағұнның бір нақылын «Келдек қалам ұшында көк найзаның сұсы бар» деп сәл өзгертіп алған кеңестік идеологияның кескен тәртібі бойынша бастауыштан орталыққа дейінгі баспасөз буындарында жарық көрген кез-келген сын материал аяқсыз қалмайтын. Міндетті түрде жауапты органдар тарапынан қаралып, кінәлі лауазым иелері жазаға тартылып, сын иесіне мерзімінде жауап беріледі. «Газетпен бір шыбынды, бір сапқоз директорын өлтіруге болады» деп ел аңыздайтын уақыт. Шыбынды қайдам, бұ жолы Нұрмахан Аудановтың басын бұлт шалғаны, басы кетпесе де тобығы ісетіні анық еді. Тобығы іскен адам қарап тұра ма, Сүкеңе қосып запперміні тобығынан бір қағып, ұшырып түсіруі әбден мүмкін.

Бұлар осылай бара берсін, Онбірінші ауылда не болып жатыр еді, енді соған келейік.

Ертеңіне, үйден асаудан үйретілген мал сықылды қалпағын осқырайта киіп шығып кеткен Қылыш бала сабақтан оралса, мәссаған, безгелдек, кешегі көтеріңкі көңіл-күйден дым қалмаған. Әке қыстың көзі қырауда орталыққа, үкім шығарылатын суық отырысқа суыт әкетілген. Кешегі 37-нің зобалаңын көре қалған мақпал кәзекейлі шешеге осының өзі атышулы «үштіктің» онбес мүйнеттік өлім мәжілісі болып елестейді. «Қарап жүрмей, қайдағыны шақырып! Енді әкең түйгіш көретін болды, сәйгектеліп қуғынға түсетін болды» деп қамырығады. Бұл:

– Апа-ау, қорықпа, көп болса жиналыста бір сілкілеп алар, – деп жұбауратса:

– Қайдағы сілкілеу, астындағы мәшінді тартып алады! – деп, тап бір қорадағы жалғыз сауынды сиырын жетектеп әкетіп бара жатқандай бой беретін емес ақкөз адайдың қызы. «Зілқабақ, ойбай, зілқабақ заман келе жатыр!»

Зілқабағы несі деп төр үйге барып жатып алды. Бірақ қарағайдан құлаған Ер Тарғын сияқты қашанғы жатсын, орталыққа кеткен айғыр топ оралады-ау деген қарсаңда шыдамай орнынан тұрып, қораға барып тығылып отырды. Шапалақ дегенің әншейін нәрсе, ашуланбайтын, ал ашуланса бабасы Исатай сияқты, көкдолысы ұстап, көтеріліп кеткен кезде әкенің қолында плантатордың бишігіндей ысқырынып, жоныңды жалай қоятын жалпақ былғары белбеуді айтсайшы. Әсіресе доға бас айыл жағы… қолға тиетіндей күн туа қалса, ұзын аққан Жайықтың қалың қорысын бетке алып зыта жөнелмек батырың.

Депутация кешікті. Аңшының кешіккеніне сүйінер-сүйінбесін білмей, жас тілші көзі бозарып, қораның жартылай ашық есігінен ауыл сыртындағы бетегесі бозарған сайын далаға, сағым қыдырған жалпақ жонға көздері боталап ұзақ-ұзақ қарайды. Оқтын-оқтын танауын желге тосып, құлағын тігіп, мәшіннің дарылдаған дауысы шығар ма екен деп дыбыс аулап қояды. Өзенді құрсаулаған мұздың аязға шыдамай, әйнектей шатырлаған дабысынан бөтен ештеңе естілмейді. Жағы сопайған, иіні түскен, ойы ойқы-тойқы. Қайтсін енді, алды – өрт, арты – жар болса. Жайына қарап жүрмей, не жыны бар еді моншаны жазып?! Ел ішіндегі шылқыған әділсіздік мұның несін алған?! Ашығын айтсаң ағайынға жақпайсың, ақиқатын айтсаң әкімдерге жақпайсың. Әкесіндей кісілерге… жоқ, асқар таудай әкеге ақыл айтып несі бар еді!? Тоң мойын, томар желке, былғары бас шенеунікті жөнге салар бұл ма?!.

Әкесі кештетіп келді. Үйге кіре сала, сары құнажын, торы атпен мұздаяқ «кампан» боп отырған мұны Жабу бала жүгіртіп шақырып алды. Қыдырбекшілеп «Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным?!» деп дауыс сала ма деп еді, жоқ, «Өзуіңді, «Батыр бала Болатбек» сен болдың ғой (әкесін тап жауы ретінде көрсетіп берген советтік жас пионер Болатбек Омаровты айтқаны), әкеңді сынап, атағың елге тарады. Кел, шайға қара», – деп күліп, үстел басынан орын нұсқады.

Сөйтсе, жағдай былай болған екен.

Шынында да, мойын бұрғызбастай орынды дәлел, бұлтартпас фактілердің негізінде сомдалған қол басындай мақаланың салмағы сапқоз басшылығы үшін қос бетті алып, шіреніп жататын сын мақалалардан кем соқпапты. Мәселе моншада ғана емес. Мәселе мынаған жоғарыдағы үкімет-құрият қалай қарайдыға тіреліп тұр. Коммунизм табалдырығынан аттап басқалы тұрған, бит-бүрге ымырасыз күрестің нәтижесінде біржола жоқ болып, тарих еншісіне өткізілді деп рапорт ұрылып жатқан мынадай ақжарылқап заманда бір емес, бақандай жиырма советтік үлгілі пионердің үстінен көп мөлшерде ақ және қара түсті паразиттердің табылу фактісі алда-жалда буржуазиялық сынампаздардың қолына түсе қалса, онысы құмдағы кеңестік кесірткелердің ізін кесіп, судағы советтік жыландардың тісін санап отырған «Голос Америки», «Свобода» радиолары арқылы беріле қалса, не болатынын тек көзге елестетуге болады – түкпірдің түбегінде жатқан «Заурал» кеңшарының аты қадірлі Леонид Ильичтің баяндамасына ілігіп, тарихқа мәңгілік қара жазумен жазылып қалмақ. Және осының бәрін бүлдірген кім дейсіз ғой – моншаға жауапты адамның өзінің бауырсақтай баласы.

Совхоз директорының кабинетінде өткен партия, кеңес және кәсіподақ ұйымдарының бірлескен төтенше жиналысында үстел құшақтаған мықтылар осының бәрін төндіре келіп, коммунист Сүндет Құлжановтың мәселесін дәл осы қазір, дәл осы жерде «майшаммен» қарап жіберіп, тиісті жаза қолдануды ұсынып, табандап отырып алды. Бір-бірімен іліктес, ашна әкім-қаралар, ауылсовет төрағасы мен жұмысшылар комитетінің төрағасы баласына дұрыс тәрбие бере алмаған Сүндетті жұмыстан шығарып, астындағы мәшинені тартып алуды ұсынса, сапқоз партия комитетінің хатшысы одан әрмен күшейіп, партиядан шығаруды талап етті. «Бізге орыстың битінен гөрі өзіміздің сіркелер қауіпті» деп Симон Петлюра қалай дәл айтқан десейші.

Хәл жаманға айналды.

Ресейде Қазан төңкерісін жасаған Ленин дейтін кісі болған. Мүмкін естіген шығарсыздар, керемет ойшы адам (ойшы болмаса дүниенің тең жарымының даму бағытын басқа арнаға бұра алар ма еді). Революцияны Мәскеуде қарсылаған ағылшын барлаушысы Роберт Брюс Локкарттың жазуынша, сол Владимир Ильич Совнарком мәжілісі үстінде, әдетте Троцкий бірінші болып ортаға ұсыныс тастап, оған комиссарлардың біреуі тап беріп, екі жақ дай-дай айтысқа түскен шақта тізесіне қойған блокнотына әлденелерді түртіп қойып, қысық көзді, шықшыты шығыңқы, моңғол репетті жүзін төмен салып (әкесі түркі чуваш болған) өзімен-өзі отырады екен де, ең соңында тасшайнар комиссарлардың біреуі тұрып, «Ал енді Владимир Ильич кесігін айтсын» дегенде барып жазуын доғарып, бір-ақ ауыз сөзбен мәселенің шешімін айтады екен. Уәжділігі сонша, жаңа ғана бітіспестей болып тұрған тараптар тынши қалатын көрінеді.

Бізге үзік-үзік жеткен мәліметтерге қарағанда, сапқоз директоры Ауданов әлгі тарихи жиналыс үстінде өзін дәл сол пролетариат көсеміндей ұстапты. Белсенділер әдетінше сұқ саусақтарын шошайтып, таласа-тармаса жарыссөзге шығып жатқан шақта былжыр ой, бітеу құлақ тірлікке ытырынғандай, шықшыт еті ойнап, үн-түнсіз отырыпты да, шешендер солықтаған шақта кесімді сөзін бір-ақ айтыпты. Алдымен қарамағындағылар сілкінсін, серпілсін деп өткір етіп, жандарына батырыңқырап бүй депті:

– Осы сендер, барлығың да, малшылардың арқасында жер басып, семья асырап отырсыңдар. Жекедегі малдарыңды қырдағы бақташы мен малшыға қосып қоятындарыңды жердегі мен жасырғанмен, төбедегі «директордың» алдында жасынға шығара алмайсың.  Сөйте тұра, малшы қауымның шын мұң-мұқтажын қыздырманың қызыл сөзінің топанына көміп, ауадан уәде, тозаңнан тілхат беруді білесіңдер. Моншаның істен шыққанын, мектептің құрттап бара жатқанын, балалардың мойыны ырғайдай, биті торғайдай болғанын сезіп-біле жүріп сендер үнсіз қалғанда, тышқандай бала шыдамай, майдан ашыпты. «Заң-еке, партия-еке, кәсіподақ-еке, бұған не айтасың?!» деп. Біле білсек, біздің бәріміздің борышымызды алтыншы кластың оқушысы атқарып, үлкен ерлік жасаған. Айтпады демеңдер, осы бала кейін ел басқарады. Осы жағынан келгенде Сүндет Құлжановтың мұндай баланы тәрбиелеп өсірген еңбегі жұмыс барысында жіберген кемшіліктерін жояды, тіпті осы жағдай бақпа қонақ ойсыз бала өсіріп отырғандарға үлгі, өнеге етіп көрсетуге әбден лайық деуге аузым барады…

Жағдайды уақыт билеген заман ғой, соған қарамастан Нұрекең шындықтың бетін көлегейлеген нәрсені сыпырып тастап, өзегін жарып, бауырын тіліп, бетке соққан. Бірінші басшы осылай деп тұрғаннан кейін жиылыс уәжді сөзге тоқтап, Сүндет Құлжановты жазалаудың орнына, оны көтеріп, заппермінің орынбасары – аға жұмысшы қызметіне тағайындауға ұсыныс жасайды және онымен шектелмей, бір жалақы көлемінде сыйлық ақша беру, Сочиге курорттық емдеу-сауықтыру жолдамасын ұсыну жөнінде шешім алады. Монша дейтін мұғжизаға екібастан бүкіл күш жұмылдырылды.

Сол жолы Аудановтан басқа директор, бүгінгінің бәріне баяғы қоржынның түбінен қарайтын біреу болғандай ғой, мәселе басқаша шешілер еді. «Жақсы басшы – елге құт» деген осы. Жарықтықтар, халыққа «әй кәпір» атанбай, соңына сөз ертпей кетті ғой солар.

Сүкең осының бәрін үй-ішіне қысқаша баяндап өтті де, қорадағы бойды алған суық енді шығып дірдектеп отырған «Болатбегіне» қарап:

– Ал енді, балам, тоқтап қалма, мақалаңды қарша борат, – деп батасын берді.

Қазақта онша кездесе бермейтін қасиет – баласының арман-мақсатына оның өзімен бірге сену…

 

СЕМСЕРДІҢ ДӘМІ

 

Әділдік ақыр түбі оңға басты ғой. Енді айта беруге болады, баяғы кездері менің де басымнан осыған ұқсас бір кеп өткен. Бірақ он үшімде емес, университеттің бірінші курсын түгесіп келіп, ауылдағы аудандық газетте практика өткерген жазда өзіміздің кәсіпшіліктегі комсомол жұмысын сынап мақала жаздым. Мен – кешірек туған көрпелдеш, Қылышбай – ертерек туған марқа. Дегенмен, екеуімізді туыстыратын бір жағдай – сол жолы Қылыш сияқты мен де материалды алыстан арбалап жатпастан, есікпе-есік көрші тұратын комсомол ұйымының хатшысы Жаңыл Үмбетаевадан ала қойдым. Осылай да осылай, Жаңылдың жазығы жоқ, жалындап тұрған жас қыз, бар гәп жастар ұйымына бағыт сілтейтін, ең бастысы, қаржылай көмек көрсететін кәсіподақ ұйымында деймін. Ең ғажабы, сынымның нысаны – кәсіподақ төрағасы да алыста емес, осы біздің «Заң төбеде», үйме-үй көрші тұратын Дүйсен Жақашев еді. Көршілігінің үстіне, ру жағынан қуалағанда да жақындығы бар. Кластас досым Марат Жақашевқа еріп барып, Рәуаш апамның ірімшік-құртын талай жайғағанмын. Мақала шыққасын, әлбетте, ол жаққа беттей алмай қалдым. Досымнан да айрылдым. Таңертеңгі шәй үстінде апам марқұм қатты ренжіді. Есесіне тәтем (бапамды тәте, ал оның ағасын бапа дейтінбіз) мен жағынан табылды. Мұнысы жүрегімді жылытты. Бірақ бүгінгі күннің биігінен бажайласам, соным әбестік болған екен. Жастық көңілдің ынтығуы да әсіре бола береме, талаптың аты арындап, әр қиянға салған шақ көзсіз бе, кім біледі, әйтеуір сол жолы тосын шешімнің бет қаратпас көкірегімен әй-түй жоқ періп кеткен екенмін. Жастық кісіні қияға да шығарады, құзға да лақтырады деген осы болуы. Мұны жазып отырғаным: мен сондай едім деу емес, бәлкім Қылышбай да кезінде осыған ұқсас бір сезімді бастан өткерген шығар дегендік. Әйтеуір батырлықтың да ебі мен орны бар екенін кейін өмір ұқтырды ғой. Таяқ жейтін жерді білетін болдық. Ең бастысы, тазалық үшін күресуден бұрын ауланы да, қоғамды да уақтылы сыпырып отыру қажет екенін түсіндік.

