Әбубәкір Қайран. Қос мүскін

4648
Adyrna.kz Telegram

(Новелла)

Өмірінде дәл мынандай бума-бума көп ақшаны қолына ұстап көрмепті. Бес миллион теңге. Қақпағы ашулы тұрған қара дипломаттың ішінде қаз-қатар болып тізіліп жатқан көкала, қызылала бумалардан танау қытықтар жұпар иіс аңқитындай ма-ау, тіпті, әлемде жоқ айшықтармен өрнектелген кілем түгіндей болып мың құбылған үстіңгі бетінде көлден көтерілген сағымдай сиқырлы сәуле дірілдеп тұрғандай ма-ау! Әйтеуір, өзіне ғана тиесілі мол қазынаға қараған сайын адам айтқысыз тылсым сезімдердің тереңіне батып бара жатқаны анық. Әлгі сағымдай бұлдырылған сиқырлы сәуленің үстінен алақанымен сипағысы келіп еді, дір-дір еткен саусақтарын көріп, қолын тез тартып ала қойды. Баяғыда, жас кезінде, өзі шопыры болып жүрген бастығының да мол ақшаға қолын созғанда, саусақтарының дәл осылай дірілдегені есіне түсе қалды. Ол өзіне шетелдік көлік сатып алмақ болып, мұны қасына ертіп, жинақ кассасына барған болатын.

Ол байқұстың саусақтары ұзақ жылдар бойы тірнектеп жинаған ақшасына деген қимастықтан дірілдеген шығар. Ал бұнікі не? Мынау көп ақша маңдай терін сыпырып, табанынан таусылып жүріп тапқан қаражаты да емес, немесе, тосыннан тосын бір жерден тауып алған олжасы да емес. Ашығын айтса, аспаннан түскен ақша ғой – бұл! Алла! Не ойлап отыр өзі?! Осыдан алты-ақ ай бұрынғы өмірін есіне түсірсе... қандай азап, қандай тозақ!

Әйелі мен қайын жұртының теперішіне шыдамай, екі қолын төбесіне қойып, үйді де, жұмысты да тәрк етіп, „бомж” боп кетті емес пе! Бүкіл жұрт „бомж” деп атайтын баспанасыз, жақын-жуықсыз, қаңғыбас, бейшара адамдардың да өздеріне тән қоғамдастығы, бір-біріне деген жанашырлығы болатынын біреу білсе, біреу білмес. Қай жерде қоналқалық орын бар, қай жерден өз ыңғайларына келетін ақылы жұмыстар табылады, арзан киім-кешек, төсеніштер сияқты керек-жарақтарды қайдан, қалай табуға болады... осындайлардың бәрі „бомждардың” бір-бірімен жалғасуы арқылы іске асып жатады ғой. Олар бірін-бірі ешқашан сыртқа теуіп, жатырқамақ емес, керісінше, қашанда қамқор пейілмен жақындасып жүргенді тәуір көреді. Өзінің қарны қатты ашып тұрса да, бір жапырақ қара нанын бөлісіп жеуге дайын тұратын мәрттіктері де бір ересен. Қолдарына әлдеқандай молырақ табыс түсіп қалғанда, өздеріне лайық көзден таса бір жерге әйел-еркегі жиналып, сауық кештерін өткізетіндері де бір жосын! Сол «бомждардың» бірі болып саналатын өзі осында... мынау хан сарайындай жекежайға бірінші Құдайдың, екінші камқор қожайынның жетелеуімен келіп, орнығып алған соң, бір айдай ғана масайрағандай болып жүрде де, екі ай өтер-өтпестен бұрынғы „бомж” күндерін сағына бастады емес пе?! Үстіндегі тәуір киімдері мен алдында дайын тұратын тамағы мен шарабы да жалықтырып жібере жаздады-ау? Өйтетін жөні де бар. Ешқайда шығармайды. Ешкіммен оңаша сөйлестірмейді. Телефоны да жоқ. Қожайынның шақырған қонақтарының арасында "ауылдас інісі" болып отыру да ыңғайсыз ғана емес, ырықсыз, ықтиярсыз сәттерінің қатарынан саналатын болды. Келген қонақтардың көпшілігі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Өздері де, сөздері де, күлген күлкілері мен өкпелесе қалатындары да, тіпті, арақ –шарап ішу мәнерлері де ұқсас, бірдей. Мұның жаратылысында адам танығыштық қасиеті бар екені рас-ау, олардың күліп отырса да, суық жылтылдайтын көздеріндегі жауыздық пен жыртқыштықты, арақ ішіп отырып ашылып сөйлегендей болса да, әр сөздерінен жалғандық пен жалдаптықты анық байқап отырады.

