Қазақ тіліндегі ақпараттың дұрыс жазылуына көңіл бөлейік

5634
Adyrna.kz Telegram
Жүрген жерімде жазулардың қазақшасына қарап жүрем. Қоғамдық тамақтану орындарына барғанда ас мәзірінің қазақшасын сұратам. Болмаса, әкімгерін шақыртып, қазақшасының болуының маңыздылығын түсіндірем. “Қазақ тілі бізге қажет болмаса, басқа кімге керек” дегенге саятын әңгіме айтып, намысын оятуға тырысам.
Бір күні заңгер досым Абзал Құспан:
“Ойбай-ау, оның жарасы жеңіл. Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң бар. Сол заңның пәленбайыншы бабына сәйкес, қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті. Әйтпесе, сотқа жүгініп, пәленбай айыппұл салдыруға болады”, - деп кеңес берді.
Намысқа жүгінуден гөрі, заңға жүгіну өтімді болып шықты. Талай рет көзім жетті.
Күні кеше мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды.
Заңға сәйкес, бұдан былай барлық көрнекі ақпарат, айталық жер-су, көше атаулары, маңдайшалар, прейскуранттар, ас мәзірі және т.б. алдымен қазақша, тек қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады.
Ендігі жерде “неге қазақ тілінде жоқ” деген әңгіме де тыйылатын болды деп ойлаймын. Келесі мәселе қазақ тіліндегі ақпараттың калькасыз, түсінікті тілмен жазылуына көңіл бөліп жүрсек.
Шыңғыс МҰҚАН, 
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары 
Пікірлер