ЕЛДОС ТОҚТАРБАЙ: Бірнеше тілді еркін меңгерген жастар сыртқа кетті

2616
Adyrna.kz Telegram

Жаңаөзен толқуы — халықтың жүйеге тұяқ серпуі. Осы күнге дейін бәріміз “сабыр”, “шүкір” деп келдік. Келер күннен үмітті едік. Үміттің жібін үздік. Соның бірі — өзім. Елдегі ғылым саласы жемқорлыққа әбден былыққан соң, елден кетуге мәжбүр болдым.

Мен сияқты, менен де әлеуеті жоғары, білімді, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді еркін меңгерген жастар сыртқа кетті. Кетіп те жатыр… себебі белгілі… тамыр-таныссыз бұл елде жұмысқа тұру немесе ғылыми-зерттеу жобаңа грант алу мүмкін емес… дәлел көп…

Елде әлеуметтік теңдік жоқ. Күннен-күнге бағаның шарықтауы, ауылшаруашылығының мүшкіл жағдайы — қара халыққа оңай соғып тұрған жоқ. Пандемия қысымы, дәрі-дәрмек пен азық-түліктің қымбаттауы, кей аймақтардағы көмірдің тапшылығы, су мен жарық, жылу тарифінің өсуі — қалтаға салмақ түсіріп тұр. Бір айлыққа жан бағу деген “ертегі”. Қазір екінің бірінің мойнында кредит берешегі бар. Пайыздары да сұмдық.

Тапқанын бір айдан келесі айға жеткізе алмай, қарызға белшесінен батқан қаншама отбасы бар… таныстар да… туыстар да бар… несін жасырайық… Қазақстанда шаңырақ иесі — қазақ қаңғып, қиналып жүргені өтірік емес… Өйткені, БАСПАНА бағасы түсіңе кірмейтін сома. “Қолжетімді баспана” дегені болмайтын шаруа. Баспана бағасы арзандамай, берекелі өмір жоқ…

Ешкім алаңға еріккеннен шықпайды. Билік пен халықтың арасы жер мен көктей. Биліктегілер қазақ тілінде сөйлемейді, халық зарына түкіргені де бар. Осындай жағдай да халықтың тағатын тауысып, сабырын сарқыды.

Менде отызға келген ел азаматы ретінде — Қазақстанымның жемқорлықсыз шынайы дамыған, “2030”, “2050” деген “ертегі” жобасыз қарыштағанын қалаймын. Отанымда әділетті қоғам орнағанын көргім келеді. Бойымда күш-қуатым барда, елімнің әдебиетін, ғылымын дамытқым келеді. #Жаңаөзен көтерілісін қолдаймын!

Ұлттық идеологиясы жоқ мемлекетіме жаным ашиды. Дайын тұрған Алаш жобасын ғылымға, экономикаға, медицина мен ауылшаруашылығы құрылымдарына қолдануға болады деп қанша зарладық. Дауысым кімге жетті?!

Оқыған жас кадрға орын жоқ. Зейнеткерлер дөкей таныс-туыстарына арқа сүйеп, көп мекеменің кілтін ұстап отырғаны бар. Жастарға орнын бермей, осындай шал-шауқан креслоға жабысып, аяғымызды тұсады… Елді қалай дамытпақ бұларың?!

Әр салаға реформа керек. Мәселе мен түйткіл қордаланып қалған. Жаңаша ойлайтын, еңбекке жарамды жастар ресурсын дұрыс пайдалану керек еді.

30 жылда жөні түзу не зауыт, не фабрика ашпадық. Құр мақтау, даңғаза той. Сол бос сөз бен өтірік мақтау — пандемия кезінде айдай әлемге масқарамызды шығарып, артымызды ашты.

Ауылдарды құрттық. Тоз-тозы шыққан ауылда не жұмыс, не болашақ жоқ. Көркі қашқан, ажары тозған, жолы жоқ ауылға қарасаң, жаның құлазиды. Менің туған ауылым уағында қандай ауыл еді! Ауылда атақты #ҚапалАрасан курорты болатын, оны бір дөкей талан-таражға түсіріп, құртты. Шекарадағы Қапал ауданы жабылып, статусынан айырылды… айтсаң сөз көп… қазір ауылымда тұратын халықтан мола мен көшкен жұрттың орны көп…

“Еститін үкіметтің” Президенті мен Үкімет басшысы, Парламент палаталарының қос төрағасы неге Жаңаөзенге бармай жатыр?! Саңырау болмаса да осы фб-да отырған Aida Balayeva Маулен Ашимбаев Берік Уәли көрсоқыр емес шығарсыздар!!!

Қазақстанның әр қаласы дамуы тиіс. Жер асты, жер үсті байлығы — халық қазынасы. Жезқазған, Қарағанды, Жаңаөзендеріміз Дубай сияқты жайнап тұруы керек!!!

Ақиқатында, мына Назарбаев жүйесі халықтың сенім кредитінен айырылды. Менің замандастарым ендігі ертегіге сенбейді. Сондықтан Үкімет пен Парламент құрамы( түгел депкорпусты тарату керек) Нұржүйе ауыспай, ештеңе өзгермейді!!!

Елдос ТОҚТАРБАЙ

(жазба Facebook парақшасынан алды)

Пікірлер