"Жаңа жылдық безендіруге..." Әкімдік бюджеттен бөлінетін қыруар қаржы туралы айтты

846
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3PgI0oeh2BxqtnvPgl3zLGfaozL8yYcliLQQtqd9.webp

Әлеуметтік желілерде Павлодар қаласы жаңа жылдық безендіруге 791,9 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр деген ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.

Желі қолданушылары бұл соманың тым жоғары екенін айтып, қаржыны әлеуметтік мәселелерге бағыттау қажет деген пікір білдірді. 

Жарияланған деректерге сәйкес, Мемлекеттік сатып алулар порталында мерекеге дайындық және қаланы безендіруге қатысты 3 лот орналастырылған. Оның ең үлкені — 446,4 млн теңге, қалғандары — 236,6 млн және 108,9 млн теңге. Құжаттамада қаражат мерекелік конструкцияларды орнату, қызмет көрсету, тасымалдау, сондай-ақ арнайы техниканы тарту үшін жұмсалады деп көрсетілген.

Алайда Павлодар қаласы әкімдігі бұл сомалардың жаңа жылдық безендіруге қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Павлодар әкімінің баспасөз қызметі түсіндіргендей, аталған лоттар жалпы қалалық сенбіліктерді ұйымдастыруға, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге, материалдар мен жүктемелерді тасымалдауға және әлеуметтік нысандарға (мектеп, аурухана) техника бөлу, бау-бақша аумақтарынан қоқыс шығаруға арналған арнайы техниканы пайдалануды қамтиды.

«Техника тек Павлодарда шаруашылық және ұйымдастыру жұмыстары үшін пайдаланылады. Бұл қызметтер жаңа жылдық безендіруді қамтымайды», — деп хабарлады әкімдік өкілдері.

Сондай-ақ, әкімдік биылғы жаңа жылды безендіруге бөлінетін нақты қаражат – 23 млн теңге, яғни былтырғы 190 млн теңгеден сегіз есе аз екенін атап өтті.

Комментарии