Іші пысып, жалыққанын былай қойғанда, соларға деген ызасы мен жиіркеніші қоса қабаттасып, пасық қауымның арасынан тезірек сытылып кетудің амалдарын қарастырады. Олардың ішінен заң адамдары мен нотарюстерді де көріп жүрді. Әлгілердің сол жерде отырғандардан түк өзгешіліктері жоқ жылмиған жүздеріне көзі түскен сайын: «осы біздің қоғам не боп бара жатыр?!» деген удай ащы ойларға да мелдектей беретін. Қазіргі қоғамды жегідей жеп бара жатқан пәлені «жемқорлық» деп жүр ғой, сол пәленің де сипатын осы тобырдың іс-әрекеттерінен, сөйлеген сөздерінен байқауға болатын сияқты... Енді, міне, сол тобырдан да, мына кең сарайдан да, оның қожайынынан да құтылатын шаққа жетіп отыр.

Дипломаттың қақпағын жайымен жауып, мұқият кілттеді де, бұрышта тұрған үлкен шкафтың артына жасырды. Серейген бойын меңгере алмай қалғандай, оңға, солға теңселіп, бөлменің ішін біраз кезіп жүрді де, үлкен шарайнаның алдына барып қалт тоқтады. «Қалайсың, Оқас?» деді айнадағы бейнеге. Қонқақ мұрынды, қалың қабақты, қап-қара сақал-мұрты өзіне бек жарасқан шегір көзділеу сұр жігіт айнадан тесірейе қарайды. Қысқа қырқтырған қайратты шашының әр талы қыбырлап, қозғалып тұрған сияқты. Қос самайының күмістей ақтығы да ажарын аша түсіпті. Өзінің екі көзінің бұлыңғырын-ай!

Е–е–е! Бұл көз – не көрмеген көз! Жақсыны да, жаманды да, адалды да, арамды да. Несін айтарсың?! Бір мықтының маңдайына басқан жалғыз қызына құмарта қарап, ғашық қылған да – осы көз! Сол қызды алып тынған соң, бір сәтте мың құбылған жүзінен не түрлі құпия сырларды оқып, танып тұрған да – осы көз! Сүйіп алған жан-жарының машина ішінде көңілдесімен қалай айқаласып, аймаласып отырғанын да көрген – осы көз! Иә, бұл көз баяғы бала кезінде, жас шағында жан-жағына нұр шашып тұратын жасыл жауһардың дәл өзіндей нұрлы көз еді, ал қазір... кәрі жолбарыстың жасыған жанарынан аумайды. Өзі қазір отыз бес жаста. Енді отыз бес жыл өмір сүре ме, сүрмей ме? Оны Бір Алланың өзі біледі. Ойлап тұрса, артына қарайлайтын ешкімі де, ештеңесі де жоқ екен. Ауылдағы інісі мен анасын да көрмей кеткелі қай заман. Жан анасын сағынып, бір көріп қайтуға жүз рет оқталып, жүз рет тоқталған шығар. Адам баласы да жаман үйренген жануар сияқты – теріс жолға бір түсіп кеткеннен кейін, қайыра бойын жинап алуы қиынға соғады екен. Ең сорақысы – өзі түскен сол жолға еті үйреніп кететіні соншалық – басқа жолдың бәрі ирелең, бұралаң, кедір-бұдыр сияқты болып, үрей туғыза бастайтындай. Өмірге деген құштарлығы да түпкілікті жойылған соң, арман, мақсаттан жұрдай, үмітсіз де тілексіз күндердің тіркесінен ғана тұратын боп-бос кеңістікте жалғыз қалады. Мысалы, мұның өзі анасына бармақ түгілі, өз ауылының адамдарын сыртынан көріп қалса болды – тұра қашатын күйге жетті емес пе?! Әйелі мен қызы да бұған дұшпан болып кеткелі қашан. Бара қалса, ит қосып қуатындары айдан да анық. Қайтсе екен? Қайда барса екен?.. Осы... бұл неге дал болып тұр? «Ел іші – алтын бесік» деген бір тамаша сөз бар емес пе?! Ауылына неге кетпеске? Еліне!.. Анасына!.. Інісіне!..

