Көлсайға шомылған Дуровқа айыппұл салына ма? Ұлттық парк жартымсыз жауап берді

1391
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SfNWmyEAyRe7YE0WR23HeaF9E7lchT5MCe0S316n.png

«ВКонтакте» мен Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Алматы облысындағы Көлсайға шомылып, ережені бұзған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengri Life-қа сілтеп.

Кәсіпкер суға түскен сәтінің видеосын өз Telegram-арнасындағы стористе жариялап, «Керемет жүздім» деген қысқа жазба қалдырған. 

Алайда кейбір желі қолданушылары Көлсайға шомылуға бола ма, әлде бұл ережені бұзу болып санала ма деген сұрақ қойды. Ұлттық парк ережесіне сәйкес, туристерге тек арнайы белгіленген аймақтарда ғана суға түсуге рұқсат етіледі. Басқа жерлерде немесе суық мезгілде шомылу – белгіленген талаптарды бұзу болып есептеледі.

Ұлттық парктің табиғи кешендерді қорғау және қалпына келтіру бөлімі көлде шомылу әкімшілік құқықбұзушылық болып саналатынын хабарлады.

"Көлсай көлдерінде шомылу туристік маршруттың төлқұжатына сәйкес қатаң түрде тыйым салынған. Осы жағдайға байланысты парк басшылығы қызметтік тексеріс бастады. Оның қорытындысы бойынша тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген жауапты қызметкерлерге тәртіптік шаралар қолданылады", - делінген " ресми хабарламада.

Белгіленген ережені бұзғандар үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 2025 жылы бұл сома 39 320 теңгені құрайды.

Көлсай көлдері — Алматы облысындағы Іле Алатауы жотасында, теңіз деңгейінен 1 800–2 500 метр биіктікте орналасқан үш әсем тау көлі. Мұндағы су өте мөлдір әрі салқын: тіпті жазда да температурасы 15 градустан аспайды.

Айта кетейік, Павел Дуров Қазақстанға Digital Bridge 2025 форумына қатысу үшін келген. Сондай-ақ, ол форумнан тыс Президент Тоқаевпен де жүздесіп, қабылдауында болды.

Комментарии