Алматы қаласындағы "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілері кезекті бейнеүндеу жолдап, биліктен уәделерін орындауды сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Олар жөндеу жұмыстары кезінде бір-бірінен ажыратпау туралы уәде естеріне салып, қазір бұл сөздерге қарама-қайшы ақпараттар таралып жатқанын айтып дабыл қақты.
"Біз сіздерден өтінеміз, отбасымызды бірге қалдырыңыздар. Себебі сіздер бізге жөндеу кезінде ешкімді ажыратпаймыз деп уәде берген едіңіздер. Ал қазір бізге мүлде басқа ақпараттар келіп жатыр", – дейді балалар видеоүндеуде.
Тәрбиеленушілер мәселені шешудің өз ұсынысын да айтты. Олар бос тұрған екінші корпустан жөндеуді бастап, кейін сол жерге барлық балаларды уақытша көшіруді ұсынады. Содан соң негізгі ғимараттың жөндеуіне көшуге болады деп есептейді.
"Егер сіздер ең тиімді жолды іздесеңіздер, бұл – ең дұрыс нұсқа", – деп атап өтті балалар.