Аяқ дүрсілі естілді. Біреу екінші қабатқа көтеріліп келе жатыр. Қожайын шығар. Келетін уақыты болды. Айна алдынан кері бұрылып, келе жатқан адамды күтіп алуға ыңғайланды. Қожайыны.

– О–о, О–кус! – деп құшағын жайған қожайынның екі езуі екі құлағында екен, – Қалайсың?

– Шүкір.

– Әй, О–кус, сенің «шүкірің» не? Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн!– деді қожайыны мұны қапсыра құшақтап тұрып, – Міне, бүгін миллионерсің. Енді қалай қарай самғаймын десең де өзің білесің.

– Мен ауылыма барамын. Шешем мен бауырыма кетемін, – деді Оқас сап-салқын өңін жылытпай, – Сондай байламға келдім, басеке.

– Өзің ақжарқын, жайдары жігіт сияқты едің, аяқ астынан тәкаппар бола қалыпсың ғой. Әлде, ақшаның буы ма? – деп, бойына шыр бітпеген арық адам күйгелектеніп қалғандай болды. Жұп-жұқа бет терісінің арғы жағынан көрініп тұрғандай жақ сүйегі мен шықшыты үздіксіз қимылдап тұрғандай. Ағы сарғайып кеткен үлкен көздерінің қарашығы да екі жаққа тоқтаусыз жүгіреді. Өңі сары адам қызарғыш келеді, ал мұның қожайыны лапылдап, өртеніп бара жатқан сияқты.

– Қабағыңды қарыс түйіп алыпсың ғой. Осы сен бес миллионды азсынып тұрсың ғой деймін. Он бес миллионды алған, саған алып берген мен екенімді ұмытып та қалдын ба? Қолыңнан жетелеп жүріп, жоғалып кеткен төлқұжатыңды да алып бердім, кәсіпкер ретінде ИП–ыңды да ашып бердім. Бүкіл салықтарыңды да өз қалтамнан төлеп тұрдым. Жарты жыл бойғы жатын орның мен ішер тамақ, киер киіміңді де қос бұған. Жасаған жақсылығымды да ескер.

– Менің атыма аштырған ИП дегеніңіз енді не болады? Алатын кредитті алып алдым. Енді олар менің қыр соңымнан калмай қоймай ма?

– Ой-бой! – деп қожайын кекей күлді, – Соны уайымдап отыр екенсің ғой. Мен саған алғаш кездескенімізде-ақ айттым емес пе? ИП–ны ауадан жасаймыз деп. Ол ИП-ның аты бар, заты жоқ. Түсіндің бе? Енді ИП жоқ.

– Түсіндім, – деді Оқас, – Мен елге барған соң, шешем мен ініме мына ақшаны қайдан алдым деймін?

Қожайын қарқылдап күлді.

– Көшеден алтын тауып алдым де. – деді де, кенеттен әлдебір қисынды уәж ойластырғандай болып, екі көзін тарс жұмып, иегін көкке көтеріп, тұра қалды.

– Былай деп айт, – деді сонсоң Оқасқа сұқ саусағын безеп, – Алты ай бойы Алтайды аралап, алтын іздеушілермен жүрдім де. Соншама уақытта бар тапқан алтынымның құны осы ғана де. Бұл туралы ешкімге айтпаңыздар де.

– «Алтайдың қай жерлерінде болдың?» деп сұраса не деймін?

– Күршім, Қотанқарағай дей сал. Сонымен... сен еліме кетемін дейсің ғой. Ауылыңды айтқансың, білем. Анаңа соқа басың сопиып жалғыз барғаның жараспайды. Оның үстіне бес миллион теңгені көтеріп жүрсің. Өте қауіпті. «Сый қылсаң, сыпыра қыл» деген сөз бар ғой, мен сені аулыңа жеткіздіріп тастайын деп тұрмын. Үш жүз шақырым деген түк емес. Сені менің көмекшім Саша... Санат апарады. Оны анаң мен ініңе алтын іздеушілердің бастығы деп таныстыр. Сонсоң, бітірген жұмыстарың туралы оның өзі-ақ сайрап береді. Ол есік алдында. Машинаны тексеріп жатыр. Мен оған айтайын. Сен әзір бол.

