Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Жайсан» шекаралық бақылау-өткізу бекетінде ауыр жүк көліктері кептеліп тұр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Кептеліске шекарадан визасыз өту үшін QR-кодты міндетті түрде пайдалану жөніндегі жаңа тәртіптің енгізілуі себеп болған.
«Мәртөк ауданындағы «Жайсан» шекаралық бақылау-өткізу бекетінде ауыр жүк көліктерінің жиналуы тіркелді.
Оқиға орнына дереу ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мен №20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жіберілді.
Құтқарушылар тарапынан жүргізушілерге жедел көмек ұйымдастырылды. Ыстық тамақ, ауыз су беріліп, медициналық көмек көрсетілуде, санитарлық бақылау жүргізіліп, қажетті ақпараттық қолдау көрсетілуде»,—делінген хабарламада.
Министрлік жағдайдың тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Жүргізушілерге қажетті көмекті көрсету бойынша барлық шаралар уақтылы қабылданып, ахуалды тұрақтандыру жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, Ресей 30 маусымнан бастап визасыз режиммен кіретін ТМД елдері азаматтары үшін міндетті онлайн тіркеуді енгізді. Қазақстан азаматтары, оның ішінде 6 жастан асқан балалар, шекарадан өтуге дейін кемінде 72 сағат бұрын RuID қосымшасына тіркеліп, саусақ іздерін тапсыруы тиіс.