Мемлекетке опасыздық жасау. Қазақстаннан депортацияланған IT-маман Ресейде қамауға алынды

366
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/H1n0Bv43jafafMDgmA0cMEUUSgoU7uREaMSdLd72.jpg

25 жастағы IT-әзірлеуші Александр Качкуркин Қазақстаннан Ресейге депортацияланды. Елге келген бойда ол ұшақтың ішінде ұсталып, мемлекетке опасыздық жасау бабы бойынша қамауға алынды. Бұл туралы «Первый отдел» құқық қорғау жобасы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Качкуркин Қырымда туып-өскен. 2014 жылы 14 жасында Ресей азаматтығын алған. Қазақстанға саяси себептермен көшіп келген. Соңғы жылдары Алматыда тұрып, DevOps-инженер және әзірлеуші болып жұмыс істеген. Оның тапсырыс берушілерінің арасында OpenAI атты америкалық компания да болған.

28 қаңтарда Качкуркинге бірден екі әкімшілік құқықбұзушылық бойынша іс қозғалған. Олар – жолды белгіленбеген жерден кесіп өту және жабық ғимаратта кальян шегу.

«Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл хаттамалардың екеуі де қолдан жасалған. Осыдан кейін полиция сотқа жүгініп, Качкуркинді «Қазақстан Республикасының заңдары мен егемендігін құрметтемеуіне байланысты» депортациялауды талап еткен. Барлық процесс бірнеше сағаттың ішінде жүзеге асқан. Әдетте мұндай рәсімдер апталап, тіпті айлап созылады. Качкуркин шұғыл түрде Ресейге жіберілген. Ұшақ қонған сәтте оны бірден ұстап, сотқа жеткізген. Сот жас жігітті қамауда ұстау туралы шешім шығарған»,-делінген хабарламада.

Ресейде оған Украинаға ақша аударды деген айыппен мемлекетке опасыздық жасады деген кінә тағылып отыр. РФ ҚК-нің 275-бабына сәйкес, Качкуркин 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе өмір бойына сотталуы мүмкін.

Еске салайық, 30 қаңтарда Қазақстанның Ресейге шешен белсендісі Мансур Мовлаевты да депортациялауды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ол Алматыдағы тергеу изоляторында отыр. Өткен жылдың желтоқсанында Қазақстан билігі оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан еді.

Мовлаев Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты қатаң сынауымен, сондай-ақ адам құқықтарының бұзылуы мен саяси қуғын-сүргіндерге қарсы мәлімдемелерімен танымал болды. Ол Ресейде есірткінің заңсыз айналымы ісі бойынша бірнеше жыл түрмеде отырған. Бостандыққа шыққан соң елден кетіп, алдымен Қырғызстанды, кейін Қазақстанды паналаған. 2025 жылдың мамырында РФ сұрауы бойынша Қазақстанда ұсталған. Ресейде оған экстремизмді қаржыландырды деген айып тағылып, федералдық іздеу жарияланған.

Комментарии