Қожайын асыға басып шығып кеткен соң, аула жақтағы терезенің алдына барып, дөңкиген қара машинаның қасында тұрған екеуге қарады да тұрды. Қожайын Сашаға әлденелерді жанын сала түсіндіріп жатыр. Саша қожайынға үрейленген адам сияқты үрпиіп қарайды. Енді бір сәтте басын шайқап, шегініңкіреп те кетті. Қожайын қатты ашуланғандай болып, үстіндегі ұзын плашының етегін кері серпіп жіберіп, ышқырының артынан бірдеңені сауырып алды. Оқас анықтап қарап еді, тапанша екен.

«Мынау Сашаны атып тастайын деп тұр ма?» деп шошып кеткен Оқас, бойын тез жиып ала қойды. Арқасы шымырлап, жүрегі мұздады.

Жоқ, қожайын тапаншаны кезенбеді. Сашаның қолына зорлықпен ұстатты. Содан соң, сұқ саусағын шошаңдатып, әлденелерді нақталып айтып, пәрмен беріп жатқандай болды. «Тапаншаны Сашаға неге берді? Ақшалы адамды апара жатқан соң, қарумен жүрсін дегені ме? Әлде...».

Оқастың көз жанары шарасынан шығып кете жаздап, маңайына алақ– жұлақ қарады. Дереу жол сөмкесінің сыртқы қалтасына салынған кнопкалы пышығын ала қойып, сол жақ ішкі қалтасына салып алды. Осы сәтте қожайынның да келе жатқан дыбысы естілді. «Ойлағаның бола қоймас, басеке» деп күбірледі Оқас. Сағатына қараса, күннің батуына да үш-төрт сағаттай ғана уақыт қалыпты.

– Сіз мені қазір-ақ аттандырайын деп тұрсыз ба? – деді Оқас кіріп келе жатқан қожайынға.

– Иә. Әрине.

– Бұл тым асығыс қой. Менің сатып алатын нәрселерім бар. Ауылыма құр қол бармаймын ғой енді.

– Жә, жә, түсіндім. Қазір Сашаға айтамын. Базарға соғып, бәрін аласыңдар.

– Күн әбден кешкіріп кетеді ғой. Мен сонда... ауылыма түн ішінде барам ба? Ол болмайды ғой, басеке. Бүгін саудамызды жасап, ертеңгі таңда шығып кетейік.

Қожайын Оқастың бетіне ойлана қарап тұрып:

– Мақұл. Бопты. – деді де, – Онда, жүр. Саша сені базарға қазір-ақ апарсын, – деп, Оқасты төменге қарай жетелей жөнелді.

 

XXX

Бұлар шығар күнді бетке алып, үлкен жолмен ызғытып келе жатыр. Рөлде отырған Сашаның өңі құп-қу, имек тұмсығы одан сайын еңкейіп, үстінгі ернімен жағаласып тұрғандай. Қарсы алдына қадала шұқшиған қара көздерінің түбіне қасірет аралас қаталдық ұялап алыпты. Мінезін адам ұғып болмайтын осы жігіттің қазір не ойлап отырғанын Оқас өзінше шамалайды. «Бұл мені өлтірудің амал-айласын жоспарлап қойған. Енді соның ыңғайын қалай келтірудің сәтін ғана күтіп отыр» дейді ішкі пайымы. Өзі де қалтасындағы суық қаруын анда-санда сыртынан басып, сипалап қояды.

Саша, бағана, көлікке міне салысымен-ақ түске таман өзенге ілігетіндерін, соның жағасында өзі білетін бір жайлы жер бар екендігін, сонда барып, суға түсіп, тамақ ішетіндерін айтқан болатын. «Е–е, мені сол жерде өлтірмексің ғой» деп ойлаған Оқас, мырс етіп күліп жіберген. Саша мұнысын қуанып тұрғаны деп жорыды ма, арқасынан қағып, «О-кус! Бәрі ғажап болады!» деді. Бұған ештеңе сездірмеуге тырысып отырса да, апалақтаған түрінен құпия сырын оқып қойған Оқасқа осының бәрі күлкілі болып көрінді . «Мен мұны өлтіріп, қанын арқаламаймын. Жай ғана жарақаттаймын» деген байламын да жасап қойды. Тапаншасын қолға түсірсе болды емес пе?!