Бұл жолда сөз, сөз өнері – үлкен қару. Дүниені дүр сілкіндірген алғашқы мақаласымен осы ақиқатты ағатсыз түйсінген және әкесінен бата алған Қылыш ендігі жерде сөз сауып, сөйлем бағуға белін буып, білегін түріп кірісті. Тым көп жазылған жазу, тым көп оқылып қойған кітап баланы балалық мінезден ажыратқан да шығар, бірақ өмірлік шындық солай: басқа балалар астарына сиырдың жапасын қойып сырғанақта жүргенде, біздің Қылыш бес саусағы мәймеңдеп, тереңнен құрастырып намажазулар жазып отырған. Басқа балалар сырғанақтан соң құйрығын қасқыр тартып кеткендей жамау құйрық киіммен жүргенде, біздің Қылышекең сүзіліп қатып киініп жүрген. Қайтсін енді, танылып келе жатқан жас қаламгер. «Он үшінде халық қамы үшін қабырғасы сөгіліп, жүйкесі жүдеген азамат» дейтін атағы және бар. «Шыншыл» деген бағаға қылапсыз ие болып тұр. Бірқатар жұрт екі көзі оттай жайнап, асығынан жер қазып тұрған сығырдан қойдай ығысады. Ұстара-қаламын тізесіне сырт-сырт жанып, әкесінен бастап басқармаға шейін мұртын басып, сақалын алып отырған баламен, бала емес-ау, бәлемен тіпті «Пәленшекең» атанып жүрген елдің бас адамдарының өзі жақсы болғысы кеп тұра ма, қалай?! Жанында жылуы жоқ, сұп-сұр шенеуніктерің де беттеріне қан жүгіріңкірегендей болып, сыныңқырап қалады. Сегізінші кластың оқушысын фермадағы әртүрлі буын басшылары бейне бір аудандық газет тілшісі келгендей сонадайдан күтіп алып, қызмет орындарын аралатып, жандарында жүреді (мысалы, «Қаракөлше – бағалы өнім» репортажы). Олар ғана емес. Бұл жаңадан ұшталып келе жатқан қынабы алтын қырқарын асынып, қаршығадай жұтынып, көшеге қылаң ұрып шыға келгенде, сәкілдек қыз құрғырлар еріндері күлкімен қауыз жарып, шекер көздерін бір төңкеріп өтетін болды. Күлмей күмірә болғыр кейбіреуі бұл асфаһани алмасын қынаптан қылт еткізе шығарып, жылт еткізе суырған шақта бұрынғы «пионерсің әлі» дейтін сөзін ұмытып, сыңқ ете қалатынын қайтерсің. Әділсіздік атаулыға он үшінде атой сап қарсы шапқан есболдық Дон Кихоттың зауралдық Дульсинеясы болудан кетәрі емес өздері.

Баяғыда әйел халқы Распутиннің бір қарағанынан қарашықтары төңкеріліп, шаруалары бітіп кетеді екен. Бүгінге дейін қолда бар ауызша деректер Қылышбайдың бір назар қылғанынан кейбір әйел жыныстылар сондай бір экстативтік жағдайға жақындап қалатынын көрсетеді. Жә, оның жайын мұнда жазып орын алмайын, себебі, осы шетін мәселенің шетін басудың өзі – авторы белгісіз шығарманың иесін табумен, яғни атрибуциямен айналысқандай бір болымсыз тірлік болар еді. Бұл тақырыпқа жалғыз-ақ қосарымыз – кезінде мені спортпен айналысу өтпелі жас кезеңінің хикметтерінен сақтап қалғаны сияқты, жапонның сегунындай қылышының өткірлігі алдымен зердесін өткірлегендіктен Қылышбайдың бойында оқта-текте ошаң етіп бас көтеріп қалатын, жауқазынды түбінен қазып жеудің аңсарының басына су құйылған. Селебесі қынына сыянуы, қыны басына сыянуы себепті дер кезінде тыйылған. Әйтпеген күнде адамизәт әр түрлі сатыдағы басылымдарда елу жыл бойы бойы үздіксіз жарық көрген 530 атаулы журналистік материалдарды тұшынып оқу бақтиярлығынан айрылар ма еді, қайтер еді…

Үшбу материалдарға қарап отырғанда, біздің Қылыш та жазудағы алғашқы адымдарының бірін қазақ қаламгерлерінің басым бөлігі сияқты өлеңмен бастағанын байқаймыз. Құйтақандай кезінде телпегін қолына алып өлеңге басқан Тұяқ жырау, Есет Қараұлы, Махамбет, Мұрат, одан бергі Ығылман, Құмар шыққан елдің ұланы емес пе қайтсе де. Апыл-тапыл басқан мына бір өлеңі (Сұлтан-Махмұттың «Шәкірт ойына» еліктеп, «Оқушы ойы» деген ат қойыпты, рухы да сондай) жетінші класта жүргенінде жазылған екен: «Аспан, айлы арай – түн, / Сүйсіне оймен қараймын. / Гагарин салған ақ жолға, / Құс жолын аппақ балаймын…» Ауладағы сәкіде түнгі тұнжыр аспанға көз тігіп, бала қиялымен байып жатқанда ойға келген шумақтар ғой. Қылышта балалық қиялды қанаттандыратын осындай екпінді ұйқасым өлеңдердің оншақтысы бар. Одан әрі біртіндеп сұйылып барып, жоғары кластарда пышақ кескендей сып тыйылады. Есесіне новелла, әңгіме деп айдарланған қарасөздің басы көбейеді.

Мен бұл жерде Қылышбайдың прозасына сын беріп жатпаймын. Себебі олар қаламды ермек ететін әрқандай адамның еліктеу, солықтау кезеңдерінде міндетті түрде болатын алғашқы өзін-өзі байқау, сынап көрулер ғана. Меніңше, Қылыштың жазушылық жолға біржола түспей кетуінің өзіндік бірнеше себебі болулы. Біріншіден, кейіпкерімнің кітап оқуды балаларға арналған әдебиеттен бастағандығына үлкен күмәнім бар. Бір кездегі өзім сияқты Маршактарды, Чуковскийлерді, Мұзафар Әлімбаевтарды аттап өтіп, бірден қалыңдығы кереқарыс «Граф Монте-Кристоларға», төрт том «Ақ Жайықтарға» секірсе өзі білсін. Бұл – жалпы көркем шығармашылықтың әдепкі ұстаз дейтін ұясының болмауынан туатын кемшілік. Екінші жағынан, біздер кеңестік идеологияның құрбаны ғана емес, салмақты нәрсені жақсы деп, көңіл көтеретінді жеңіл, үстірт, яғни нашар деп тапқан және жанрлары қатаң бөлінген кеңестік одақ әдебиетінің биік идеалдарының құрбанымыз. Осының өзі ішінде Қылыш бар, бәлкім өзім де бар бірқатар болашақ жазарманды жаңа қалам жасақтай бастаған шағында сөз өнерінің кәусар бұлағы – балалар әдебиетіне соқтырмастан, нағыз әдебиеттен алыстатып алып кеткен сияқты. Әйтпеген күнде Қылышбай Сүндетұлынан тәп-тәуір прозашы шығып қалуы мүмкін екен. Оның метонимиялық принциппен жазылған тырнақалды «Қарлығаш ұясы» новелласын, одан соңғы «Сурет сыры», «Шешім» дейтін дүниелерін оқып отырғанда осындай ойға тіреле бердім. Соңғы екеуінің жанрлық жынысы «әңгіме» деп айқындалыпты, бірақ оларға қайткенде де таза прозадан гөрі көркем очерктік проза деген айқындауыш көбірек келіңкірейді. Оның себебі әлгі дүниелер өнбойында прозалық элементтердің толып жатқанына қарамастан, сюжеттері өмірде төркіні бар уақиғалардан шығарылған және ең бастысы салқын ақылдың қалыбына қатырылған. Ашығын айтқанда, мұнда ақындықтың да, жазушылықтың да айқын бірінші шарты болуы тиіс, әлгі «алып кетіп», «әкеліп тастайтын» белгісіз тылсым күштің – бас қаңғып, көз тұнып жазатын ерекше хәлдің жазуға қатысқандығы онша аңғарылмайды. Қылышбайдың мықтылығы сол, осы жағдайды, яғни өзінің жоқтан жонып ештеңе жаза алмайтынын түйсік жітілігімен қапысыз ұғынып, іштей қазықбау етіп шалуы, өзінің деңгейіндегі өлең-әңгімені қойып, әдебиетті түсініп оқитын сауатты оқырман болып қалуды жөн көруі. Браво, Қылыш! Сені газет ақыны болып кетуден құдай сақтады ма, әлде өзіңді өзің сақтадың ба, ол жағы маған мәлімсіз, білетінім – мынауың көркем әдебиетті хоббиге айналдырып жүрген бүгінгі базбіреулердің көзіне шұқып көрсететіндей-ақ үлгі екен. «Юпитер кісіні жазалағысы келсе, одан ақын жасайды» (Генрих Гейне) …

Осылайша Қылышбай журналистика дейтін қызық та тауқыметті кәсіптің соқпағына біржола түскен (ол Кеңес заманында мамандық деп кәделенген бұл кәсіптің иелері аквалангтармен, аспаздармен бірге ғұмыр жасы ең шолақ кәсіптердің алғашқы үштігіне кіретінін білмейтін және топшылаудың орнына бір кезде өзін «публицист» деп есептеген заңгер, саясатшы Ленин сықылды әлі күнге «дипломы бойынша тарихшы, ал мамандық бойынша журналистпін» деп осы еңбегі зор, тұзы сор тағдыры үшін мақтанады). Сосын да ғой жас текешік әлгі монша фельетонының артынша «мылтығының білтесін» жөндеп алып, от алып қопаға түскені, мектеп бітіргенше «Малды өңірдің» бетін бермей хат-хабар, мақала, суреттеме, репортаж, сықақ, проблемалық материал сынды әрқилы жанрлардағы дүниелерді сүйкектеткені. Ал енді бар ма, бақылау аңғарғыштығы күшті бола тұра жас тілшінің әлгі басы дауға қала жаздаған «монша хикаясы» сияқты ащы, ашық сынға бұдан кейін аттап баспауы ойландырады. Сегізінші сыныпта жүріп жазған, «мәселе қояды» дейтін қосалқы аты бар мақаласында ғана социалистік қоғамдағы жаңа салт, жарасты дәстүрлердің орнын толғап келіп, ауылдағы орденді еңбек ардагері апайдың зейнет демалысына шығуы елеусіз қалғанын, қолына гүл шоқтары емес, пенсия қағазы ғана тигенін жол арасы айтып, біреулерді атын атамай түйреп өтеді. Баяғы «моншадағыдай» арын, қызу жоқ, кедір-бұдыр шындық жоққа тән, әлде «күшігінде таланған ит жалтақ боладының» кері келіп тұр ма?!

Әдепкіде солай ойлағанмын, бірақ мақаланы түгел оқып шыққаннан кейін қауашағым ішіндегі боз быламыққа бірдеңе барғандай болды – бала арада өткен екі жылдың ішінде жазу өнерінде бет тартып машықтанған, өскен, өскелеңдеген екен. «Құйрығын теуіп ойнап тұр» деуші еді мұндайда марқұм Рахаң. Сөйлескен адамын консервінің қалбырындай оп-оңай ашып, айтқызбасын айтқызатын үздік қабілетінің арқасында қаламын дөп сермейді, өмір дерегін, өмірлік фактіні пернелі, әдемі сөздерге орап жеткізуге талпынады. Сайлап алған садағы – ақиқаттың ақ жолынан да ауытқымайды, сын және өзара сын қызу қолдау тауып тұрғанын да ескеру бар, бірақ соның бәрін мақсаты сын айту болған көненің сыншысындай әріден тартып, толғап, иіп әкеледі. Қанша айтқанмен де ол замандағы журналист – ең алдымен партияның солдаты, комсомолдың өрені (Қылышекең әдетте пионерлік пен комсомолияның арасында келетін өтелек – «жәйінжас» кезеңін белден басып, жетінші класта-ақ комсомолдың толық екпінді мүшесі болып алған, сол кездегі сленгпен айтқанда, қып-қызыл белсенді, «Мен – комсомол, сұрапылды кезеңнің, / От жалыны лаулағанда туғанмын» яки «Партияның сара жолын сүйеміз, / Коммунизм – арманымыз ең биік!» деп келетін жолдарынан не жазсаң да көтере беретін көмпіс қағазыңның өзі ұяттан қып-қызыл болып кететін нағыз тасшайнар отөрім еді). Содан да оның бұл кезеңдегі қалам алысына тұтас алғанда көтеріңкі леп, әсіреқызыл стильмен көзқарықтырып жазу тән. Қойған тақырыптары да дәл «Өрісбайдың өрісі кең», «Баспақбай шыққан баспалдақтар» болмағанымен де, соған жуықтау түсіп жатады. Қайтесің енді, бастан өткен белгілі жағдай ғой, агитпропқа алданып, жарыместеріне түбі тесік көзеге құм толтыртып қоятын бағзы Атлантиданың жұрты сияқты жалған қоғамда жалған айтпай тұра алмайсың. Соның өзінде де Қылыштың ертеректе жазғандарының ішінен «алдыңғы қатарлы» ақыл-ой шіреп тұрған өзгеше бітімді дүниелердің ұшырасуы ғанибет. Ондайлары көп болмағанымен, жіліктің жықпылындағы жылтаң қарағындай, жас қаламгердің тұтас тұрқына өзгеде жоқ бір айрықша өң беріп тұрады. «Анама қолқанатпын» дейтін шағын ғана заметканы алайық. Қыз бала сияқты апасының үй шаруасына көмектескенін тіл ұшына мазақ етіп ала беретін жолдасына қайтарған жауабы: «Өз жұмысым болғаннан кейін қызы не, ұлы не, бәрібір емес пе, ата-анаға өмір бойы қызмет ету – борыш» деп келтіреді. Осы сентенцияны жолдасына ауызба-ауыз айта салса да болар еді ғой, жоқ, автор үшін бұл сөз қоғам айнасы – газет бетіне шығуы маңыздырақ. Немесе жоғарыдағы пенсионер апай жайлы жазғанында келіп-келіп, мектептерде өтіп жататын диспут, кештердің тақырыбын ести-ести құлақ, көре-көре көз жауыр болғанын ескертеді. Табиғатты сүюді, оның тылсым сырларын аша білуді үйрететін, халықтық салт-дәстүрлерді жадқа оралтатын кештерді көбірек көрсек дейді. «Ақылшың әрі серігің» дейтін келесі мақаласында осы ойды кітап төңірегінде тереңдеткен. Селодағы қоры 7246 кітаптан тұратын жергілікті кітапханаға айжарым уақыттың ішінде жаңадан он бес оқырман қосылуын аз дейді (фактілердің дәлдігін қараңыз!), бұл кемшіліктің себебін тағы да мектептерде оқырман конференцияларына, диспуттарға жете көңіл бөлінбеуден көреді. Жазуынша, оқушы үшін әдеби кітап оқудың көмегі зор. Бесенеден белгілі нәрсе ғой, бірақ соны одан әрі нықтауын қараңыз. Кітапты түсініп оқи білсең, ондағы образдар мен оқиғалар желісіне мән берсең, мектептегі программалық сабақты меңгеру жеңілдейді. Онысын Горькийдің «Кітап – досыңнан артық» деген сөзімен жөптеп қояды. Бейне бір тоғызыншы кластың оқушысы емес, көпті көрген аққаптал мұғалім сабақ үйретіп тұрған сияқты. Әдетте білмейтіні, оқымағаны жоқ «қарбыз» бастар екі кісі бас қосқан жерде бұлттың су мен газдан тұратынын, жылы ауа ағыны суығымен кездескенде құйын пайда болатынын, көкарай-кемпірқосақтың жауын тамшыларының ауада сынуынан түзілетінін ежелеп айта беруші еді. Ал мына автор өйтіп анықтамалықтардан оқып алуға болатын жалпы мағлұматтарды алға жайып өзеңдемейді, біліксіз білгірсімейді, үгіт баян қылмайды, – бәрін де жиып қойып, ең алдымен адамды дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тыйғысы келер қалып танытады. Басқаны білмеймін, өз басым Қылышбайдың жазғандарын, соның ішінде оның қолынан ертеректе қорытылып шыққандарын оқып отырғанда қаламгерліктің мектептік, ұстаздық мағынадағы рөлін көргендей боламын. Кеңес кезіндегі рөлі деуден бұрын, бірдеме-бірдемесімен бұрынырақта, айталық, Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) «Қазақ азаматы маңайында не болып жатқаны үшін жауапты» дейтін бір ауыз сөзімен түйінделер Алаш кезеңіндегі ағартушылық рухты еске салғандай.

