"Әйел – отбасының тірегі, жала жапқым келмейді". Бақыт Беделхан қоғам сынына жауап берді

1232
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lBQUnAOb8qtigGKZbkSwcZwhzyGQlFqtEhk22s4b.png

Белгілі ақын Бақыт Беделхан әйелдер туралы айтқан пікіріне түсініктеме беріп, қоғам сынына жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Отан отбасыдан басталады» дейміз ғой. Ал отбасың ажырасып, ойран болып жатырса, Отан туралы ойлай аласың ба? Мен осыны айтқым келді. Әйел – кез келген отбасының тірегі. «Әйел күлсе, әлем күледі» деп ақындарымыз жырлаған. Қазір әйел жынданған соң әлем, қоғам жынданып жатыр. Бәлкім, оған біздің биліктегі жүйе мен идеологияның жоқтығы себеп шығар. Кейбір дүниеге шектеу болуы тиіс. Кейде сахнаға Еуропаның қаңсығын әкеліп, соны қойып жатады. Тұрмыс-тіршілігіндегі адам сенбейтін қарама-қайшылықтарды, иттіктерді көшіріп алады да, шетелдік классиканы сахналадық дейді. Ал ол біздің ұлттық мүддемізге келе ме? Осыны қадағалау керек»,-деді ол «Barys Media» арнасына берген сұқбатында.

Ақын әйелдер тақырыбын қайта-қайта қозғаудың қорқынышты екенін жеткізді.

«Мен өліп, табытымды жапқан күні ғана әйелдер туралы айтамын» деген Толстойдың сөзі бар. Сол сияқты бұл тақырыпты қозғау қиын. Пенде болған соң ешкім мінсіз емес. Біздің ұлтты жаулау үшін оқ шығындап, жендет жалдаудың қажеті жоқ. Біз онсыз да жұтылып бара жатырмыз, Құдай сақтасын. Ұлтты тамырынан ажыратып, талқандау үшін әйелдерді бұзу керек. Қытайда басқалармен салыстырғанда анау айтқандай қырғын соғыстар жоқ. Олар әйел арқылы жаулауға тырысады»,-деді Бақыт Беделхан.

Ол әйел дұрыс болмаған үйде береке болмайтынын атап өтті.

«Береке болмаған жерде мейірім болмайды. Жала жапқым келмейді, бірақ қазір адамзаттың жүйкесі кеткен заман болды. Мәдени сұрыптаулардан өткен Еуропа қалпына келіп алды. Ал біздің оларға бірден еліктеуге қауқарымыз жетпейді. Еуропалықтар 70-80 жасқа келгенше өздерін ғана күтіп жүреді. Біздегідей 10 бала, 20 нағашы, құда-жекжат дегендер жоқ. Олар өздерінің түсінігін қазақтың ортасына тастай салды. Біздің әйелдер «Неге өзімді ғана ойламасқа?», «Неге екеуміз ғана қол ұстасып, қыдырмаймыз?» деген ойда қалды. Жақсы, барлығын аралап, көрсін. Ал тамырың, ұлтың, дәстүр-салтың қайда қалады? Біз осыларды ұмытып бара жатырмыз»,-деп қосты ақын.

Комментарии