Ер адам үш жыл жазасын өтеген әйелін колония қақпасынан күтіп алды

1060
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Z2bdo8pV3ER7eyEibaY0Devi7dYqVEzb4RTzTmCz.webp

Абай облысында әйелдер колониясынан алаяқтық үшін жазасын өтеген 26 жастағы әйел бостандыққа шықты. Колония қақпасында оны Жетісу облысынан арнайы келген сүйікті жары күтіп алды. Бұл туралы Polisia.kz жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Ақпаратқа сәйкес, сот үкімімен әйелге бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілген болатын. Жазасын өтеу кезінде ол мекемеде аспаздың көмекшісі болып еңбек етіп, өзіне тапсырылған жұмыстарды ұқыптылықпен орындап, еңбекқор әрі жауапты қызметкер ретінде танылды.

Ерлі-зайыптылардың жүздесуі жүрек тебірентерлік әсер қалдырды олар қуаныштың көз жасын тыя алмай, бір-бірін құшағынан ұзақ уақыт босата алмады. Бұл тек ер мен әйелдің кездесу сәті ғана емес, ананың өз үйіне, отбасына, өмірінің мәніне қайта оралуы еді.

Бостандыққа шыққан әйел мекеме әкімшілігіне қолдау мен түсіністік танытқандары, сондай-ақ қиын күндерде еңбек етіп, рухани күш табуға мүмкіндік жасағандары үшін алғысын білдірді.

«Ең бастысы – жақындарымның қасымда болуы. Мен осы сәтті күн сайын армандадым. Сотталғанға дейін макияж суретшісі болып жұмыс істедім, енді сүйікті ісіме қайта оралғым келеді. Адамдарды әдемі етіп, оларға қуаныш сыйлау менің өмірлік мақсатым. Әрине, жастықтың ең жақсы жылдары түрме қабырғасында өтті, бірақ бұл өмірлік сабақ маған көп нәрсе үйретті. Ендігі бар арманым — балаларым мен отбасым үшін жаңа өмір бастау», деп бөлісті ол шынайы сезімін.

№23 мекеме әкімшілігі әйелдердің қоғамға бейімделуіне ерекше мән беретінін атап өтті.

«Біз сотталғандарды тек жазасын өтеу кезінде ғана емес, бостандыққа шығуға дайындық кезеңінде де қолдауға тырысамыз. Оларға еңбек етуге, жаңа дағдылар мен мамандықтарды меңгеруге жағдай жасаймыз. Басты мақсатымыз — олардың еркіндікке шыққаннан кейін өмірін жаңа парақтан бастап, өткен қателіктерін қайталамауы», деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.   

Комментарии