Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталуға жақын – Түркия Сыртқы істер министрі

839
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0cZIvBpSfVN0iibcFzavXNVuEbkq2PUfU2tABxas.jpg

Ресейдің Украинаға қарсы соғысы аяқталуға жақын. Мұндай пікірді Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан A Haber телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды "Адырна" порталы «Anadolu» агенттігіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, соғыстың алғашқы кезеңінде оны тоқтатуды қаламағандар болған, алайда қазір олардың да көзқарасы өзгеріп келеді.

«Мұндай күштер болды, сондықтан соғыс үш-төрт жылға созылды. Бірақ енді оны аяқтауды қаламағандар да басқаша ойлай бастады», – деді ол.

Фиданның сөзінше, Еуропа басшылары да осы пікірге келе бастаған.

«Анкараға келген Ұлыбритания премьер-министрі мен Германия канцлері де президент Ердоғанмен кездесуде осы мәселені көтерді. Менің ойымша, бұл соғыс тоқтау нүктесіне ең жақын сәтінде тұр», – деді Түркияның сыртқы істер министрі.

Министр қазір соғыс «тоздыру соғысына» айналғанын, мұнда ешкім нақты жеңіске жете алмайтынын, керісінше екі тарап та адам шығыны, қаржылық және саяси тұрғыда өте үлкен зардап шегіп жатқанын айтты. Сол себепті бейбіт келіссөздер – уақыт талабы.

«Бұл соғыс ең ауыр кезеңін бастан өткеруде деп ойлаймын. Себебі екі тарап та бір-бірінің көлік және энергетикалық инфрақұрылымын жоюға күш салып жатыр. Тығырыққа тірелген жағдай қалыптасты. Ешкім алға жылжи алмайды, жағдай өзгермей тұр. Соғыс аяқталуы тиіс. Біз келіссөздердің сөзсіз екенін түсінеміз», – деді ол.

Фидан Еуропа ресми түрде соғысқа қатыспағанымен, оның әскери және қаржылық қолдауы қақтығыстың бір бөлігіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, соғысқа кететін шығын білім, медицина, инфрақұрылым сияқты салалардың қаржысын азайтып, салықтың өсуіне және халық наразылығына әкеліп отыр.

Түркия сыртқы істер министрі дипломатия әлі де басты құрал екенін айтып, бейбіт платформа құруға болатынына сенім білдірді.

«Біз бейбіт платформа құрылады деп сенеміз. Жеке өзім сенемін. Ол Түркияда немесе басқа жерде болуы мүмкін, бірақ бейбіт келісім тек қажет емес, сонымен бірге міндетті деп есептеймін. Өкінішке қарай, түсінікті себептерге байланысты барлық мәліметті айта алмаймын, бірақ бұл орын алады деп сенемін», – деді Фидан.

Биыл көктемде үш жыл үзілістен кейін Ресей мен Украина АҚШ-тың араағайындығымен тікелей келіссөздерді жандандырған еді. Стамбулда үш раунд өтті, тараптар тұтқындар мен қаза тапқандардың денелерін алмасу туралы келіскен. Алайда жаңа раундтар әзірге белгіленген жоқ.

Комментарии