Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры көрермен қауымға жаңа туындыны ұсынбақ.
19 қыркүйекте сағат 19:00-де, сондай-ақ 20-21 қыркүйек күндері сағат 18:00-де қазақтың ұлы ойшылы, ақыны және композиторы Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған «ШӘКӘРІМ» музыкалық драмасының премьерасы өтеді.
Ермек Аманшаевтың қаламынан туған бұл шығарма — ұлт руханиятының асыл мұрасын сахна тілімен жеткізетін терең философиялық драма. Қойылымда Шәкәрімнің күрделі өмір жолы, ақтаңдақ кезеңдері, рухани ізденістері, махаббат пен әділетке деген көзқарасы бейнеленеді. Сондай-ақ оның ұлы ұстазы Абай Құнанбайұлымен рухани байланысы, ағалық қамқорлығы мен азаматтық ұстанымы ерекше көрініс табады.
Музыкалық драма бірнеше сахналық көріністерден тұрады. Онда Шәкәрімнің тұлғасы жан-жақты ашылып, оның шығармашылық мұрасы мен рухани құндылықтары дәріптеледі. Қойылым өскелең ұрпаққа ізгілік пен мейірімділікке негізделген адами қасиеттерді үлгі етуді мақсат тұтады.
Қойылым шығармашылық тобы да еліміздің танымал өнер иелерінен құралған:
Қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров
Композиторы – Бауыржан Ақтаев («Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі)
Қоюшы хормейстері – Ғалымжан Берекешов
Қоюшы суретшісі – Алма Сырбаева
Қоюшы балетмейстерлері – Анна Цой, Сұлтанбек Ғұмаров
Хореографтар – Айгүл Амандықова, Камила Бузанова, Жеткерген Томанов, Ербол Семкулов
Хормейстерлер – Шыңғыс Аймақ, Жансұлу Төлеген, Жанғали Темірғалиев
Жарық қою суретшісі – Ермек Мұхтарұлы
Дыбыс режиссері – Асылжан Асқаров
Аким Алматы Ерболат Досаев ознакомился с деятельностью крупного мусороперерабатывающего завода в Китае