– Сенің мұнда қызметке келгеніңе қанша болды? – деп сұрады Оқас, бағанадан бергі тым-тырыс үнсіздікті бұзып.

– Таяуда бес жыл болды.

– О – о! Тәжірибелі екенсің ғой. Ана қожайын қандай адам өзі? «Бомждармен» көп айналыса ма?

– Айналысады.

– Сонда қалай? Бәрін алты ай асырап, содан соң ақшасын ұстатып, құйрығынан бір тебе ме? Әлде...

– Не дегің келіп отыр?

– Әлде, сенің қолыңа тапсырып, ауылына жібере ме?

– Ауылыма барам деген өзің емес пе?

– Иә. Өзім. Бұрынғы «бомждарды» қайда апарып тастадың? Нешеуін?

– Ой, көп емес. Үшеу-ақ. Өздері кетті ғой.

– Қайда?

– Қалаған жақтарына.

– Ұсталап қалғандары жоқ па?

Саша «мырс» етіп күліп жіберді де, бір сәтте қисая қалған бет-аузын бір қолымен уқалап-уқалап, қалпына келтіргендей болды.

– Әйтеуір, кетті ғой. Одан соңғысын мен қайдан білейін,– деп, қайтадан түйіліп алды. Оқас мұның жан дүниесін әлі де зерттей түсу үшін және қожайынның не деп тапсырғанын біліп алмаса да, сезе түсу үшін сұрақтарын жалғастыра түскенді жөн деп біліп:

– Қожайын ауылға барған соң не деп айтатыныңды саған түсіндірем деп еді ғой. Ол не деді? – деген сауал тастады. Саша не дерін білмей, қапылды да қалды.

– Иә. Айтты ғой, – деді ақыры.

– Не деп? Сен кіммін дейсің?

– Мен... – Саша бір-ақ сәтте тершіп кеткендей болды.

– Мен – менмін. Кіммін деуші едім?

– Алтын іздеуші емессің бе?

– Қайдағы алтын? Сен де ойда жоқты оттай береді екенсің. Қыртып.

Саша жылдамдықты азайта бастады.

– Мынау жерде тоқтайтын орын бар. Дәрет сындырып алайық, – деп бетіне қарағанда, Оқас оның жаман ойын сұп-суық мұздай көзінен анық оқыды. Көлік тоқтаған сәтте-ақ тез қимылдап, пышағын суырып алып, жарқ ете түскен алмас жүзін Сашаның кеңірдегіне тірей қойды. Сол қолымен оның артына жасырылған тапаншаны да суырып алды. Екі көзі алақандай болған Саша тынысы бітіп бара жатқандай қырылдап:

– О–кус! Мені өлтірме! Менің жазығым жоқ қой. Анау... Анау жұмсады ғой, – деген сөздерді ғана айтып, екі қолын көтеріп, жалбарына бастады.

– Сенің әйелің, бала–шағаң бар ма?–деді Оқас ысылдап.

– Жоқ. Мен де... Мен де сен секілді "бомжбын" ғой. Мені өлтірмеші. Мен сенің айтқаныңның бәрін істеймін.

– Сен неше "бомж" өлтірдің?

– Өлтіргем жоқ. Қожайынға өлтірдім деп өтірік айттым. Бірақ олардың жарты ақшасы менде қалды.

– Маған да сөйтер ме едің?

– Иә.

– Мұның үлкен адамдық екен! – деп, Оқас қарқылдап күлді. – Өзгені өлімнен құтқарасың, өзің де байи түсесің.

– Енді мен сенен бір тиын да ақша алмаймын.

– Ал мені өзен жағасына неге апармақ болдың?

– Ақша санауға.

– Осы жерде де санауға болады ғой. Сен өзен жағасына баруды күтпей-ақ бағанадан бері бар шындығыңды айтқанда, ана ақшаның жартысын өзім-ақ берер едім. Енді кеш қалдың. Қане, телефоныңды шығар!

