Аттракциондағы ақау. Алматы саябағында ауыр жарақат алған қызға ота жасалды

1837
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3yKSF0whorHPb2ToDcp6v6NaNSeSSWc3NjCuQhT9.jpg

Алматы қаласындағы саябақтардың бірінде орналасқан "Вальс" аттракционында кәмелетке толмаған қыз бала ауыр жарақат алып, жабық бас-сүйек-ми жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Оған екі күрделі ота жасалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Зардап шеккен баланың анасы Мадина Аскенова бұл оқиғаға саябақ әкімшілігінің салғырттығы себеп болғанын айтып, әділдікті талап етуде. Оның сөзінше, аттракционда техникалық ақау болғанына қарамастан, ол жұмыс істеп тұрған. Анасы қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын дәлелдейтін бейнематериалдар мен басқа да айғақтар бар екенін мәлімдеді.

"Бұл жай ғана қайғылы оқиға емес. Бұл — жауапсыздықтың, немқұрайдылықтың салдары. Менің қызым денсаулығынан айырылды, ал кінәлілер әлі де бостандықта жүр", — дейді анасы.

Ол "жауапты тұлғалар жазаланбай отыр" деп пікір білдірді.

Ал оқиғаға қатысты мәжіліс депутаты Жанна Асанова да пікір білдірді. Ол аттракциондардағы қауіпсіздік мәселесі Алматы қаласына ғана емес, ел аумағында да өзекті екенін атап өтті.

"Бұл – жүйелі проблема. Жазатайым оқиғалар кезінде ата-аналар балаларын қорғай алмай отыр. Мадина Аскенованың өзі әділет үшін күресіп жүрген адам болатын. Енді өзі әділетсіздіктің құрбанына айналды. Бұл істі жеке бақылауыма алдым", — деді депутат.

Комментарии