 

ЕҢ АУЫР МАЙДАН

 

 

«Алаш қайда-а, Қылышбай қайда-а!» десеңіз, қатты қателесесіз.

Тәуелсіздік кезеңінде Атырау жеріндегі талай тарихтың беті ашылды ғой. Соларға айтқызсаңыз, бұл өлке, соның ішінде Жайық жағасының біз сөз қылып отырған осы бір тұсы кетпентұяқ қайраткердің талайын құндақтаған құнарлы топырақ болып шығады. Есбол өңірі – заманында қараны қалтақтатқан, төрені жалтақтатқан атақты жуан сіңір, күдіс бел есен беріш Шойтас бидің мекені  (қазіргі Сегізінші ауыл), Мүсірәлі болыстың (мекені – Қарашығанақ ауылы) бел немересі, қазақтың жоғары білімді алғашқы мал дәрігерлерінің бірі, Есбол екі класты орыс-қазақ мектебінің түлегі, Батыс Алаш-Орданың Сағыз үйезіне қарасты Қарабау болыстық жергілікті маһкемесі (земство) басқармасының төрағасы болған Ғұбайдолла Бердиевтің, Есбол мектебінің және бір түлегі, Сағыз үйезі земство басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Қазмұқаш Ыбырашевтің, белгілі ағартушы, тарихшы-шежіреші Ыбыраш Қорқытов пен жазушы-драматург Берік Қорқытовтың (қазіргі Сегізінші ауыл) түлеп ұшқан жері. Күнбатыс Алаш-Орданың белді қайраткері, республиканың алғашқы Халық ағарту комиссарларының бірі болған Аспандияр Кенжин де түбі рәкөштік болғанымен, 1897-1900 жылдары Есбол мектебінде оқыған. Арнаулы білімді алғашқы агрономдарымыздың бірі, Батыс Алаш-Орданың және бір қайраткері Сәлімгерей Қаратілеуов туып-өскен жер де Есболдан тақа алыс емес, өзеннің арғы бетіндегі, шектілер мекендейтін Таңдай ауылы. Осылар сияқты «молдаға оқып тәрбие алған, ордаға кіріп жол көргендер» (Халел). Айта берсе, көп-ақ, оның бәрін тізіп жатуды қағаз көтермейді. Ал енді солардан жұғын қалмауы мүмкін бе? Мүмкін емес. Тіпті кешегі ашаршылықтың зардабы әлі күнге қанымызда, гендік жадымызда жүр ғой (көп қазақтың оңазаланып тамаққа тоймайтынын айтам). Мектепте бізге «Сұлтан-Махмұт» деген сөзді қос сөз етіп, арасын сызықшамен бөліп жазуды үйрететін, кейін білсек, бұл Халелдің сингармонизм заңы екен. Қылышбайлар да сол сияқты кешегі Қазмұқаш, Ғұбайдоллалардың алдын көрген шәкірттерден оқыды. Оқымыстылық, білімдарлық, ағартушылық секілді қасиеттер ауаға сіңеді, ол арқылы қанға келеді, жүрекке қонақтайды. Кешегі Алаштың жалғасты бөлігінің бойында дәнекер болып жаңа жағдайда алсындап қайтадан өсіп-өнеді. «Топырағы құнарлы», «қасиетті» деп кәделеп жататынымыз да сондай жерлер. Егер олай болмаса Есбол ауылынан ғана Ғалымжан Нұрышевтей экономист-ғалым, жоғары білім беру ісін ұйымдастырушы (біздің кейіпкеріміздің бала күннің бал-шырынын бөліскен досы Ғалымжан Жұмабайұлы 2012 жылы автомобиль апатынан қаза болды), Бүркіт Баймұхановтай білгір математик және, әлбетте, Қылышбай Сүндетұлындай ақберен шығар ма еді?! Жауһардың ұшып түскен жаңқасы да жауһар.

Байқасаңыз, біз осы жерде «ақберен» сөзіне анықтауыштар жалғамай отырмыз. Журналист, тарихшы яки әкімшілік қызметкері Қылышбай деп ара-дара атамадық. Мұнда мән бар.

Біз жоғарыда Қылышбайлардың нәр алған ортасы, арқа сүйеген негізі, үлгі көрген мектебі ретінде атап өткен алашшылардың қарекет мұраты – қаспағы кетпеген қыр қазағын жалпы мәдениеттің бұтағына мінгізу, тақырдан көтеріп, тұғырға жеткізу болатын. Алдымен қолына қалам ұстатып сауаттандыру, сосын көңілін қойып, көзін ашу. Өздері мұны «қара қазақтың сүйегін ағарту» деген. «Ағарту», «просветительство» деп жүргеніміз содан шыққан. ХХ ғасырдың алғашқы қырық жылында алаштықтар қашан атылып кеткенге дейін бұл міндетті тәмамдап болды: қара қалтай қазақ бащасынан кещесіне дейін сауаттанды. Кеңес тұсында бұрын тізгін-ноқта көрмей келген арда халық ауыздықталып, мәдениетке көндігіп, бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген қоғам – байы, орташасы, кедейі жоқ, әлеуметтік теңсіздік жойылған жаңа қоғам жасалды. Гомогендік қоғам социализмнің даусыз жетістігі ме, жоқ па, ол жағын білмеймін, көзім анық жететін нәрсе – қара сүйектер ағарып, ақсүйектер жоғалған біртекті қоғам да, қара танып, хат жүгірткен сауаттылықтың құр атағына жығылу да, жалпы таусылмайтын кен – білім, бұлардың барлығы да ана ішіндегі үш қараңғылықта – құрсақта, жатырда, қағанақта – жаратылған адам пендені қараңғылықтан ақи-тақи құтқара алмайды екен. Адам баласы жерден өкшесі көтерілсе күшінен айрылатын Антей секілді, тамырынан ажыраса біртекті қоғамыңның өзін дүдәмал дін, шала сауат, шата тіл кеулеп, ағаш өзегінен шірігендей әлеумет рухани мешелдікке ұшырайды екен. Кант айтқан «просвещенный сволочьтар» – әулие аш-шайтан (астафиралла!).

Бүгінде кеңес заманында экономикада стагнация орын алғанымен, мәдениетте тұралау болған емес деген ой айтылып қалады. Болса болар, мәдениет шынымен де керемет гүлденіп тұрды ғой. Бірақ дәл сол кезең – 1970-1980-ші жылдар аралығы – кеңестің ғана емес, жалпыадамзаттың мүшәйра-мәдениетінің адам айтқысыз өрлеу эрасы болды емес пе. Әлгі дәуір тарихтың еншісіне қалай өтті, әлеміңмен бірге кеңестік гүлденген мәдениет те солай сылқ ете қалды және айналдырған оншақты жылдың ішінде қоғам баяғы тоғышарлық таз кепешін қайта киді – алаштықтардың есіл еңбегі заяға шығып, қазақ қайтадан оқырманнан тыңдаушыға (айтыс пен арзан «попсадан» басқаны білмейтін, оқымайтын тыңдаушыға) айналды. Неге бұлай болды? Жауап біреу: халықтың зердесі мықтап байланған, иманы жоғалған. Рухани мәйегінен ажыраған. Өзегіне құрт түскен.

Мынадай бір әңгіме бар.

1979 жылы Қылышбай Гурьев педагогика институтының тарих факультетін бітірді. Өзгелер көк диплом, қызыл мұрынмен шығып жатқанда бұл қызыл дипломмен көкмұрын болып шықты. Виктор Садовничий сияқты қызанақтай диплом мен көгілжім неке қиғызу куәлігін бір мезгілде қолына алды: жиырма үш жасар қабылан жігіт оқумен бірге әнеу бір үш қадірсіздің біреуі – жігіт-желеңдікке де нүкте қойып, өзімен бірге оқыған Гүлбаданмен көңіл қосқан-ды және басқа жердің емес, өз қорығының аққуын қолға қондырды – Гүлбадан Қызылқоғаның «Комсомол» кеңшарындағы (қазіргі Қоныстану кенті) жайық беріш Дәулет Сарбаев дегеннің қызы.

Ошақбаев сияқты «опық жемейтін» Қылыш бұл жолы да қателеспепті: алғаны ер жігіттің басын қадірлей білетін ата-ананың қызы болып шықты. Жігіттің төрт сипатын: қырандай алғырлықты, арыстандай айбатты, қасқырдай өжеттілікті, нардай төзімділікті және осыған қоса италғыр заманда өте-мөте керек малтабарлықты бойына бірдей жиған күйеуіне Гүлекеңнің де көңілі бітті. Бір жағдайға ғана көніңкіремей жүрді: таңдағаны қашанда құйындатып жүреді және бір жаққа бара қалса, екі араның апшысын қуырып жіберетін жүріс жылдамдығы сонша, ол аттанғанда бұл қазанға салған еттің көбігі тарап үлгермей жатып қайтып келеді. Содан дігір-дігір «тамақ қайда?». Моңғолдар құсап шала-соқта қылып жемейді, ал еттің былқып пісуіне кемі екі-үш сағат уақыт керек. Зайыбы бұған да үйренді, үйренбей қайда барады, көріп тұрып шыққан өзі ғой…

Сол жылы Қылышбай жолдамамен көрші Новобогат ауылындағы (қазіргі Хамит Ерғалиев ауылы) Амангелді Иманов атындағы мектепке мұғалімдікке жүретін болды. Гүлбаданның жасауынан бөлек, Сүкең еншіге деп біраз мал атаған, ішінде қашар-құнажын, соғымдық өгіз, уақ жандық бар едәуір малдың басы құралып қалды. Ас желінді, шалдар бет сипады, әке бата берді, апа жылап-сықтады дегендей, енді жол жүретін уақыт таяды. Бірақ Қылышы құрғыр былқ етер емес.

– Не әңгіме, Болатбегім? – дейді Сүкең баласының көзінің ағы көбейіңкіреп, айғұлақтанып отырғанын сезіп. Білгендей-ақ ойлапты.

– Бапа, малыңды қайтып ал, – деп қарап отыр.

Сүкең шошып кетті:

– Е, неге?! Ата-бабаңның жолы. Еншің…

– Сол еншіңе ана қылышты берсейші.

– Қай қылыш?! – дейді Сүкең сасқанынан, дәп бір Жәңгір ханның қару-жарақ коллекциясын ұстап отырғандай, өтірік білмегенсіп.

– Менің кіндігімді кескен қара қылыш ше?!

Сүкең сырғақтата бастады:

– Берместі сұрап қалдың-ау. Жосып жүрген балықты қылышпен шауып ала беретін ауылдың есерлерінің қолында кетпесін деп, сандық түбінде седеттеп сақтап келе жатыр едім. Балдар ауырып қалғанда ғана алынады. Жоқ, бере алмаймын.

Қылышекең салы суға кетіңкіреп, осындайдағы үйреншікті жұбаныш мекеніне – шым қораға барып отырды. Жайықтың алысырақта жағаға ырп-ырп соққан толқындарының дыбысы, жалмауыз өгіз шағалалардың жемге таласып шаңқылдаған дауыстары келеді құлаққа. Бір мезгілде архимедшілеп «Таптым! Таптым!» деп атып түрегеліп, ауылдың орталығына – дүкенге қарай құстай ұшты. Онда Ғалымжанның шешесі – дүкенші Дәметкен апай бар, онда анау бата жүрмейтін көкмойнақ бар. Бір жәшігін әкеліп, әкесінің алдына сылқ еткізіп қоя салып еді, шіркін, мал көзі... тойыс, «Московская» ыстық қой, бұл жолы Сүкеңнің шегелері кәдімгідей босаңқырап қалды:

– Қайтейін, бүткіл Құлжан әулетінен үздік шыққан өзің едің. Алсаң, ал. Бірақ жоғалтып алма. Немерелерім… бәлкім шөберелерім… тұмаурата қалса, көпшігінің басына қойғайсың…

Уағда осы болды. Сол қылыш әліге дейін Қылышбайдың қаладағы үйінде сақтаулы тұр. Бала ауырғанда шығарылады... сосын Қылышекең біреулерге ызаланып, қара дауылын азан да қазан сапыра бастағанда қынынан суырылып, мізі тексеріледі. Ал Сүкең болса тоқсанның үшеуін бүктеп, кәріліктің басына теуіп жүр. Әке мен баланың діттеген ойы біреу: нарыққа, жекешелендіруге келмейтін жалғыз еншіміз болып қалып отырған қазақы қалпымызды – қара қылышымызды қолдан шығармау…

 

***

  И-и, айта берсең сөз көп. Алаштан қалған мирастың бірі – әлеуметтік әмбебаптық-тұғын. Олжас Сүлейменов лұғатымен айтқанда, бір мезгілде әрі «осветитель», әрі «просветитель» болуды бұйырған даға, миссия. Қарапайым тілге көшіргенде, елге ой түсіріп, дем салған бақсыдай оятып, шамырқандырып ширықтыратын күзгі таңның желіндей ағартушылықты отан намысын, ұлт арын жоқтайтын күрескерлікке телу, ой басшылық пен ақылгөйлікті бұқарашылдыққа көсем жектіру. Идеялық жанып қана қоймай, біреудің жігерін жанумен ғана шектелмей, сол үлкен істердің басында болу, жеке шығармашылыққа саяси шығармашылықты – қоғамдық жұмысты өз қолымен атқару дағасын ұштастыру. Айтты-айтпады, көпті мойындату үшін тек көктен қарап тұру керек. Әсіресе қазаққа келгенде.