Саша телефонын шығарды.

– Енді, полицияның телефонын тер де, осы жерге шақыр." Тез жетіңдер " де.

– Мұныңыз не? Маған ақша керегі жоқ. Сізді қалаған жеріңізге апарып тастайын. Құлыңыз болайын! – деп жалынды Саша.

– Сен қожайынның құлы емессің бе?

– Иә. Ол кісі де мені өлтірмек болған. Өзі. Сонда аяғын құшақтап жыладым. Менде де бір дипломат ақша бар еді. Тура осы сияқты. Қатты жалынып едім, " өмір бойы құлым болып өтесің бе " деді. Мен " құлың болып өтемін" деп ант бердім. Дәл осы сіз сияқты "бомждарды" өлтіруге алып шығып, өлтірмей жіберген себебім де өзімнің бұрынғы"бомж" болғандығымнан ғой. "Бомждар" бір-біріне жамандық жасамайды емес пе?

– Мен де сенің жаныңды қидым. Сен полицияны шақыр. Оларға: «Қожайынды ұстап беру үшін екеуміз келістік» дейміз... Мына ақшаны қайтеміз?.. Былай болсын – полицияға бір-ақ миллион ұстатамыз. "Бергені – осы"!– дейміз. Ал қалған төрт миллионды екеуміз бөліп аламыз. Осы қазір-ақ.

Сашаның өңі кіріп, тіпті, ыржың етіп күліп жібергенін өзі де сезбей қалды. Ол әбжіл қимылдап, полициямен хабарласуға кірісті.

***

Ақшаларын бөлісіп алған соң, полиция жасағының келуін күтіп, алуан түрлі ойға батып, абыржып отырған екеуі, өздерінікіндей қап-қара бір машина қастарына келіп тоқтай қалғанда, денелері түршігіп, жүректері атқақтап, қатты қорқып кетті.

Қара көліктен атқып-атқып шыққан үш жігіт тапаншаларын кезеніп, келген бойларында Саша мен Оқасты отырған орындарынан суырып-суырып алды. Екеуінің де қолына кісен салғаннан кейін ғана қара мәшинеден созалаңдай түскен қожайынның құп-қу жүзі мен жіп-жіңішке сұлбасы көрінді. Ол маңғаздана басып бұлардың қасына келді.

– Иә, қос мүскін, қалдарың қалай? – деді күлімсірей қарап. – Мені ұстап беремін деп, өздерің тұтқын болдыңдар. «Біреуге ор қазба. Қазсаң таяз қаз – өзің түсерсің» деген. Сен, Саша, айналайын, машинаның ішінде дыбыс тыңдағыш қара қоңыз тұрғанын қалай сезбей қалдың?

Сашаның өңі күлгін тартып, талықсып кете жаздады. Оқас қожайынның бетіне тік қарап тұрып, ызғарлана сөйледі:

– Есіңде болсын, сенің ажалың екеумізден болмаса да, күндердің күнінде біз секілді бір «бомждан» болады. Сол сәтте осы сөзімді есіңе аларсың! – деді.

Қожайын: – Екеуін де тауға апарып, өртеп жіберіңдер! – деді де, екі қолын артына ұстаған күйі көлігіне қарай бұрылып кетті.

Осы кезде озандатып келе жатқан полиция көлігінің өзі көрінбесе де, құлақ жаратын ащы дыбысы анық естілді. Қожайын жалт қарап:

– Тез! Машинаға! Кері бұрылыңдар! Аналарға қарсы жүреміз! – деді.

Екі көлік шұғыл бұрылып, кері қарай жөнелді. Қарсы келе жатқан полицейлер де қастарынан зу-зу етіп өте шықты. Олар да екі машина екен. Саша бетін екі алақанымен басып, еңіреп жылап жіберді. «Кешігіп қалды! Олар кешігіп қалды!» деп еңкілдегенде, Оқас оны иығымен қағып:

– Жылама бауырым! Босамайық! Не көрсек те, тік қарап тұрып қарсы алайық! – деп жұбату айтқан болды.

Оқастың көз алдынан бүкіл өмірі тізбектеліп өтіп жатқандай. Әкесі алпыс жасқа енді ілініп тұрғанда ауырмай-сырқамай ұйқтап жатып қайтыс боп кетті. Өте жуас адам еді. Екі ұлын екі тізесіне отырғызып алып, неше түрлі әндер айтатын. Өзі гармонды да жақсы тартатын.

