Қоғамдық келісім кеңестері татулықты көздейді

415

Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 156 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жасайды. Атап айтсақ, оның ішінде біреуі — облыстық, 4-еуі — қалалық, 12-сі — аудандық, 138-і — ауылдық. Сондай-ақ бір өндіріс орнында қоғамдық келісім кеңесі бар. Жалпы, бұлардың құрамында 1134 мүше тіркелген.

Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы  Ассамблеясы  жанындағы кеңестер қызметін іске асыру бөлімінің сарапшы маманы Түлкібай Сапаровтың айтуынша, қоғамдық келісім кеңесінің басты міндеті — өңірдегі тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту және сақтау мақсатындағы жұмыстарды үйлестіре отырып, қоғамға қызмет ету.

— Бүкілқазақстандық  бірліктің  бірегей  моделін  қалыптастыруда елімізде Қазақстан халқы  Ассамблеясы маңызды  рөл  атқарып  келеді. Оның ішінде Ақтөбе облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы 1998 жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Көпэтносты  Қазақстан  үшін  тұрақтылықты,  этносаралық  келісімді  қамтамсыз  ету — мемлекеттік  саясаттың  маңызды  басымдықтарының  бірі,  әлеуметтік – экономикалық  және  саяси  реформаларды  жүргізудің  негізгі  міндеті.

Қазақстан  халқы  Ассамблеясының  негізгі тірегі – этномәдени  бірлестіктер.  Бастапқыда  олар  ұлттық  жандану  процесстерін  еңсеріп,  әрбір  этностың мәдени  құндылықтары мен  салт-дәстүр,  тілі мен  дінінің  дәріптелуін  көздеді.  Бұл  мақсатты  олар  сәтті  іске   асырды деп айтуға  болады.  Өйткені  мемлекет  тарапынан  қолдау  мен  көмек  жеткілікті  болды. Бүгінгі  таңда  облыста  16  этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Биыл жыл басынан бері этномәдени бірлестіктер 108 шара өткізіп, оған 2539 адам қатысты, — дейді ол.

Түлкібай Сапаровтың айтуынша, биылғы жылдың 9  айында Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы  Ассамблеясы жанындағы қоғамдық келісім кеңесі 484 шара өткізіп, оған облыстың 6186 тұрғыны қатысқан.

Бүгінде қоғамдық келісім кеңесі жанында 153 аналар кеңесі қызмет атқаруда. Оның 942 мүшесі бар. Аналар кеңесі барлық аудан мен ауылдық округтерде құрылып, өз қызметін үйлестіріп жүргізуде. Аналар кеңесі мүшелігінде педагогтар, мекеме басшылары, белсенді зейнеткерлер, жеке кәсіпкерлер, үй шаруасындағы аналар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, медиаторлар бар.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында аналар кеңесінің қызметі теңдестірілген этносаралық қатынасты қалыптастыруға бағытталатын болады.Аналар кеңесінің мақсаты — «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасын, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, мәдениетін насихаттаумен қатар жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру, ұрпақ бойына қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, азқамтылған және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көмек беруді ұйымдастыру, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Биыл жыл басында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің ару аналары» атты қоғамдық-саяси іс-шара өткізілді. Аталған іс-шарада еліміздің осы күнгі жетістігін айту, бойларында ұлттық рухы, Отанға, еліне деген патриоттық сезімі қалыптасқан аналарды болашақ ұрпаққа үлгі ету, тарихымызды таныту болды. Іс-шараға 150-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ аналар кеңесінің ұйымдастыруымен ZOOM платформасында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бір шаңырақ астында» қоғамдық-саяси іс-шарасы жүзеге асырылды. Сонымен қатар облыстық аналар кеңесінің төрағаларының қоғамдық қабылдаулар жүргізілді. Іс-шара барысында аналар кеңесінің төрағасы мен кеңес мүшелері аз қамтылған отбасылармен кездесіп, кеңес-насихат өткізді. Қабылдаулар Шалқар, Алға, Ойыл, Ырғыз аудандарында және Ақтөбе қаласында өтті, — дейді сарапшы маман.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің бір бағыты – медиацияны дамыту. Биыл «Қоғамдық қарым-қатынас саласында медиацияны дамыту» бағыты бойынша Әйтеке би, Мұғалжар, Темір, аудандарында семинар-кеңестер ұйымдастырылса, Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орындары мен мектептерде 60 дөңгелек үстел өткізілді. Жалпы медиация қызметіне халықтың сұранысы артып келеді. Биыл осы мақсатта өткізілген шараға облыстың 1261 тұрғыны қатысқан.

Түлкібай Сапаровтың айтуынша, Ақтөбе облысында «Қоғамдық келісім» мекемесі жанынан құрылған «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік штабы үздіксіз жұмыс жасайды. Бұл қозғалыстың белсенділері қоғамдық жұмыстармен және қайырымдылықпен айналысады.

«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы жұмысының басым бағыттарының бірі — жастар ұйымдарын шоғырландыру. Бұл өңірдегі жастар ұйымдарының қатысуымен этносаралық қатынастар саласындағы бірлік пен келісімді сақтауға бағытталған бірлескен әлеуметтік жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде биыл қозғалыстың бастамасымен 23 шара өткізіліп, оған 709 адам қатысқан.

— Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жыл толуына байланысты «30 игі іс» қайырымдылық акциясына Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері белсене қатысып жатыр. Мәселен,

 9 айдың ішінде 6 591 400 теңге көлемінде қайырымдылық көрсетілді. Атап айтсақ, «Әзірбайжандар қауымдастығының» мүшелері жатақханада тұрып жатқан жалғызбасты ананың бөлмесіне 2 000 000 теңге көлемінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп берсе,  еврейлердің «Шалом» этномәдени бірлестігінің мүшелері тыл ардагерлері С.Ванштейн мен Н.Триликовскаяға 16 000 теңге көлеміндегі азық-түлік пакеттерін ұсынды.

Риддер қаласында болған өрт салдарын зардап шегіп, баспанасыз қалған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған «Риддер, біз біргеміз!» акциясы аясында «Ақтөбе облысы кәрістер қауымдастығы» бірлестік төрағасы К.Цхай және «Урарту» Армян қауымдастығы» бірлестік төрағасы Г.Тертерьян 50 000 теңгеден, «Эллада» этномәдени бірлестігінің  төрағасы И.Козьмов 20 000 теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетті, —дейді маман.

Сондай-ақ жаңа оқу жылында бірлестік мүшелері «Мектепке жол» акциясына қатысып, 20 оқушыға материалдық көмек көрсеткен. Жыл соңына дейін қоғамдық келісім кеңестері ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тағы бірқатар бастамаларды жүзеге асырмақ. 

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы