Буллинг үшін директорды қызметтен алу орынсыз – Министр

191
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sW62kbocM40ajSZFoj4DhWsq78w4EALRvzYjLkCf.jpg

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Атырау облысында оқушылар арасындағы буллинг фактісіне қатысты пікір білдіріп, бұл мәселе жүйелі шешімді қажет ететінін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Министрдің айтуынша, балалар арасындағы буллинг, төбелес және әлімжеттік сияқты жағдайларға басқарушылық әрі құқықтық тұрғыда баға берілуі тиіс. Алайда мұндай оқиғалар болған сайын мектеп директорын қызметтен босату дұрыс шешім емес екенін атап өтті.

«Оқу жылының ортасында осындай жағдайлар орын алып, біз директорларды жұмыстан босата беретін болсақ, онда мектеп директорлары тұрақтамайды. Бұл – қисынсыз. Мұндай үлкен мәселеге жауапкершілікті тек директордан ғана емес, жалпы қоғамнан талап етуіміз керек. Оның ішінде мектеп әкімшілігі, ата-аналар, педагогтар, білім беру басқармалары және уәкілетті органдар да жауапты болуы тиіс», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр қазіргі таңда оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты азайту және буллингтің алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, өткен жылы Жамбыл және Қызылорда облыстарында күштік органдар мен прокуратура өкілдерінің қатысуымен кеңестер өткізілген. Осындай кездесу жуырда Түркістан облысында да ұйымдастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Құлсары қаласындағы А.С. Пушкин атындағы №6 мектепте 10-сынып оқушысы мектеп ішінде балтамен өзге оқушыларды қуып, қауіп төндірген. 

Комментарии