Қылышбайдың еңбек жолының құм жолындай бытпылдық, тіпті шашыраңқылау көрінуінің жұрт біле бермейтін (соның ішінде оның өзі де аңғармауы мүмкін) осындай тұңғиық тереңі болуы мүмкін. Бұған дейін айттық қой, бұл атқа ерте қонған жігіт деп. Әсіресе идеолог басшы ретінде. Нұрмахан Аудановтың осы тарапта не дегенін ілгеріде келтірдік. Аузына құдай салған екен, солай болды да қойды – Қылышбай әкім болды. Әкім болғанда да «біртүрлі» әкім болды. Енді айта беруге болады, ол салғаннан ағартушы, бұқарашыл әкім ретінде көрінді, яғни алашшылдардың ескі де жаңа тұрпатын анық танытты. Бәріне кінәлі – сол баяғы «айналы нейрондары». Мидағы оқып-үйрету ісіне жауап беретін жүйке талшықтарының тобы. Бір қызығы, Қылыштың нейрондары – ешкімге ұқсамайтын, өзі сияқты бірегей нейрондар. Мектеп бітіріп, енді қайда барам, қайда оқимын деген сұрақ туғанда жұрт есінен тана ғашық болып жатқан Алматы жақты, тіпті Гурьевке, одан да жақын пайтақыт Мәскеуді атамаған. Әлденеге облыс орталығын нұсқаған. Әйтпесе Қылыштай «қарбыз бастың» білім-өнер бесігі Алматыңды да, Мәскеуіңді де он орап алуға білігі де, білімі де жететін. Екіншіден, бауыр басқан журналистиканы емес, әлденеге тарихшы мамандығын таңдаған. Себебі, ол кезде облыстық институтта атағы зор, еңбегі сор журналист мамандығына оқытатын факультет болмайтын, сөз баққандар тарих-филология факультетін айналдыратын, ал журналист болғысы келген мен сияқты жалаңаяқтар пойыздың төбесіне отырып, әлгі үлкен қалалардың біреуіне тартып кететін. Ал Қылыш пойыздың төбесіне отырғысы келмеді. Қарыстан сүйем жақын деп елде қалып, әкім болғысы келді. Шекпен сүйреткен жәй әкімқара емес. Елінің басын оңға қарату жолында еселі еңбек ететін және сол сүрлеуде қолында билігі бар ағартушы әкім, елдің көркі де бөркі идеолог басшы болғысы келді (шыны керек, бір жағынан айранды ішкен күйінде, тауықты піскен күйінде көретін қалалық болғысы да келмеді, екінші жағынан Гүлбаданының үлкен қалада бетін сырлап, қасын талдап жұлып отырғанын көз алдына елестете алмай-ақ қойды). Елді сүй, елдің қыздарын сүй. Құтты қоныс, құйқалы атамекеніңді сүй.

Сөйтіп, алысқа кете алмайтынын, кетсе де бәрібір елді ойлап, іші толып жүре алмайтынын сезген Қылыш алтын ұясы – былқ етпес түп қазығында қала берді. Шіркін, туған өлке – тұнған тарих қой. Шежіре шертіп жатқан шұғылалы жерде туып, ақын яки тарихшы болмау мүмкін емес. «Тарихы жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дейтін Әлихан ұлағаты ол кезде Қылыштарға жетпеген, бірақ алғыр бала осыны түйсікпен-ақ сезінуші еді. Тарих музасы – Клио ханымды ол осылайша таңдаған және өміріндегі ең ауыр майдан – надандықпен күрес майданына да сол тұрғыда, ағартушы-тарихшы, журналист-тарихшы тұрғысында тұрып шыққан.

Жоғарыда Қылекең еңбек жолын қазақтағы ең бір қадірлі мамандық – мұғалімдіктен бастады дедік қой. Бірақ мектепте көп жасаған жоқ, ұзамай баяғы өзі бетін бермейтін аудандық газетке (ендігі аты «Жайық шұғыласы») бөлім меңгерушісі болып келді. 1980-ші жылдардың басында оны Махамбет аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметінде көреміз. Осы жылдары іскерлігімен, табандылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Сөйтіп жоғары жақтың көзіне ілігіп, облыстағылар аузы епті, аяғы да, қаламы да желді жігітті 1985 жылы Мәскеуде өткен Студенттер мен жастардың ХІІ фестивалін әзірлеп өткізу штабына, сол кездегі ел астанасына жібереді. БЛКЖО орталық комитетінің штатына алынып, бес ай сонда жатып, жұмыс жасайды. «Мен бір бейбітшілік аңсаған ақ кептер» деп марқұм әріптесіміз Аманғали Дайрабаев айтпақшы, өз дәуірінің дүбірлі уақиғаларының бірін көзімен көріп, іштей араласады. Алтын үзбенді пайтақытта, гранит жамылған Нева жағалауында, Молдаваның Унгень қаласында болғанын, ботсваналық, зимбабвелік «қара маржандарды» қалай миландырғанын «Жалындап жастық алауы», «Жастықтың жауқазын мерекесі» мақалаларында тамылжытып жазады. Ол кезде шетке, шеттен ішке тышқан жорғалатпайтын темір дарбазалы елде және де саяси-идеологиялық ахуал ширығыңқырап тұрған шақта ірі саяси науқанды абыроймен атқарысқан қызметкерді жерде қалдырмайтын (1957 жылы Мәскеуде өткен алғашқы фестивальдан кейін ел астанасы мыңдаған қара балдарға толып кеткенін айтсақ та болар) – жүйе бойынша Қылышекең «ақпыз, қара, сарымыз, бақыттымыз бәріміз» Мәскеу сапарынан оралысымен аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы болып тағайындалады. Ол кезде бұл үлкен қызмет. Аупартком нұсқаушысының классикалық типі – сыртта күн шыжғырып тұрса да үстінен костюмін, мойнынан галстугін шешпейді, қолында міндетті түрде қалың дәптері, төсқалтасында автоқаламы болады және бұл екеуін бүгінгі смартфон сияқты қайда барса да тастамайды. Бар оргтехника сол болса қайтеді енді. Сүйтіп жүріп компьютер, мобиль құралдармен толық жабдықталған қазіргі әкім аппараты жабылып атқаратын шаруаны бір өзі тындырады. Осындай қат-қабатта тәжірибесі толыса келе, алдын ала жасалып қойған кадрлық резерв тізімі бойынша жұмыстың «жеке учаскесіне» жіберіледі. Одан әрі қажетті қызмет тепшіктерінен өтеді.

Қайта құру танаурап тұрған 1988 жылы Қылекеңе де сондай «қойдың кезегі» келіп жетті. Оның Жайықтың екі бетінде тұс киіздің оюындай ойдым-ойдым боп жатқан көп ауылдың бірі – Ақжайық селолық кеңесіне (атқару комитеті дейді) төраға болып баратыны белгілі болды. Тәртіп бойынша аупартком хатшысы Шапауованың қабылдауында, «бата» алғалы отыр. Талшын апасы барын салып үшкіріп жатыр, қызметкерінің қызуқанды мінезін жақсы білетіндіктен әсіресе салмақты болу мәселесін, қайта құру жағдайында әр сөзге есеп беру қажет екендігін қадаңқырап айтады. Бірақ бір ғажабы, әшейінде ауыздыға сөз, аттылыға жол бермейтін Қылекең былқ ететін емес. Аузына су толтырып алғандай. Әкім апасы сөйлей-сөйлей шаршады.

– Оу, не айтасың бұған? Бірдеңе десейші енді…

Қылекең өзінен келер жел сөздің несін аясын:

– Не айтам, қазірден бастап өзімді-өзім қайта құрып отырмын ғой, – дейді.

Талшын Ғинаятқызы күліп: «Туһ, саған дауа жоқ екен, бар, жүре бер», – деп қолын сілтепті.

Қылышбай сол кеткеннен табандатқан жеті жылға ауылда қалды. Ол бір көруге де қиын, көнуге де қиын италғыр жылдар еді. Оның үстіне ел ішінде неше түрлі адамдар бар ғой. Айталық, даукестер… қырттар… мылжыңдар… мырыңбайлар… езбелер… езгендер… құдайдан безгендер… т.б. және т.с.с. Оның үстіне атыраулықтар Баукең (Бауыржан Омарұлы) айтатын «Әркіммен ұрыссаң да, әкіммен ұрыспасаңшы» дейтін, «южандар» үшін қатаң тәртіптей қағидатты онша мойындай бермейді. Мұндағылар зекіп сөйлегенді базынаның бір түрі деп біледі. Кезінде Қылышбайдың іліп түсетін тапқырлықтарын бір кісідей жинастырған журналист, марқұм Құттыкерей Смадияр өзі жақсы көретін інісінің әкімдік дәуірінен бір қызық әңгіме шалатын.

Зейнеттегі Қуаныш дейтін егде кісінің кеңсеге баспатөрелей кіріп, «Осы сен, әкім бала, маған неге медел бермейсің? Тылда жұмыс жасап өліп қала жаздадым. Майдангерлікке сен теңестірмесең де, өзімді өзім теңестіріп қойғанмын. Дабай, дүкеніңнің тізіміне қой мені!» деп айқай шығаратыны жайлы (ол кезде соғыс ардагерлеріне көзі аз тауарлар кезексіз берілетін).

Қылышекең бірақ асықпайды – Талшын апайының баяғы тегін ақыл-кеңесі бойынша «супертөзімді қызметкерге» айналған ол Қуекеңнің бөксесін мақпал бұлықты жайлы креслоға бөктіріп қойып, өзінде бұрын жоқ әдетпен маңызданып, ауыз бөлмедегі хатшысына барады да, сейфте шаң басып жатқан «СССР Қарулы күштерінің құрылғанына 50 (вариант: 60) жыл» деген ескі медальдардың біреуін қағазын толтырып алып келуді және кеңшар активін түгел жинауды бұйырады. Сосын кәбинетіне қайтып келіп:

– Осы сіз әулие боларсыз, Қуеке! – деп келушінің құйрығының астына жұмсақ көпшіктің біреуін тастап кеп жібереді.

Қуекеңнің астындағы мақпал бұлықты былғары орынтақ сықырлап-ақ кетеді. «Әулие» дегені майдангерліктен де артығырақ жағып барады. Тек бала тоқтап қалмай, айта түссе екен.

– Айтсам, – деп сөзін сабақтайды әкім бала, – түнеу күні, Тоғызыншы мамырдың алдында тыл еңбеккерлеріне тапсырыңдар деген нұсқаумен мерекелік медаль келген еді. – Осы жерде мәнді кідіріс: – Сол тізімде өзіңіз де бар екенсіз. Міне, исполком мүшелері де келді, енді осы Отанның әскери наградасын өзіңізге салтанатты түрде тапсырып қоюға рұқсат етіңіз.

Қуекең екі ұрықты, періп кетпелеу кісі – мына сөзді естіп, ұшып түрегелді. Төсінде – оттай қызыл медел. Көптен күткен, ақ түйенің қарны жарылған күн бұл. Жұрт «Енді сіз соғыс ардагерісіз» деп ұлардай шулап құттықтап жатыр. Ол ол ма, әкім бала ағасының мына қуанышын көп болып атап өтпекке орынбасарының жолдасы Тілектеске қазанға ас салуды да тапсырып қойған (әкім орынбасарының үйі кеңсеге жақын-тын). Ас келгенше деп медел «жуылып» жатыр. Бәрі де қалыптағыдай еді, егер аулаға шығып кеткен үр жаңа майдангер «Мылтық қайда? Атамын. Төзбеймін мына мазақтарыңа!» деп ішке алақұйын жүгіріп кірмегенде. Кейін анықталғанындай, қартың тысқа шықса, аулада бір бала ойнап жүр дейді – орынбасарының Дәурен дейтін алты жасар ұлы. Және жәй ойнамайды, майдангер болып ойнайды. Кеудесіне бір сылдырмақты тағып алып, қарындасының қуыршақтарын қаздай тізіп қойып, өзін құттықтады. «О, Дәуке, міне, енді сіз де ардагер болдыңыз!» деп қарғадай шулайды қуыршақтар. Жақындап келіп қараса, Мама Мия, баланың кеудесіне тағып алғаны – жәй теңге-тана емес, дәл өзінікіндей медел: «СССР Қарулы күштеріне … жыл»!

– Қайдан алдың мұны, Дәуренжан? – деп баланың тамырын жәйлап басып көрді. Баланың тілі тас жарып тұр.

– Е, үйдегі кілемде мұның неше атасы ілулі тұр, ата, –дейді, үлкен кісінің өзінен шаруа сұрағанына дәсердей боп күпініп.

Қуекеңнің үйге атырынып кіріп, мылтық іздеп жатқан себебі сол екен. Абырой болғанда, есіне құрдасы Сүкеңнің қара қылышы түсіп кетіп, жынын алдырған бақсыдай жым бола қалыпты, дейді бізге жеткен тарлан тарих. Осылайша Қылекең Гүлбаданның және шиеттей балаларының бағына бір өлімнен аман қалған.

