Алматыда 2026–2027 жылдары 38 қоғамдық кеңістік жаңғыртылады

154
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LLmX4QBEsQQNYwBJvnMLVWm1ZdX44HvteAxLghO9.jpg

Алдағы екі жылда Алматы қаласында 38 қоғамдық кеңістік жаңартылып, қайта құрылады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Қала әкімінің айтуынша, полиорталықты дамыту тұжырымдамасы аясында Алматы экологиялық тұрғыдан таза, жасыл әрі тұрғындарға жайлы мегаполиске айналуы тиіс. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалар қалалық ортаның сапасын арттыруға, қоғамдық кеңістіктерді тиімді пайдалануға және тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған.

Аталған бастамаларды іске асыруға Лондон, Мәскеу, Шанхай қалаларынан және Қазақстаннан тартылған тәжірибелі сарапшылар мен урбанистер қатысуда. Көріктендіру жұмыстарының бірыңғай стандарттарын енгізу және жобаларды жүйелі түрде үйлестіру мақсатында қалалық Урбанистика орталығы құрылды.

«2026–2027 жылдары 38 қоғамдық кеңістікті жаңғырту және жаңа демалыс аймақтарын құру жоспарланған. Олардың қатарында Тұңғыш Президент саябағы, Әуежай көлі жағалауы, Есентай және Үлкен Алматы өзендерінің бойы, сондай-ақ басқа да қала тұрғындары жиі баратын маңызды аймақтар бар. Сонымен қатар, “қасбеттен қасбетке дейін” қағидаты бойынша 68 көше жаңартылатын болады. Бұл жұмыстар аясында ғимараттардың сыртқы келбеті жаңарып, заманауи жарықтандыру жүйелері орнатылады, тротуарлар төселіп, іргелес аумақтар абаттандырылады», — деді Дархан Сатыбалды.

Әкімнің мәліметінше, қала тазалығын сақтау және санитарлық жағдайды жақсарту үшін «Алматы Тазалық» коммуналдық кәсіпорнының қызметі едәуір күшейтілді. Атап айтқанда, қызметкерлер саны 600 адамнан 2 000 адамға дейін артты, еңбекақы мөлшері 170 мың теңгеден 370 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, коммуналдық қызметтің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында 330 бірлік жаңа арнайы техника сатып алынды.

Сонымен қатар, жасыл аймақтарды күтіп-ұстау мен дамыту бағытында «Жасыл Алматы» бірыңғай операторы құрылып, оның қарамағына кезең-кезеңімен 400 гектардан астам жасыл аумақ берілуде. Бұған қоса, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жыл басынан бері Алматы қаласында 9,4 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 58 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстар алдағы жылдары да тұрақты түрде жалғасын табады.

Комментарии