Мектептің түнгі күзетшісі болып жүрген соң ба, үйде болатын кездері де көп еді. Содан болар, мектепте мұғалім болып істейтін аналарынан гөрі бұлар әкелеріне жақынырақ тұратын. Аналары, шындығында, өте қатал адам еді. Осыдан төрт жыл бұрын түн ішінде үйіне барғанда, мұның қасындағы мас достарымен қосып, оқтаумен сабап қуып шыққанын қалай ұмытар. Сонда да жетпістен асып, сексенге келіңкіреп қалған сол анасын соңғы кезде қатты сағынатын болып жүр.

Сірә, мұны жаратқанда Жаратушының көңілі түспей қалған болу керек. Осы жасқа келгенше бар көрген қызық-қуанышы балалық, бозбалалық шағында ғана қалыпты. Мектепті жақсы бітіре тұрып, екі рет оқуға түсе алмады. Жас кезінде ең әдемі, ең сымбатты жігіттердің бірі еді, әскер қатарына барып келген соң қаладағы қызықты кештердің, той-думандардың гүлі болды да кетті. Содан кейін әлгі мықтының қызын алды. Бұған жабысқан сол қыздың өзі емес пе еді?! Ақыры не болды? «Мұндай келіннің керегі жоқ» деп анасы да қанша зарлады. Сол кездерде-ақ айырылысып кетуі керек еді. Иә-ә, Алла тағаланың өзі мұның жолын ешқашан оңғармапты. Міне, қарашы, реттелейін деп тұрған мына шаруаның қалай быт-шыт болғанын! Ауылда мұны ойлап аңырап отырған анасын да бір рет көре алмастан, о дүниеге аттанып кететін түрі бар. Алдынан не күтіп тұр екен? Өлім бе, өмір ме?..

Алдыңғы көлік ақырындай бастады. Қожайын сонда отыр. Бұлардың жүргізушісі не боп қалғанын білгісі келіп, қарсы жолға шығып еді, зәресі зәр түбіне кеткендей айғайлап жіберді.

– Ойбай! Тосқауыл! Полицейлер жолды жауып тұр! Біттік! Құрыдық!

Қожайынның көлігі тосқауылға тіреліп барып тоқтағанда, екінші машинадағы жігіттер қос «бомждың» қолдарына салынған кісенді де алып үлгерген болатын.

Алдыңғы машинаның есігін жайымен ашып, тағы да созалаңдай түскен қожайын тәкаппар кейпін бұзбастан полицейлерге беттеді.

– Сәлеметсіңдер ме, сұңқарлар! – деді ол қара көзілдірігін көзінен сыпырып, – Сұңқар десе сұңқарсыздар ғой! Біз, бірақ, қашқын қарақшыларды сіздерден бұрын ұстадық. Менің машинамды ұрлап, ақшамды тонап бара жатқандар – нағыз қарақшылар. Екеуі де менің қызметкерлерім. Мені танып тұрсыңдар ма? Мен – «Гауһар» компаниясының төрағасымын! Сіздерге «тез жетіңіздер» деп телефон соққан мен едім.

– Кешіре көріңіз! Кешігіп қалдық, – деді майор шеніндегі полицей – Қылмыстылар өз жазаларын алады ғой. Бізден сіз жылдам екенсіз.

– Жарайды, жарайды. Бәрінен де қарақшылардың ұсталғанына қуанайық. Сіздерді әурелегенім үшін өзім де ұялып тұрмын, –деді «Гауһар» компаниясының төрағасы.

Майор полицей оған қалпағын шешіп, басын иді де қасында тұрғандарға: – Үлкен кісіні тонаған ана қылмыскерлерді әкетіңдер! Қамаңдар! – деп бұйырды.

XXX

Арада екі ай өткен соң Оқас пен Саша деген қос мүскін машина ұрлағаны үшін және көп ақша тонағаны үшін он жылдық мерзімге сотталып кетті. «Гауһар» компаниясының төрағасы сау-саламат жүріп жатыр. Қазір тағы да бір «бомжды» бағып-қағып жүрген көрінеді.

Пікірлер