Дархан Сатыбалды қытайлық «Yuexing Group» корпорациясымен серіктестік мүмкіндігін талқылады

145
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wh7ecwt4JRkjlVlCsmikyyeRrY4zLaamxguRZiO4.jpg

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Қытайдың ең ірі әрі беделді көпсалалы компанияларының бірі – 1988 жылы Шанхай қаласында құрылған «Yuexing Group» корпорациясының өндірістік және іскерлік кешенінің қызметімен танысты.

Қытайдың озық жекеменшік компанияларының қатарына кіретін «Yuexing Group» бүгінде ұлттық нарықтағы жетекші ойыншылардың бірі саналады. 35 жылдан астам уақыт ішінде корпорация жиһаз өндірісі, бөлшек сауда, девелопмент, қонақ үй бизнесі, коммерциялық жылжымайтын мүлік пен сервистік қызметтерді қамтитын жан-жақты әрі тұрақты бизнес құрылым қалыптастырған. Компания инновациялық тәсілдерімен және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибесімен танымал.

Кездесу барысында Алматы әкімі екіжақты әріптестіктің әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, «Yuexing Group» корпорациясының Алматы қаласында бірқатар ауқымды инвестициялық және құрылыс жобаларын іске асыру мүмкіндігіне оң баға берді. Оның айтуынша, мегаполис шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, өнеркәсіп пен бизнесті дамытуға бағытталған нақты тетіктерді ұсына алады.

«Алматы қаласында өндірісті орналастыруға және ірі жобаларды жүзеге асыруға арналған барлық қажетті инфрақұрылымы бар Индустриялық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар, біздің шаһар сіздердің компанияларыңыз үшін Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығатын тиімді логистикалық және экономикалық қақпа бола алады», — деді Дархан Сатыбалды.

Келіссөздер нәтижесінде Алматы қаласы әкімдігі мен «Yuexing Group» корпорациясы құрылыс саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған алдын ала келісімге қол қойды. Аталған құжат алдағы уақытта нақты инвестициялық жобаларды пысықтауға және екі тарап арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

Комментарии