 

Жалпы қолда бар деректер бұл жылдарғы Құлжановты қызметін үлкен ағаның басшылығымен, інінің қосшылығымен, ақсақалдың тоғашылығымен атқарған бұқарашыл, халықшыл азамат ретінде, жәй ерқара әкім емес, онсыз ауылда ешбір кеңес өткізілмейтін, ешбір дау-дамай бітпейтін әкім-би ретінде байыптатады. Әйткенмен оқпаны пен қақпаны әр қадамын аңдыған әкімшілік қызметті алып та жығу, шалып та жығу оңай шаруа емес. Әсіресе ауылдық жерде. Төлегеннің бір өлеңін сәл өзгертіп айтсақ, «Әкім боп ғұмыр кешіру, оңай деймісің, қарағым?! Ұшында тұру ол өзі, ушыққан әрбір жараның...». Елдің көркі де, бөркі де әкім дедік қой. Айтуға ғана оңай. Көркі – халыққа жағамын демей, ұнай білу. Алқы болсаң, түкіріп тастайды, тәтті болсаң, жұтып қояды. Тым биік кетсең, құлағанда сүйегің сынады. Тым аласарсаң, төбеңнен әркім жүреді. Абзалы – ақыңды ешкім жемес тең ортасы. Ал енді осы ортаны теңбе-тең ұстап тұру – қиынның қиыны. Оның үстіне қас қылғандай Қылекеңнің ел басқарған кезі тоқсаныншы жылдарға шаппа-шап келіп қалды ғой. Жағдайды уақыт билеген, үңгірлік капитализм баса-көктеп төрге шығып жатқан қиракезік, қиын кезең. Ескінің қамытын үзу, жаңаны қабылдау дейтін қос бірдей міндет артылды еңсеге. Апырм-ай, «Сендерге заманды айналдырып әкелем» деп Раббың қалай айтқан десейші – Бейімбет жазған отызыншы жылдарғы санадағы психологиялық күрт өзгерістер айналып соққанын Қылекең жұлынтұтамымен сезді. «Оян, қазақ!» деп қалай айтам, өзімді оятатын біреу керек» демекші, бірдеңе үйретейін десең, естияр дегені ноқтасын керіп далаға қарайды. Жастары көше тегістеп, сөлектеуді біледі. Қысқасы, қызметіңе адалдығыңды ғана емес, азаматтық арыңды да сынға салды бұл нарық. Екі жағдай үлкен сын болды, екеуінен де тақтайдай сыдырылып, таспадай өріліп шыққан соң ғана басшылар мұны тәуір қызметкер ретінде тұшынды, ал бұқара халықтың бұл шақтағы пікірі... ол енді Қылекең жүріп өткен көшеде ит үріп, қаз қаңқылдап жататындығымен ыспат етілетін.

Әлгі қос сынақтың ілкісі – шіріңкешілермен, яғни қалаға алып келе жатқан малың мен өніміңді жолшыбай қала аузында күтіп алып, аздаған тиын-тебен ұстатып, сипанке қылып қайтаратын жуан білек, өпірем рэкетшілермен алысып, тіпті атысып жүріп, базар-дүкендерге төте жол ашқаны. Екіншісінің сипаты төтен, яғни табиғи апат еді, оны да еңсерді. Елдің көзіне көрінгені де осы екінші ерлігі (рэкеттермен таса жерде атысатын және онысын жария етуге болмайды ғой).

Әлхисса, 1994 жылдың көктемінде Атырау жеріне бұрын болмаған үлкен су келді. Жайық пен оған құятын әм құймайтын ірілі-уақты өзендердің аңғары мөлшерден көп түскен шық-шылам, еріген қармен лықа толып, оның соңынан бұрқана тасып, айнала төңіректі қараң қалдыра жаздағаны бар. Сол жылғы тасқын сөз болғанда әдетте Ойылды жырып, Қызылқоғаның халқын аман алып қалған Есенгелді Нұршаевтың есімі алдымен ауызға алынады. Ол өзі солайы солай. Сонымен бірге Жайықтан ақтарылған тасқынға тосқын қойған жағалау ауылдары әкімдерін де ұмытпау лазым. Ойылдың көбірек айтылатыны, бұрын ондай мінез көрсете бермейтін, соған сай су тоқтатудың қамы да жасала қоймаған бұл өзенді жағалап отырған елді тілсіз жаудан алып шығу бір жосын ерлік болса, су бөгеу шараларының басы бұрыннан қайрылған, алайда соның өзі есепсіз тасқын суға бөгет бола алмаған 94-тегі Жайық бойы халқының қимылы өзінше бір жосын ерлік еді. Аризона мен Еділден кейін әлемдегі үшінші ұзын өзен болып саналатын Жайықпен ойнауға болмайды. Осы тұрғыдан келгенде ішінде Қылышбай бар жағалау ауылдары әкімдерінің сол күндері Нұх пайғамбар сынды су кешкен, лай кешкен айыр шаптан келетін саптама етіктерін музейге қойса да еш артықтығы жоқ еді, өкініштісі, солардың бір де біреуі тарихи мұра ретінде сақталмаған, есесіне әлгі күндердің өшпес даңқы газет беттерінде таңбаланып қалыпты. Мінеки, соның біреуін алып, оқып көрейік.

«Табиғат құбылыстарының сырын, себебін білген адам – бақытты адам» дейді ойшыл-данышпандар. Адамзатқа талай зиян шектірген су тасқындары жөнінде ертедегі аңыздар мен ертегілер желісінен құрылған діни Таурат шежіресінде оның жантүршігерлік зардаптары бейнеленіп, жазылған», – деп әріден толғапты автор. Одан әрі сатылап бергі уақытқа түседі: «Қай кезде де халқымыздың бүкіл тіршілігі табиғатқа тәуелді болғаннан соң әрбір жылдың, әрбір маусымның ерекшелігін көңілге тоқып, ой елегінен өткізіп отырған. Содан да болар, көнекөз қариялар ит жылын «қауіп-қатер жылы» деп есептеп, одан бекер сескенбесе керек».

Хош дейік, сонда мұнымен не айтпақшы жазарман? Е, бір қыстың ерекшелігі екен айтпағы, яғни, сол ит жылы қатты аяз бен наурыздағы ақ боран қыстың аяғын ұзартып жібергенін, Еділ мен Жайық аралығына қар нормадан екі есе артық түскенін, соңында осы екі арадағы елге «өр суы» дейтін кілкіген судың астында қалу хаупі туғанын дақпа-дақтап айта кеп, село әкімшілігі кеңшармен бірлесіп, облыс орталығынан қима беті бір метр, ұзындығы отыз метр келетін алып құбырлар, қуатты тракторлар, тонна-тонна ұн алдырғанын хабарлайды. Жеке мал қырға шығарылған, жағалауда ұзындығы алты шақырым, ені төрт жүз метр дамбы салынған, жағаға қуатты прожекторлар орнатылып, судың мөлшері, су жырып кетуі мүмкін осал жерлер анықталып, бұл жөнінде тәулігіне екі рет радио арқылы хабарланып отырған.

Соған қарамастан мамырдың 14-22-сі аралығында, сегіз күн ұдайы су мөлшері сағаттап өсіп, ақыры Жетінші ауыл мен Коровник елді мекенін алып тынады. Қарайған қора, қыстау, жемшөп, трансформаторлар мен насостар кілкіген судың астында қалады. Жағдайдың қиындағаны сонша, облыс әкімінің өзі тікұшақпен ұшып келген. Атыраулықтар баржамен күш-құрал жіберді. Село орталығын ашалап қоршап, азаралдамен аман алып қалады. Сонда базбіреулер тырп етсе нағылсын. Жұрт жұмылып, тілсіз жаумен күресіп жатқанда бас сауғалап, үйде бөденеше бұғып қалғандар да, өзен тасығанда ойпаңдарға толған су жайылмалардан сазан қуалап кеткендер де болмай қалған жоқ, деп ашынады автор. Өзі сондай жұртшыл. Халық дегенде аузынан жалын шығады. Бұқараның күші ел басына түскен қиыншылықта көрінгенін қайта-қайта жазады және осы орайда тасқын судың беті техникадан, оның күшімен көтерілген дамбы, төселген құбырлардан бұрын халықтың қара тәжірибесінің арқасында қайтарылғанын даралап көрсетумен болады. Су алғаш келе бастағанда-ақ ауыл тұрғындарының жалпы жиынында қабылданған қамысты тоқымалар төсеу әдісінің зор көмегі болғанын айтады. Тұрғындардан жыңғыл, қазық әзірлейтін арнаулы топ құрылғанын көрсетеді. Автор бұл таза халықтық әдістің қарабура дейтін атын анықтап айтпағанымен, әңгіме жерге арқан төсеп, үстіне қамыс, сабан, топырақ араластырып салып, шамалы су қосып, буаттап, жан-жағынан ағаштан, жыңғылдан жонылған қазықтармен бекітіп, өзен арнасының жырылған жерлерін тығындайтын, ауылдың шетіне ашалап үйетін ежелгі тәсіл жөнінде болып отырғаны көрініп тұр. Осыны автор «Көп түкірсе – көл», қол күшімен қыруар жұмыс бітті» деген жалғыз сөйлеммен түйіп, майдан тағдырын қылыш пен қылыш айқасардан бұрын арттағы халық шешіп қоятыны сияқты, табиғи апаттың да тағдырын халық шешіп қоятынын ұқтырады.

Хабарды жалпыдан жалқыға, күрделіден жекеге көшіре, қалыңдата беретін «пирамида» тәсілімен жазылған, Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің 1994 жылғы 28 маусымдағы нөмірінде жарық көрген бұл материалдың авторы басқа емес, сол уақиға өткен Ақжайық ауылдық округінің әкімі Қылышбай Құлжанов болатын. Өзі жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Арада он екі жыл өткенде ғана бұл автордың со күндердегі ерлігіне газет бетінде (бұл жолы «Атырау» газетінде) лайықты баға берілді. Мақсот Бағытжанов өзінің «Ауылдастары оны аузынан тастамайды» дейтін шағындау мақаласында «Қылышбайдың сын сәттегі сауатты да ерен еңбегінің арқасында Ақжайық ауылының көшелеріне тілсіз жаудың бір тамшысы да кіре алмады» деп, атап тұрып айтыпты. Осы сөздер, меніңше, Қылекеңнің орденге онша тола қоймаған кең кеудесіне халық атынан тағылған марапат, награда. Ал халықтың құрметінен артық не бар мына жалғанда!? Алтын емес, алғыс арқалаған үшбу жандарды сұлама бұтақтан, тамыр сабақтан өсірілетін өскін құсатып клондап көбейтіп, ауылдарға басшы етіп қойса, шіркін. Қызық емес пе, қай ауылға барсаң да алдыңнан тыпың-тыпың басып, дыбыр-дыбыр сөйлеп, «клон» Қылышбай шыға келеді. Су қаптамақ түгіл тау құлап кетсе де қаннен-қаперсіз ұйқыны теуіп жатасың әншейін. «ЧС» Қылыш бар ғой…

Сонымен, кейіпкеріміз екпінді жетіжылдықта ел басқарудың түрлі қырларын меңгеріп тастады. Жеті жыл бір нәрсені қатаң ұқтырды: халықты қанша жерден жақсы көріп тұрсаң да пікіріңді көпке бермеу керек екен. Адамдардың ыңғайына көше бермей, өз ыңғайыңа, өзің жеткен тұрғыға бейімдесең, жөн. Өнеге көрсет, үлгі сал, таптап тұрып түсіндір. Бойға сіңген әдет қала ма, Қылекең ауыл басқарып тұрғанда да «Жаттап айтқан мың сөзінен әкімнің, жүрекжарды бір сөзі артық ақынның» деп, қаламнан қол үзіп көрген емес. Сол жазғандарының қай-қайсысын да халық қиялын ұштау ниетінен туған, опырылып түскен жартастай кесек-кесек ой, соны деректер шарбыдай шырмап жатады. Дені – еңбек етуді өсиеттеген сөз. Бәукеңнің «Әрқандай шығарманың өзегінде ағартушылық ой жатады» деген өрелі сөзі құдды Онбірінші ауылдың Вольтеріне қарата айтылғандай. Мына бір мақала. Өзі аудандық кеңестің депутаты болып жүргенде, Дамбы, Махамбет, Есбол, Сарайшық кенттеріндегі наубайханаларды аралаған сапарынан сөз шығарыпты. «Іс мүддесін ойлағанда: депутат ой толғайды» дейтін сәтсіздеу ат тағынған, әрі негізгі аты мен «подзагте» сөз қайталанып тұр. Мен редактор болсам, «тавтология» деп сол қолмен сойдақтатар едім. Ал аудандықтағылар олай етпеген, сауырынан бір салып, терімге со күйінше қоя берген. Осылай деп мақаланы оқуға кіжініп кірісіп едім, шамалыдан соң әлгі ашуымды ұмытып кетіппін. Тақырыбы қаншалықты нашар болса, мағынасы соншалықты күшті екен («Жақсы материалға нашар ат берме, оқырманыңның десін түсіресің» деген осы). Мазмұндылығы, ұтқыр жинақылығы, эмоциональдық жағы өзара теңдей қабысқан. Былайша айтқанда, нан туралы қарасөзбен жазылған дастан. «Нансыз өмір жоқ», «Нан болса – ән болады», «Нан атасы дән, балам» деп келетін нақылдардың терең мәнін кәсіп иелері – наубайлардың күнделікті тірлігін суреттеу арқылы әдемі ашатындықтан, осы тақырыптағы шалқымалардан сонағұрлым артық шығып тұр. Осы бір еңбектері ылғи да елеусіз қалатын қадірлі мамандықтың былайғы жұрт біле бермейтін қыр-сырын алға жая келіп, проблема көтереді – қазір жұрт баяғы диірмен салу, ұн тарту кәсібінен қол үзе бастағанын қалам ұшына алады. Сөйтіп, алыпсатарға жем болудамыз дейді. Үлкен наубайханаларда көп үшін пісірілген қалаштардың сапасы мен тағамдық құндылығы ойдағыдай бола бермейтінін, мұның өзі адам денсаулығына зиян екенін нығырта айтады. Автор барынша перфекционист. Мына ежелеуін қараңыз: «Адам организміне қажетті компоненттер тек қана нан және одан жасалған өнімдерде болады. Нанға дастарқан мәзірінің калориялық үлесінің жартысына жуығы тиеді. Нанның құрамында 5-8 процент нәр уыздары (белоктар), 0,8-1,6 процент май, 44-56 процент көмірсутегі (углеводтар), витаминдердің В тобы мен С, Е және РР витаминдері, фосфор, натрий, калий, кальций сияқты минералдық заттар бар. Бұның өзі адам үшін ең асыл тағам екені айдан анық».

