Егін ору тоқтап тұр. Фермерлер дизель сапасына шағымданды

1290
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2019/08/Егін.jpg

Қостанай және Ақмола облыстарындағы ауыл шаруашылығы техникаларының жүргізушілері дизель отынының сапасына наразылық білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Олар пайдаланып жүрген солярка парафинденіп, фильтрлерді бітеп, техниканы істен шығарып жатқанын айтуда. Бұл жағдай дәл егін ору науқанының қызған шағында орын алып отыр.

Бұл туралы «Фонд-бюро расследования коррупции» телеграм-арнасы мен Agroblog.kz парақшасы хабарлады. Диқандардың айтуынша, Атыраудан жеткізілген солярка Қостанай облысында техникаларға айтарлықтай зиян келтіруде.

«Атыраулық солярка Қостанай облысына келді. Біреулер осы отынның мүддесін қорғаған сияқты. Трактор үнемі тоқтап қалады – фильтр парафинмен бітеліп қалады. Қазір +8 градус, бірақ солярка жұмыс істемейді. Үш шақырымды екі сағатта жүреміз, қыздырсақ та пайдасы жоқ», – дейді механизаторлардың бірі.

Ұқсас жағдай Ақмола облысының шаруаларында да байқалған. Оларға берілген кепілдендірілген көлемдегі дизель отыны маусымаралық жағдайда пайдалануға жарамсыз болып шыққан.

«Кепілдендірілген дизель отыны артық шығынсыз ору жұмыстарын аяқтауға көмектеседі деп ойладық, бірақ қазір техникалар істен шығып, уақыт жоғалтып жатырмыз. Әр сағат маңызды, ал техника қаңтарылып тұр», – дейді фермерлер.

Биыл Ақмола облысына 94 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген, литрі 254 теңгеден. Бұған қоса, Энергетика министрлігі өңірге және өзге аймақтарға кептіргіш агрегаттар үшін 67,7 мың тонна қосымша отын жіберген.

Комментарии