Сағынтаевтың кортежіне жасалған шабуыл: "Алматы" директоры оқиғаны баяндады

386

6 қаңтарда Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кортежіне шабуыл жасалды. Оқиғаның мән-жайын "Алматы" телеарнасының бас директоры Нұржан Жалауқызы айтып берді. Шабуыл кезінде телеарна қызеткерлерінің бірі қаза болды, - деп хабарлайды "Адырна" порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

"Жүргізушіміз Мұратхан Базарбаев қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болды. Арнайы техника операторы Диаскен Байтибаев жараланды. Оның оң қолына оқ тиген, екі саусағынан айырылды. Үшінші қызметкер - оператор Арсен Сандыбаев аман-есен", - деді Нұржан Жалауқызы.

Қаза болған жүргізушінің аяғы мен ішіне оқ тиген.

"Қазір Диаскен ауруханада, оған барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Олардың отбасына қажетті көмек көрсетіледі. Бұл тіпті талқыланбайды да", - деді Жалауқызы.

"Алматы" телеарнасының директоры түсірілім тобына қалай шабуыл жасалғанын айтып берді.

"Олар 6 қаңтарда, кешке Республика алаңына шықты. Әскер алаңды бақылауға алғаны айтылды. Мұратхан аға кеңсеге жақын маңда тұратын, бәрі сол кісінің көлігіне отырып шыққан. Әл-Фараби даңғылынан Фурмановқа (Назарбаев - еск.) бұрылғанда оларға оқ жаудырған", - деді Жалауқызы.

Ол түсірілім тобы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кортежі құрамында болғанын растады.

"Әріптесіміз Мұратхан Базарбаевтың отбасына және жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Оның батылдығы, жұмысына берілгендігі және қызметі мәңгі жадымызда", - деді Нұржан Жалауқызы.

Бұған дейін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа шабуыл жасалғаны хабарланған болатын.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket