Студенттік шақта кітап, газет, журнал дегенді көп оқитын едік. Әлеуметтік желіден «Агент» пен «Вкда» ғана отыратын сәт қой. Кейін ғой, Фейсбук, телеграм, инстаграм, Тик-Токқа қосылғанымыз. Бұлардың көбі кейін шықты.
«Датта» бес күн бұрын шыққан мақаланы осында көпшілік жазып, талқылап жатыр. Өзім бүгін ғана оқыдым. Электронды нұсқасын, сілтеме міне: https://datnews.info/ («Парламент пәрмені» деген бөлімінен табасыз). Дегенмен қағаз нұсқаның кайфы бөлек қой. Өзіне тән бір рахаты бар. Электронды жазбадан бір «жансыздық» сезілетіндей. Кітап та, журнал да, газет те сондай. Өзіме солай көрінеді. Жарайды, ол басқа әңгіме.
Сонымен әлгі ел талқылап, фб жұрты айтып жүрген депутат Бапидың мақаласын оқып шықтым. Ол өзінің мақаласында саяси өзгерістер, экономикалық реформалар жайлы айтыпты. Сайлау жүйесіндегі өзгерістер, петицияның ресми бекітілуі, активтер мәселесі, «Ескі» және «Жаңа» Қазақстан деген ұғымға қатысты көзқарасы және басқаны жазыпты.
Экономиканы әртараптандыру жайлы жазған. Сандарды келтіреді. Статистика жайлы айтады. Мақалада былай дейді: «Мысалы, 2018–2024 жылдар аралығында ЖІӨ 1,6 есе өсіп, 135 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде мұнай-газ секторының үлесі 2018 жылы 21,1% болса, 2023 жылы 16,9%-ға азайды. Оның үстіне бұл үрдіс тоқтаусыз жүріп жатыр». Яғни, мұнай-газ секторының үлесі азайып келе жатқанын меңзегені ғой.
Экономиканы әртараптандыру жүріп жатыр ма? Ақырын болса да іске асып жатыр деуге болады. Мұнайға тәуелді елміз ғой. Бюджеттің басым бөлігі сол мұнайдан қалыптасады. Ең алдымен мұнайды тасымалдау әртараптана бастады деп ойлаймын. О баста басым бөлігі Ресей арқылы өтетін. КТК құбырымен. 2022-де КТК 4 мәрте жұмысын уақытша тоқтатты. Одан кейін соғыс барысында бірнеше мәрте КТК-ға қарасты станцияларда жарылыстар болды. Енді мұнай тасымалдауда басқа бағыттарға да көңіл бөлу керек болды. Себебі Ресей бағыты басты бағыт болса да, қауіп-қатері көп бағыт. Ресейдің қысым рычагына да айналып барады. Сөйтіп, Әзербайжан арқылы тасымалдау күшейді. Қазір бұл бағыт арқылы тасымалдауды арттыру үшін бірнеше танкер сатып алынды. Баку-Тбилиси-Жейхан бағыты бар. Бұл КТК-ны толық алмастыра алмайды, әлеуеті жетпейді. Бірақ бұл аз болса да «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыра алады. Бұл экономиканы әртараптандыру емес, бұл мұнай тасу бағытын әртараптандыру бастамасы. Бұл керек пе? Әрине керек.
Енді экономиканың өзін әртараптандыру деген мәселе бар. Бұл бағытта өзгерістер бар. Аса көп дей алмаймын, бірақ өзгеріс бар. Соның бірі ол логистикалық тораптарды дамыту болса керек. Порттардың қабылдау және жөнелту мүмкіндігін арттыру және Транскаспий бағытына көбірек көңіл бөлу іске асуда. Бұл тек Қазақстанның ғана мүддесі емес, бұл Қытай, Әзербайжан, Грузия, ЕО-ның мүддесі. Тауар тасымалдау біздің аумақ арқылы өтеді. Кедендік рәсімдеу, анау-мынау дегеннен қаржы түседі. Қоймаларда жүк сақтауға да қаржы төлейді дегендей. Бұл экономиканы әртараптандырудың бір бағыты ретінде жақсы жоба деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе ауыл шаруашылығы. Қазір оның үлесі ЖІӨ-де 5 пайызды құрайды. Бұл әлбетте аз. Бірақ бұл салаға инвестиция құю артқан. Әсіресе қой шаруашылығына (араб елдері – халал ет керек), астық өндірісіне. Сарапшылар экономиканы әртараптандырудың негізгі бағыты және авангарды осы ауыл шаруашылығы болуы тиіс дейді.
Жалпы түбі мұнайдың экономикадағы үлесі азаяды. Не энергияға балама табылады, не мұнай сарқыла бастайды, не бағасы тым тиімсіз болып қалады дегендей. Бәлкім ол бір 10 жылдан кейін, бәлкім бір 30 жылдан кейін солай болатын шығар. Мұнай бағасы геосаясатқа тым тәуелді тауар түрі саналады. Бір ай бұрын мұнай бағасы 130-150 доллар болуы мүмкін еді, бірақ Иран Ормузды жаппады. «Енді керісінше мұнай 2 есе арзандап кетуі мүмкін, себебі Иран-АҚШ келісімі іске асуы ғажап емес» дейді сарапшылар. Сондықтан да экономиканы әртараптандыру қажет. Оның ақырындап іске асып жатқанын Ермұрат аға өзінің мақаласында жазыпты. Оқып көріңіз. Келісу, келіспеу әр адамның өз еркінде ғой.
Асхат Қасенғали
Новости по теме
Акимат области Жетісу подписал меморандум о взаимном сотрудничестве с медицинским центром Управления делами Президента