Бүгінгінің оқырманы үшін қалаған уақытында Интернеттен сауып алуға болатын мәліметтерді осыншалық ежелеп түсіндірудің және соларды қазып айтам деп қажып қалудың еш қажеті жоқтай көрінуі мүмкін. Ал ол кезде бұл керек еді, оның үстіне әлгі ыңғай Қылышбайдың сонау монша жайында жазғанына өзек болып өрілген, түбі алаштық «Тәні саудың – жаны сау» қағидаты секілді оның өмірлік кредосына – ағартушылық дағасына (миссиясына) кіретін. Бұл ыңғай, осы машық тіпті өмірімізге Интернет дендеп енген кейінгі уақытта жазғандарынан да жыртыс беріп жатады – 2005 жылы қаламынан қорытылған «Ауа райын болжай біл» дейтін мақаланы оқысаңыз, осыған көзіңіз анық жетеді. Автор гугл-мугліңе қарамайды, қаламы баяғы 20-30-шы жылдардағы Халелдерше көстеңдейді. Па, шіркін, жазғыш адам жазған екен де, әйтпесе атжалман Фобос тұрғанда бүгінгі оқырманға ит болып Ай қарап, жұлдыз санап, ертеңгі яки бір айдан кейін болатын күн райын болжамдаудың не қажеті бар деп таңырқайсың, а бірақ Қылекең үшін ол маңызды емес, ол – ағартушы, ол – Халекеңдер мойнына жүктеп кеткен миссияны орнына келтіруші. Болды, бітті. Сосын да «Жаңа туған айға мән бер, атаң қазақ сөйткен» дейді, одан әрі Айдың тігірек тууы, шалқасынан жатуы, шомылуы, өларасы… сияқты бірқатар астрономиялық жағдайлардың басын ауыртады. Сондағы айтпағы, кейбір халықтық ұғымдарға сүйеніп, ғылым бабын ескермей, ағат қорытынды жасаудан сақ болу керек екендігі. Жаз айларында болатын жай түсу жайындағы дәстүрлі ұғымның да қате жағы бар дейді. «Елдің түсінігі бойынша жай ақ не жалтыраған нәрсеге түседі. Бұл – өте қате түсінік. Жай дегеніміз – шын мәнісіне келгенде, екі бұлттың арасындағы электр заряды. Ол ақ нәрсеге емес, ағашқа, салт атты кісіге, жеке жайылған малға, яғни жер бетіндегі оқшау биігірек нәрселерге көбірек түседі. Сондықтан найзағай жарқылдаған кезде даладағы биік ағаштарды, не жылқыны, не сиырды паналамау керек» деп үйретеді. Тағы да өлкетану сабағында үшінші кластың оқушыларын үйретіп тұрған учитель сияқты. Бәтір-ау, Амангелді мектебінен кеткеніне пәленбай жыл, сонда бұл жігіттің өзі бұл жақта да, жүрегі Хамит ауылында қалып қойған ба дейсің, ал енді мына ХХІ ғасырдың заманында күні өткен мұғалімше сөз саптау, мұғалімше таптап үйрету немене керек деп, денсаулығына күдіктенеді де екенсің.

Меніңше, осының өзі керек нәрсе. Қазақ үшін мектептік мағынадағы мұғалімдік алаштық сауат ашу күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Адам баласы нәсүкір, оның ішінде біздің қазақтың да білімі, санасы ілгері кетті, тіпті өлшеусіз өсті деуге болады, бірақ хромосомасы өзгерген жоқ. Мұның өзі адам пенде ежелгі үңгірлік қалпынан әлі алысқа ұзай қоймағандығын білдіреді.

Қылышбайдың «Еуропадағы 20 күн» дейтін дүниесі бар. Гүлбадан Дәулетқызы екеуі халықаралық компанияда жұмыс жасайтын мың болғыр қыздары Светлананың ұйымдастыруымен қай бір жылы Еуропаның Париж, Рим, Милан, Венеция, Кома және Сан-Доната қалаларын аралап қайтқандарының соңында жазылып қалған жолсапар очеркі. Әдетте мұндайда біреулер (көбінесе жамбастарына ақша батып, шетелде кекірелеп қайтатын байшігештер) «жаман жегенін жазадының» керін келтіріп, ішіп-жегенін, шопингтерін тәптіштейді ғой, ал біздің Қылекең бұл жолы да өзінің осы заманға кейде үйлесіп, кейде үйлеспей жататын қаламгерлік кредосына Гүлбаданға адалдығын сақтағандай адалдығын сақтаған.

Әлбетте, Еуропаға бірінші барған қазақ Қылыш емес. Қазекең алғаш башқұрт кавалериясының қатарында сонау онсегізінші ғасырда-ақ Берлинді алысқан. Сосын Парижге садағын кезене кірген. Сосын бұл жерлерді елауған эмигранттарымыз паналаған. Қазір ғой атасының басы жатқан жерден көп ұзамайтын қазақтың шетке қопарыла кетіп жатқаны, соған орай ата-бабамыз «ақыл алсаң Франкстаннан ал» деп кеткен көне франктер мен галлдар мекенін көрмеген кісінің тудым, дүниені көрдім дегені бекер екен дейтін түсінік бізде соңғы жылдары берік қалыптаса бастады. Неше милләт елді көру көзі қарақты адамды өз өлкесін көбірек білуге, оның жағдайын жақсарту жайында ойлауға бастайтын сияқты. Соның ішінде Батыстың сырына қанығып, пісулі астай даяр өнеріне ие болу, тамырынан ажырамай әлем мәдениетін меңгеру кешегі жәдидшіл алаштықтардан қалған мұрат еді әм Еуропа мәдениетінің бар асылы – рух сыны қазаққа Абай таңдаған жол-тын. Осылардың қай-қайсысы да Қылышбайдың жолжазбасына объективті түрде қабысуы мүмкін, сол сияқты автор осыны әдейі мұрат етті десек те қателесуіміз мүмкін. Себебі, Қылекең мұнда өздері барған, көрген жерлердегі мәдениет жәдігерліктерін ғана әуезе етеді ғой. Тіпті Қылышбайдан кейін соларды әдейілеп сапарлап көрудің қажеті де болмай қалады деуге ауыз барады. Бір күні Сара әжейге немерелері скайпты әкеп көрсетсе керек. «Қалай, әже, ұнады ма?» десе, кейуана «Ұнағанда қандай, бүткіл ағайын-тума бір жерге жиылып келіп тұр, бірақ ас әзірлеп, дастарқан жайып әуре болмайсың, рахат» дейтін көрінеді. Сол айтқандай, Қылыштан кейін Еуропаны қиялмен сыдырып, санамен тербеліп қайтқандай боласың. Түк шығын жоқ. Рахат. А еще рухани азық аласың. Еуропа мемлекеттерінің ұлы мәдениет жасаушы мемлекеттер екендігі, олардың ұзын тарихының өнбойында басқа нәрсе емес, мәдениет қана өскелең ұрпаққа ұлттың рухани тәжірибесін беріп келе жатқаны, халықтың бірлігін қамтамасыз етіп отырғаны, еуропалықтардың әлемге ықпал жүргізуін де көбіне-көп осы мәдениет белгілеп беріп отырғаны көкірегіңе хаттай болып жазылып қалады. Еуропа – аумақ емес. Еуропа – бас пен қол. Бас ойлайды, қол жасайды.

Бұл менің ақыл зерегім шығарған қорытынды емес. «Нормальный» оқырман Қылыштың 16 беттен тұратын мәдениеттанушылық очеркін оқып шыққаннан кейін түйінделетін түйін. Қасқаң сізге он алты бет бойы тегін гид болып, серуенбасылық қызмет көрсетеді. Құдай-ау, осы тәптіштің не керегі бар, барсам, ақысына өздері-ақ алып жүреді ғой дейсің, а бірақ авторға сіздің бұл прагматтық ойыңыз есеп емес, себебі оған сахнадағы артист сияқты нәтижеден гөрі үдеріс-процесс маңыздырақ, перформанс қымбаттырақ. Енді ше, мұғалім Еуропада да мұғалім, ағартушы, Парижде де ағартушы. Миландағы Ла-Скала театры, Кастелло Сфорцезо қамалы орналасқан Дуома алаңымен таныстырғанның соңында әлгі атақты театрға үш-төрт ай бұрын Интернет арқылы билет алып қоймасаң кіре алмай кететініңді және театр залында фотоға түсіруге болмайтынын ескертеді. Парижде де солай, барлық жерге алдын ала сатылған билетпен ғана кіре аласыз және бағасы удай болып келетініне дайын болып барыңыз. «Парижде L Open Tour аталатын омнибусқа отырып, қаланы топпен аралап шыққаның мақұл, он екі бағдардың ішінен міндетті түрде көруің керек тәбәрік жерлерді таңдай біл» деп нұқып көрсетеді. Одан әрі осы ең керек маршруттың бойында жатқан Опера театры, Нотр-Дам ғибадатханасы, Лувр музейінің, Салтанат аркасының, Италиядағы Ватиканның, Сикстиндік капелла галереясының, Ватикан Пинакотекасының, Император Форумының, ондағы Колизейдің, Капитолийдің, Виа дем – Корсо көшесінің, Навона алаңының, Массимо сарайының, Термини вокзалының сырты, іші, құрылыстарының тарихы, сәулеттік ерекшеліктері, экспозициялары тәптіштеледі. Бір ғажабы, әшейінде дүние шіркіннің бетіне қарамайтын туа салқам Қылекең мына жерге келгенде сондай жаһаткер, ұсынақты. «Болашақта дәм тартып, осы жерлерге барып та қаларсыз» дей отырып, мыналарды ежіктейді: алдымен ағылшынша бірінші кезекте келетін қарапайым бірнеше сөзді үйреніп алыңыз; сосын төлқұжатыңыз бен ақшаңызға абай болыңыз, басқасы ештеңе емес, бұл екеуі болмаса жат жерде қиыншылыққа ұшырайсыз; үшіншіден, ешуақытта жалғыз жүрме, ең болмаса алдыңда кетіп бара жатқан топқа қосыла кет; ең соңында айтары, тосыннан сый ұсынған біреулер болса, тіпті де назар бөлме, сөздеріне түсінбеген болып баса бер, әсіресе қара нәсілділерден аулақ жүр (қанша айтқанмен, кезінде ботсвана, зимбабвемен жұмыс істеп қалғаны бар ғой). Осылай-осылай ұзыннан ұзақ кете береді. Бейшара қағаз-ай дейсің, сөйте тұра оқисың, жадқа аласың, себебі жолнұсқама, жолбасшы қағаздарда бұлардың біреуі де айтылмайды. Танымайтын ақылшың, тіпті сырласың, өмірдің ащы сабағындай шындықты жазумен келе жатқан Қылышбай ағартушы ғана айтады мұның бәрін. Осының бәрі не үшін керек? Әлем бізге надандарға қарағандай қарамауы үшін білім-таным, талғам-тұщым көкжиегімізді кеңейтіп, үнемі өздігімізден үйрену арқылы өзімізді-өзіміз тайыздан тереңге, етектен асқарға алып шығу үшін керек.

Қылекең Еуропа сапарының хикаясын Атырау қаласында отырып безбендеген. Биографтарының анықтауынша, ол содан бірқатар жыл бұрын, яғни 1995 жылдың жазында облыс орталығына қоныс аударыпты. «Бақа өзінің көлінде» деп, асық ойнаған төл мекенінде бала-шағаның тілеуін тілеп отыра берсе де болар еді. Ешкімнен сорлы емес-ті. Дегенмен, тағдырдың туған жерге байлануы дәл туған ауылыңа қармақталу деген сөз емес – алысырақ жүріп те, қай шаруаның да «бір құлақ суын» туған жерге қарай бұруға болады. Өмірдің проблемаларынан басылып қалар ұяберігің әсте Қылышбай емес, сонда да осы тұста ол бір сарынды томаға-тұйық өмір кешіру өз қабілетін тосаңсыта бастағанын, қайтсе де бір көңілдің ішіне екі талап сыймайтынын сезді ме екен. Қабілеті бар жанға нағыз жазатын кез – жас кезі, ал сол шақтар өмір көшімен бірге ілбіп, ұзап барады. Он үшінде жазу айықпас ауруына, дертіне айналған, содан бері жаза алмай тұра алмайтын жампоз үшін бұл өзі бір жатқан трагедия. Сонан соң білгенін кімге үйретерін, білмегенін кімнен сұрарын білмей дағдарар сәттер де болады адам өмірінде. Әлде елге қалам өнерімен қызмет қылып, ақ қағаз бен қара сияны ермек еткісі келді ме? Әлде «қара қазан, сары баланың» қамы...

Қалай болғанда да сол жылдардың ар жақ, бер жағында Қылыш қаладағы газеттердің, мектеп-колледждердің көшін түзесті, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Заң және Гуманитарлық факультеттерінің деканы болды. Сонда жүріп, «Қазақстанның Батыс өлкесіндегі баспасөз тарихы. 1917-1940 жылдар» деген атпен кандидаттық ғылыми диссертация тақырыбын бекіттірді. Бұл 2004 жыл еді.

Қылышбай жайындағы осы бір қолдан келген қораш дүниемді оқыған базбіреулер «Журналист журналист туралы жазса, қайтсе де бірдеңені қосып жібереді» рәуішті кекесінмен ащы жымиюы, бәлкім тіпті «Осыншама өліп-өшіп ұлықтайтындай соншама не бітіріп еді?» деуі мүмкін. Осыны көлденең қыстырылар кергіме керауыз сұрақ деп емес, заңды нәрседей қабылдап, іште құлта қадырмас үшін әріден бастап айтайық.

Ілгеріде Қылышбай Сүндетұлының қаны да, жаны да ағартушы екендігін шамамыз келгенше дәлелдеген болдық. Бұл ретте басын бірден ашып айтар жағдай – оның осы бір азаматтық ажары мен шығармашылық айрықша сипатына сол ағартушылық дәуір жадығаттарымен тікелей айналысуы себеп болды дегеннен гөрі, әлгі ғылыми тақырыпты таңдауына өз басының туабітті үздік ағартушылық қасиеті себеп болған деу жөн. Алайда соның өзінде де, тіпті базалық білімі бойынша тарихшы бола тұра, Қылышбай тарихшылыққа, тарихи тақырыпқа қол артуға ащы терін төгіп ұзақ дайындалды дей алмас едік. Тарих деген бір ұялшақ, бұлданшақ қыз бала сияқты ғой, қашан өзің жақындап, биге шақырмайынша орнынан қозғала қоймайды. Үндемес ойнауды ғана біледі. Екіншіден, Атырау – қазылмаған байлығынан жазылмаған тарихы көп өлке. Бұған Рахаң (Рахымжан Отарбаев) ашынып айтып кеткендей, «адамы көп, кісісі аздау», яғни қазақы қаймағы бұзылмай,  ұзағырақ тұрып қалған өңірде тарих ғылымы бойынша маман ғалымдар даярлау жағы да бір аяғынан мықтап ақсайтынын қосыңыз. Көк дөнен көңілмен ғалым атанғандар өзге аймақтарға қарағанда басы молырақ болғаннан ба екен, мұнда «Ғалым көп, жаңалық кәне?» дейтін сұрақ көбірек қойылатын. Содан да ашылмай жатқан аралдай 30-40-шы жылдар баспасөзін зерттеудің тауқыметті міндеті бір Қылышбайдың еңсесіне артылған. Әлбетте, ол осы тақырыптың алғаш тоңын ойып, тыңнан түрен салды деу артықтау болар, дейтұрсақ та, алынып отырған мәселе бойынша бүткіл Батыс Қазақстан өлкесін тұтастырып зерттеу жүргізген, жүйеге түсірген алғашқы ізденуші Сүндетұлы болды десек, адаса қояр ма екенбіз?!

Және бір ескеретін жағдай – қанша жерден «мұнайлы астана» деп дабырайтсақ та Атырау бәрібір провинциялық қала, мұнда ғылыми ортадан, кітап-газет көздерінен жырақта, өз білік-біліміңе, интуицияға ғана сүйене отырып кең көлемді зерттеме жүргізе алмайсың. Мұрағаттық ізденістерді, жалпы архивтік эвристиканы жазба деректердің дені Қазақстан қалаларында болуы одан әрі қиындата түседі. Оның да бірқатары шомбал қара құлыптың астында жатыр. Сонан соң 30-шы жылдар газеттері қазіргідей жетісіне бір шығып тұрмаған, үздік-создық, әртүрлі мерзімде жарық көрген, ал мұның өзі индекстеу ісін қиындатады. Ең бастысы қаріп проблемасы: қазақ тіліндегі басылымдар 1929 жылға дейін араб қарпінде, ал 1929–1940-шы жылдар аралығында латынша шыққандықтан, зерттеуші бұл әліпбилерді білуі керек. Көзі көміліп қалған бұлақтарды аршудағы және бір үлкен қиындық – газет тікпелерінің жағдайы. Кітапханалармен қатар архивтерде сақтаулы олар әлі цифрланбаған, электрондық нұсқалары жасалмаған, шеттері тышқан қиғандай жырым-жырым болып, кәрі қойдың тісіндей сарғайған тікпелер бояуы көшіңкіреп, темекінің жұқа қағазына басылғандықтан ыдырап кеткелі тұр: жібектен ызған қағаз ғана мың жылға кетеді, органикалық қағаздың ғұмыры ұзаса жүз елу жыл, одан әрі үгітіліп, тозаңға айнала бастайды, ал мына басылымдарға Қылышбай іске кіріскен жылдары жетпіс-сексен жыл болып қалған-ды. Беттеріне удай ащы шаң тұрған, шаң емес-ау, тозаң, тозаң-ау емес-ау таза микроб – тамақтың баспа ауруының ұясы. Осы микроб-тозаңға көміліп отырып, әр жолды маржан сүзгендей жинастырып, мұрағатшылардың зіл қабақ тәртіп, секемшіл айбатымен айқасып жүріп, төрт көз атанып, шырағын жасауратып, тал түсте адам іздеген Диогенше соның бәрін жиыстырып келе, Қылышбай әуелі батыс өлкедегі мерзімді баспасөздің жалпы тізімін, сосын индексін жасағанда, сізге өтірік, маған шын, зерттеушінің өзі «Жалпылама көрсеткіш» деп атаған әлгі индекс 93 атаулы басылымды құрады («дәлділік категориясы» адам өлтіргендей). Солардың көбін ол тапқан, кириллге көшірген, талдаған, тамсанған. Сонда деймін-ау, бір адам айналдырған төрт жылда (тақырыбын 2004 жылы бекіткен Қылыш тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертациясын 2008 жылы қорғады) тау тұрғызғандай сонша еңбекті атқара алуы мүмкін бе (кезінде баспасөз тарихымен айналысқан мен бір ғана «Қазақстан» газетін оншақты жыл зерттегенім бар-ды)? Бірде осы күдікке толы сұрағымды кейіпкерімнің өзіне қойдым.

– Қателесесіз, қатты қателесесіз! – деді ол барбиған сұқ саусағын менің ши түбіндегі тышқанның көзіндей жылтыраған көздерімнің алдында шошаңдатып. – Мен бұл істі 1985 жылы, Мәскеуде жүргенімде, сондағы архив-кітапханалардан бастағам. – Сосын саусақтарын бүгіп санай бастады. – Артық-кемі жоқ жиырма үш жыл өмірімді сарп еткен екенмін. Ол жылы туған балалар қазір үйлі-баранды…

Бұл – бір. Екіншіден, мұнда атыраулық белгілі өлкетанушы Мақсот Жолжановтың да еселі еңбегі бар екенін айту жөн. Өз басым марқұмды Қалекең (Қалтай Мұхамеджанов) айтқан «академияның қалбырға салып тастаған шабақтарынан» әлдеқайда жоғары қоюшы едім, қазір де солай. Қылыш Мәкеңмен көрші тұрған, екеуі ақтан кетіріңкіреп отырып, материал алмасқан. А бірақ денін өзі Мәскеуді, Петерборды, Орынборды, Астраханды, Саратовты, Самараны, Соль-Илецкіні, Оралды, Ақтөбені, Ақтауды, Қызылорданы, Шымкентті аяқтай аралап, солардағы архив-кітапханалардан тапқан. Із кескен ғылыми қайнарлары 18 архив-кітапхананы құрайды. Сөйтіп, Қылыштың бұл тарихи дерек-құжаттарды табуының өзі бір тарих болып шығады. Жиырма жылғы тентіреудің жай-жапсары оның қара қабырғасының астында. Ішін сақардай қайнатқан талай әңгімені өзімен бірге әкететін шығар. Біздің естігеніміз шет-шепірі – аңызға бергісіз бір тәмсіл.

Бір күні ерлі-зайыпты екеуі қонаққа баратын болып, Гүлбадан алдымен шығып кетеді де, киінемін деп қалып қойған күйеуін сыртта күтіп тұрды дейді. Қылышекең ұзақ күттіріп, қара пенжек, ақ көйлек, күреңқоңыр «бабочкамен» лып етіп шыға келді.

– Е, бүгін күн суық, төмен жағыңды жылы ұстап жүргенің дұрыс болды, – дейді жар-қосағы.

Қылыш айран-асыр.

– Бұл не деген ғаламат түйсік?! Не деген дедукциялық ойлау жүйесі десейші. Шерлок холмит-сименонит! Менің бүгін жылы киініп шыққанымды қандай ғана тәсілмен анықтай қойдың екен, Гүлбаданжан?!

– Қасқа-ау, көшеге кальсонмен шығып тұрсың ғой...

Бір телехабарда айтылатындай, солай дейік, солай болғанына сенейік. Қылекең есік алдына еркектік артықшылығын көрсетіп атып шықты ма, жоқ па, оны анық білмейміз. Достық әзіл болып қалуы да әбден мүмкін, бірақ объективті түрде сондай-сондай хикаяның орын алу мүмкіндігіне өз басым құлай сенемін. Неге дейсіз ғой?!

Ағарту дәуірінде тарихшылардың екі түрі болған екен. Бірі – шалбарын сүйретіп жүріп философия соғатын тарихшылар. Екіншісі – тікелей дереккөздермен жұмыс істейтін «антиквар» тарихшылар. Біздің заманымызда алдыңғыларын көбінше «архивтік ақпараттың академиялық пайдаланушылары» деп айдарлайды. «Антикварлар» өз аттарымен қалған.

Біздің Қылыш соңғы топқа жатады және соның сирек кездесетін «жүргелең» дейтін сортынан. Яғни қорашылдау, кәбинетшілдеу менің де, отырған орнынан тапжылмайтын шойын құйрық Аққали Қабижанұлының да тап антиподы. Ақаң қозығадай денесін қаздитыңқырап, алдындағы құжатқа шұқшиып, телміре қадалып отырғанда «аяғының желі бар, алынбай жүрген тері бар» Қылекең Орталық архивтен шығып, Ұлттық кітапханадағы Толқынға зымырап отырып әлденеше мәрте барып келеді. «Мына қалпымен тағы бір жиырма жылдай жүретін шығар» дейсің.

Қателестіңіз. Қылышбай қолына алған шаруасын іс қылып шығармаса Қылышбай бола ма – сіз бен біз жазғанымызды қайта-қайта ұлтарып, созбақтап, қалып алған аяң жүріспен жүргенімізде, ол қашандағыдай жазарын төгіп-төгіп, маржандай төгілтіп тез жазды және ұзатпай қорғап та алды. Нәтиже күткендегідей – «Қазақстанның батыс өлкесіндегі баспасөздің тарихы» дейтін қалың монография (Астана: Фолиант, 2016). Мұның түзетіліп, кеңейтіліп, сегменттеліп, әр жылдары жарық көрген варианттары: «Ордадан қанат қаққан үнпарақтар» (Орал, 2008), «Мерзімді баспасөз – деректер көзі» (Алматы: Кие, 2009), «Баспасөз тарихы – ел тарихы» (Алматы: Кие, 2009), «Атырау баспасөзінің тарихы. 1917-1955 ж.» (Алматы, 2014)   және «Қаһарлы жылдар шежіресі. 1941-1945 ж.» (Атырау-ақпарат, 2015).

Қысқасы, Қылекең қазірдің өзінде Сәбең айтқандай, «бір өзі бір библиотека кітап» беріп отыр. Бұл алты кітапты біреу-міреу қазақ «мыжыма» деген майға езілген ыстық нанға да теңер. Бірінен бірі күшіктеп, бірінен бірі балалап жатқандай көрінетіндіктен. Бірақ бұл сырт әсер. Бәрі де бір таңба қалыптан шыққандай бүгінгінің сүреңсіз көп «китобынан» Қылышбай еңбектерінің ерекшелігі, олар – белгілі бір тақырыптағы желілес дүниелердің тұтас жүйесін танытады. Әрбердесін шын ғылымды тұлғалайтын нәрсенің бірі де осы ғой. Басын әр жағаға бір соғу емес. Екіншіден, Сүндетұлының бұл еңбектерін сықитып сілтемелер мен «құжаттарға» толтырып тастайтын профандық нәрселерден ошақтың үш бұтындай үш қасиет айрықшалап тұрады, олар – эрудиция, мәліметкөздермен тікелей жұмыс істеу және зерттеушінің түйсігі. Жұмыстың әдіснамалық принциптері ретінде жиындылық, дерек жинаудың толымдылығы, оларды талдаудағы нақтылық, жинақтаулардағы объективтілік қағидаттары алынған. Рефлексивтілік дағдылар (мәліметтерді жоспарлы түрде өңдеу, ақпаратты жинау, реттеу, талдау), жалпықисындық дағдылар (жүйелеу, жіктеу, талдау және топтау) қолданылған. Зерттемелердің айрықша қасиеті – даусыз нақтыланған фактілер және сол дерек-фактілерді мәттақамдықпен берік ұстану сөз боп отырған дүниелерді бүгінде Батыста қолданылып жүрген айқындама – «фактологиялық прозаға» да бір табан жақындатып тұрады. Қылышбайдың стилін таза ғылыми стильге жатқызу да қиын, бұл – автордың эмоциясын, симпатиялары мен антипатияларын, ұнатуы мен ұнатпауын әбден білдіріп тұратын, долаң тілді құрғақ академизмнен ада біртүрлі стиль. Нақты дерек, дәлді фактілерді ғылыми принциптермен ой тезіне салып жазып отырғанының өзінде сөзі де өзіне лайық дөңгеленген Қылекең қаламынан шешен адамға тән бір шабыттануды сезініп, от алып отырасың. Тіпті оның жазғандарында мірдің оғындай болып, бір ізден шығып отыратын сюжет тартысы байқалады деуге аузым барады. Батыста мұндай аралық дүниені «инфороман» деп атайды. Бізше айтқанда, дәйектеме-роман. Авторлары көбінесе жазушы, журналистер болып келеді. Мысалы, бізде осындай инфороманның жарқын үлгісін жазушы Әнес Сарай танытып жүр. Тарихты адамның қатысынан, оң-солдан айырып, тұлдырлап тастау және тарихи таным мен білімнің актуальдануының жеткіліксіздігі Қазақстан тарихын зерттеу ісінде проблемаға айналып отырған қазіргідей кезде тарих ғылымына адами өң беру, сол арқылы оны қалың жұртшылыққа оқыту қай кездегіден де маңызды. Себебі, кейбір тарихи фактілермен танысып, оларға басқа тұрғыда тұрып қарағаннан кейін сіз оларға міндетті түрде өз бағаңызды беретін боласыз және мына дүние тіршілігіндегі көптеген жәйттерге енді басқа көзбен қарай бастайсыз. Ол үшін зерттеу, қазірде көп қолданылатын бір сөзбен айтқанда, тіл-стиль жағынан «қолжетімді» болмақ керек. Долаң цехтық лексикон араластырмай, екінші жағынан көз қарықтырмай, осы екеуінің аралығын ұстау, яғни қарабайырландырмай қарапайым жазу оңай міндет емес. Олжас Омарұлынша айтқанда, кітап стилімен ғана емес, нәтижесімен де ғылыми болуы керек. Қайткенде де тарих ғылымы – кең мағынада хронософияға (тарихи кезеңді сипаттау дәрежесіне) үлкен мән беріп, дәуірді кеңінен ораса да, бәрібір де ең алдымен тарихи уақиғалар мен оқиғалардың тізбесі, жылнамасы ғой. Қолдан жасалғанды емес, қолда барды яки болғанды жинап, сынық айнадай жамап-жасқап, таразыға тартатын ғылым. Шағын тарихтардан тұтас, үлкен тарих жасайтын ғылым бабы. Бұрын ғамзатовшылап, аз халыққа үлкен қанжар керек деуші едік, енді шағын халыққа үлкен тарих керек дейтін болдық. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, не десек те, жасанды емес, шынайы үлкен тарих шағын тарихтардан (бұл жерде Қазақстан тарихы өлке, аймақ тарихтарынан) жасақталады. Көркем әдебиет аймақтық болмауы мүмкін, алайда белгілі бір аумақта өрбіген уақиғалар мен оқиғалардан тұратын тарих өлкелік бола алады. Осы тұста тарих ғылымының аймақтық және отандық деңгейлері деген мәселе шығады, бұл ретте Қылышбай Сүндетұлының бес облыстың баспасөзін тұтас алып қарастырған зерттемелері жалқыдан жалпы жасау ісіне мерзімді баспасөз тарихы арқылы әдемі олжа салды деу жөн. И-и, несін айтарсың, Қылыш ағай қашанғысындай талай уақиғаны тулақша сабап қана қоймай, газеттер тарихының көмегімен түйе мойнақ иір бір ғасырды көзінен көгертіп, көгендеп тастаған. Жәй көгендемейді, ұлттық тарихты жаңаша, басқаша зерделеуге бастайды.

«Правда» газетін бес жыл оқыған адам университет бітіргенмен бірдей» деуші еді бізге университетте ұстазымыз Әбілфайыз Ыдырысов. Ол кезде ондай сөздерге шынымен иланушы едік. Сол «Правдаға» Николай Бухаринды неміс шпионы деп айыптаған мақала шыққанда, әлгі нөмірге газет редакторы Николай Бухарин қол қойғанын кейінірек біліп, жаңағы «университетте» тағы бір бес жыл оқығандай болғанымыз бар. Не десе де Ленин «Біз газетсіз революция жасай алмаймыз – «Ұшқыннан» жалын лаулайды» деп жәйдан-жәй айтпаған ғой. Қазір ғой баспасөзіміздің саржағалданып, билікке орынсыз жәреукеленіп, соған сәйкес оқырманынан, таралымынан айрылып, саяси әрі экономикалық банкроттыққа беттеп бара жатқаны. Ал біз бүгінде орынды-орынсыз жамандай беретін кеңестік мерзімді баспасөз заманында бір оқырманы жүзге бағаланатын, сөзі бір күндік болғанымен өзі мың күндік салмақты баспасөз-тін. Қазіргілер сияқты тасқын судың сеңіндей басын әр жағаға бір соқпайды – әр газеттің өз бағыты, өзіндік бет-бейнесі, соған сай айтар сөзі болады. Саяси науқандарға орай пафостық сипат алып, дақпырттап кететіндігіне қарамастан, редакциялар «газеттің тілі мен стилі қарадүрсін де емес, әсіреқызыл сұлу да емес, байсалды, өткір ойлы, қажет жерінде ғылымилыққа талас болуы тиіс» дейтін талапты ұстануға тырысатын. Және бір қағидат «Газет – мелшиген нысаналарға атып жаттығатын тир емес» деп үйретеді, яғни кері байланыс – оқырманмен байланыс орнат дегендік.

Осы қалпымен кеңестік баспасөз – тұнып тұрған тарих. Бұл орайда әсіресе 30-40-шы жылдар баспасөзінің берері шаш-етектен. Себебі, кезінде бұл күрделі кезеңнің ащы шындығы хатқа толықтай түспей қалды. Ол кезде жасаған адамдар бүгінде өлім-жітімге ұшырап болды, көзі тірі отырғандардың ішінен әңгіме айтатыны ілуде біреу. Мұндай жағдайда баспасөзді ғана көмекке шақыруға болады. Әрбердесін олардың бетіндегі өлімге кескен, үкім шығарған «ату» мақалалардың өзі де тарих. Халықты жау шаппай сорлатқан ашаршылықтың, қуғын-сүргіннің ызғарлы шындығын да жол арасы оқып, шығаруға болады. Кешегі «қамал бұзған қаһарлы сөз» де осы қатарға кіреді. Қайтсе де ол кезеңдегі өрескел заңсыздықтардың құныкері газеттер емес, қайта репрессиядан қашанда шындықты тайсалмай айтатын журналистер қауымы көбірек зардап шеккен.

Қылышбай Сүндетұлы, түптеп келгенде, жәй бір газеттердің тарихын, олардың қашан шығып, қашан жабылғанын әуезе етіп қана қоймайды, тарихымыздан жұлынып тасталған осы тұтас бір беттің шындығын ашуға тырысады. Бұрын біз аудандық газетті баспасөздің бастауыш буыны деп келгенбіз. Ал Қылышбай басқаша жүйелейді. Көрсетуінше, егер дәл тарихына келетін болсақ, 30-шы жылдары аудандық газеттер баспасөздің орта буыны болған, ал бастауыш буыны – совхоздар, МТС-тер, екпінді құрылыстар, жоғары оқу орындары жанынан шығып тұрған саяси бөлімдердің көптиражды газеттері, одан да төмен алсақ, қабырға газеттері, үнпарақтар, тіпті Сүндетұлы ол кезде қазіргі «наклейкаға» келетін «жапсырма» газеттер де болғанын келтіреді. Төменгі буын деп соңғы екеуін айту керек шығар. Ал көптиражды газеттер кейін аудандық, ал аудандықтар атауының алдына орден таққан облыстықтарға база болған. Міне, солай.

Қылышбай өз зерттеулерінде екі нәрсені – газеттер бетіндегі оқу-ағарту мәселесін және «Редакцияның жүрегі – редактор» дейтін тақырыпты қашанда қалдырмайды. Ал аталған кезең жағдайында баспасөздің орта және жоғары буынының көшін түзескендердің көпшілігі алаштықтар және солардың ізін ала шыққан «жас қазақтар» еді. Сүндетұлы сол қайраткерлерді газеттер бойынша бас-басына атай отырып, сіңірген еңбектерін, жазған мақалаларын, редакторлық сапаларын бажайлайды, бұрыннан бар өмірбаяндарына өз тапқандарын қосып, жалпы өмірхаятын түзген. Бұл – тұлғатану. Атырау бойынша хатталған Федор Голованов, Сабыр Шәріпов, Нұғман Манаев, Серікқали Жақыпов, Сейітмұхамед Мәмбетов, Зайтұн Сыздықов, Батырбек Әлжанов, Шияп Қожахметов, Төлепкерей Өтеулиев, Құлмағамбет Бөріқұлақов, Оңай Шонаев, Ажырғали Сұлтанғалиев, Қазмұқаш Ибрашев, Ғатау Махамбетов, Тауман Амандосов, Әлімбек Жаңғазиев, Мақсот Жалмұқатов, Тәжібай Текеев, Маңғыстау бойынша Ж.Сәрсембин, Ж.Тәпесұлы, Нұртілеп Несіпбекұлы, Төлеген Мұқамбетұлы, Меңдеш Жәрдемов, астрахандықтар Нығмет Сәбитов, Досқали Құлбаев, Қ.Жаншурин, Ақтөбе бойынша Құбаш Қожамұратов, Сақып Меңгереев, Рахиман Нұрсұлтанов, Е.Айшев, Орал бойынша Ғабдол-Ғазиз Мұсағалиев, Ахмет Мәметов, Қуат Тастайбеков, Зайтұн Сыздықов осындай тұлғалар болатын. Солардың көбі репрессияда, соғыста жоқ болмағанда бар ғой, бүгін біз басқа қиырларда, өзге деңгейлерде жүрер едік. Бір назар аударатын жағдай, бұл шоғырдың бірқатары «переброска» саясатымен көршілес облыстарда жұмыс жасай берген, мысалы, Атыраудың баспасөзін өркендетуге қатысқан Серікқали Жақыпов, Төлепкерей Өтеулиев, Шияп Қожахметов, Ғатау Махамбетов, Батырбек Әлжанов оралдықтар болса, Ақтөбе газеттерінде Құбаш Қожамұратов, Бахиман Нұрсұлтанов сықылды атыраулықтар еңбек етті. Мұның өзі ертеректе өлкедегі облыстар арасындағы аралас-құраластық мөрлі шекара түскен қазіргі кезге қарағанда күштірек болғанын көрсетеді. Кезінде «Батыс Алаш-Орда» биобиблиографиялық сөздігіме Ахмет Мәметов пен Батырбек Әлжановты кірістірген мен Ахаңнан редакторлықты мұралаған, кейін Атырау округтік «Ерік» газетінің негізін қалаған Төлепкерей Өтеулиевті арнаулы тақырып етпегеніммен, бір сүрлеуге қоса кетермін деп ол жайындағы деректерді жинастырғанмын, осы үш тұлға жөнінде Қылышбай еңбектерінен мол мәлімет алып, жоғалған түйем табылғандай қуандым. Сол сияқты Зейнолла Қабдолов, Хамит Ерғалиев, Берқайыр Аманшин, Фариза Оңғарсыновалардың аудандық-облыстық газеттердегі алғашқы мақалалары, өлең-айтыстары жайындағы бөлім қызғылықты оқылады. Соғыс жылдарында Атырауға келіп, «Мұнайшылар, мұнай бер!» толғауын жазған Асқар Тоқмағамбетов жөнінде бұрын-соңды айтылып жүрген әңгімелер Қылыш кітабында деректік негізін тапқан екен. Тұтас алғанда, осының бәрі тарихшылар, деректанушылар, журналистерге таптырмас дәйек-мәлімет, ал жекелеген өкілдері алдарында ештеңе болмағандай көретін жас қаламгерлер үшін тағылымды сабақ.

Осындайда әңгіме Қылышбай сияқты зерттеушілердің насихаты шала болып жүрген жоқ па дегенге тіреле береді. Олай дейтініміз, өз басым әліге дейін ол туралы Айтқали Нұрғалиев ағамыздың жазғанынан басқа жөндемі мақала яки рецензия оқымаппын. Бәйгеде бірінші келетін атқа біреу қызыға, біреу қызғана қарайды ғой. Ұлы дүбірде тізгінін сүзе тартып, қалың топтың кеуде тұсында келе жатқан жүйріктің қара үзіп шығып, “ң” дейтін дауыссыз танау дыбысы секілді көзге ерек түспей жүргені содан ба деп қаласың. Бұл дұрыс емес. Атақсыз қазақ өзін сапсыз ожау сияқты сезінеді демейміз. Бойкүйез қазақтан түңіліп, көрсоқыр қазақтан жеңіліп, өмірден арманда өтіп жатқан таланттарымыз аз ба еді бізде дейміз. Әрбердесін ақын туған атадан ғалым да туған. Ғылыми ортаға күтпеген жаңалық сыйламағанымен, пәленбай қаланы «кальсонмен» аралап, архив-кітапхананың тозаңына көміліп отыратын «архившы» ғалымдар, айталық, сол ақын-жазушыларға яки кәбинетшіл ғалымдарға беріліп жатқан Махамбет сыйлығынан неге құр қалуы керек?! Абай атындағы сыйлық Абай жайында жазғандарға ғана берілмейді ғой.

Әрине, соған бола қылыштар сынбайды. Қылышекең сақтанбай жүретін серілігімен, секемсіз сөйлейтін ірілігімен, «Алты сан алаш ат бөліп, тізгін берсе қолыма, заулар едім-ау бір көшке» деп жүріп жатыр. Адал адамға қызмет арам астай болып тұр ғой дейтін емес, қылышым қыннан суырылмай қалды-ау деп қыналы жырын да бебеулетпейді, қабілет – құдайдан, бап – жұбайдан. Құдайға шүкір, бір облыстың білім, ғылым кәсіподақ қызметінің тығырықтан жол тауып жүре алатын, сөз тауып түйінді шеше алатын, тізгіншісі. Гүлбаданы, өріктей Сұңқар, Сұлтан ұлдары, алмадай Светлана, Гауһар қыздары, өмірінің жалғасындай немере-жиендері қасында. Үлкендік мойынға міне қоймағанымен, шашты онша-мұнша қырау шалды – біреулер «пайғамбар жасы» деп танитын, енді бір діндарлар «олай емес, қырық жас» деп жасынға шығаратын әнеу бір жасқа айнала шауып жүріп келіп қалды. Адамға жетпейтіні сәл-ақ нәрсе ғой, «не хабар жоқ, не қара қағаз жоқ» деп Рахаң айтқандай үн-түнсіз кеткендей болсам, көңілінің түндігін ашып тастап жүретін Қылышекең «Осы сендерді мектепте телефон соғуға үйретпеген ғой, сірә!» деп мобилмен-ақ жәукемдеп тұрғаны. «Дөң асып отырмын, Мәкетайым. Мерейтой деген той иесін де, тілектесін де бір серпілтіп, сергітіп тастайтын нәрсе екен. Өткеніңді шолып, ертеңіңді болжап, ақтара қарап аласың. Сені бір көргенім – бір тайлы бие. Келсейші, ауылдың етін жеп, тіс шұқиық», – дейді, бейне бір «көпес Тритай Гелди» секілді.  «Әттең, құс тәрізді қанатым болар ма еді?» деп жүргенде, мынаусы іздегенге – сұраған. Күміс қанат лайнермен лақтырған тымақтай топ ете қалам. Шіркін, бір-бірімізді іздеген қандай жақсы, деп.

Міне, енді... Серітап, көпшіл жігіт қайыңдай тербелген әлеуметтің алдында маңдайы жарқырап, әруақ көтергендей ашылып ән салып тұр. Делбені қоздырып, дәсерлетпейді, толқытып тоқсан бунаққа салады. «Бір әннің әншісі» деген сөзді айтатын жалғыз-ақ әні бар деп те, көп әннің ішінен біреуін аса нақышына келтіріп салады деп те түсінуге болады ғой. Қылышбай соның соңғысына жатады: әрине, Тұрды-Қылыштың Ханбибі апайымыз сөзін жазған «Нурикамалын» Жұбаныштан асырып айту қиын,  дегенмен теңдес айтып жүргендер де бар, соның бірі – біздің Жатпас-Қылыш. Құр дауыс ұзаққа апармайды ғой, әнді жүрегін, жанын ерітіп, өзі де елтіп айтпаса. Қылыш ол жағын қатырады. Содан да тыңдап тұрғандар әнге онымен бірге елтіп, қалай құтырына қыздырмалатып жібергендерін де аңғармай жатады. “Аспандағы Ай ма дедім, / Жастық шағым қайда менің?! / Жүрегімді елжіреткен, / Жаным, қандай жайдары едің?!”

– Тептір, Қылыш, тептір! Дүниесі айналсын!

– Соқ, Қылыш, соқ! Кірпіш қалағандай соқ! – деген дауыстар әр жер-әр жерден-ақ шығып қалды.

Ән манағыдан әрмен ескектеп, құйқылжи шалқыды. Мейрамхананың түндігін тастап шығып, Атыраудың үстімен көкшулан толқындары дөңбекшіген кәрі Каспийге қарай маңып барады... “Нурикамал, Камалым-ай, / Күндей ашық жанарың-ай / Қолым жетпей, сөзім де өтпей, / Жаутаңдадым қабағыңа-ай, / Қарағым-ай...”

 

67-ші автобус бүйірінен бірдеңе түйіп жібергендей солқ ете тоқтап, артынша лекте оқыс жүріп кетті. Біреуі екіншісін соғып, екіншісі терезеге маңдайын соғып, жұрт у да шу. Көзім ілегіңкіреп, мамыражай күй кешіп отырған мен мына жындысүрей шопырдың кесірінен наушник арқылы келіп тұрған манағы әсем әннің үзіліп кеткеніне жыным келіп, шопыр кабинасына тепсініп жетіп бардым.

«Қылышыммен» бір тартып, топалаң асырайын ба, осы!?

        Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ, 

                      жазушы-эссеист,

1.04.2019 – 11.04.2019

Қаскелең шатқалы,

Алматы қ.

Пікірлер
Редакция таңдауы