Алматы әуежайы жұмысын қашан бастайтыны белгілі болды

2975
Adyrna.kz Telegram

Алматы әуежайы 13 қаңтардан бастап жұмысын жалғастырады. Бұл туралы ҚР ІІМ ТҚК баспасөз қызметі хабарлады.

"2022 жылдың 13 қаңтарынан бастап Алматы халықаралық әуежайы жұмысын қайта бастайды. Әуежай басшылығының алдын ала мәліметі бойынша ішкі және халықаралық рейстер әуе компаниясының ұшу кестесінің уақытына сәйкес сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін орындалады", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Алматы әуежайының баспасөз қызметі әуе айлағы 2022 жылдың 13 қаңтарынан бастап сағат 00.00-де жұмысын жалғастыратынын хабарлады.

"Алматы қаласында коменданттық сағаттың енгізілуіне байланысты әуежай сағат 08.00-ден 21.00-ге дейін жұмыс істейді. Ішкі рейстер де, халықаралық рейстер де орындалады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында терминалға тек жолаушылар ғана кіре алады", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 6 қаңтарда Алматы әуежайы басып алынып, нәтижесінде бес ұшақ қарақшылардың қолында болған еді. Кейін қаланың әуе айлағы босатылды, бірақ әуежайдың жұмысы әуелі 9 қаңтарға дейін уақытша, кейінірек белгісіз мерзімге тоқтатылды. Қаңтардың 11-і күні Алматы әкімі қала әуежайындағы барлық техниканың ретке келтіріліп, жұмысқа дайын екенін айтты.

Алматы әуежайына келуге тиіс рейстердің көпшілігін Нұр-Сұлтан мен Шымкент әуе айлақтары қабылдады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер