Лондондағы OVO Arena Wembley сахнасында өтетін жеке концерті алдында қазақстандық танымал әнші сұхбат берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Композитор және мультиинструменталист Димаш Құдайберген Ұлыбританияның мәдени журналы «The Upcoming» басылымына сұхбат берді.
Димаш өзінің шығармашылық жолы, «Stranger» атты әлемдік туры, музыка арқылы Шығыс пен Батысты тоғыстыру философиясы мен өнердегі басты ұстанымдары туралы әңгімеледі.
Әнші Wembley аренасында өнер көрсетудің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Бұл менің Лондонда алғашқы жеке концертім емес, бірақ бұл кезеңнің мәні ерекше. 2018 жылы 23 жасымда 3000 адамдық концерт беру мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Қазір сахна да, көрермен де кеңейді. Бірақ сахнаға шығар алдындағы толқу ешқашан азайған емес», – деді ол.
Өнер иесі өз шығармашылығын белгілі бір жанрмен шектемейтінін және түрлі музыкалық бағыттарды біріктіру оның табиғи талпынысы екенін айтты.
«Мен ешқандай ережеге байланбаймын. Кейде үйлеспейтін элементтерді біріктіріп, жаңа форма жасауға тырысамын», – деді Димаш.
Лондонда жеті жылдан кейін өтетін концертін «Stranger» деп атауын да кездейсоқ еместігін атап өтті. Бұл сөз әншінің жаңа әлемдерге, жаңа тыңдарманға жол тартқан ізденуші ретіндегі бейнесін сипаттайды.
Сонымен қатар әнші Димаш қазақтың ұлттық мәдениетін халықаралық сахнада насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
"Музыка – халықтың мәдени коды. Ол арқылы біз өз ұлтымыздың рухы мен дүниетанымын әлемге көрсете аламыз", - деді әнші.
Фонд «Самрук-Қазына» проведет встречу с жителями города Уральск по вопросам реализации программы IPO