Қазақстандағы зілзала Қытайдағы ядролық сынақ салдарынан болуы мүмкін — БАҚ

366
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vSgcdNSqb9FofAru1A254OkRoBt0AJyTHvTzGYSM.jpg

2020 жылғы 22 маусымда Қазақстандағы сейсмикалық станция тіркеген жер сілкінісі табиғи құбылыс емес, Қытайдың ядролық қару сынағының салдарынан болуы мүмкін. Бұл туралы 18 ақпанда Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Агенттік мәліметінше, АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Кристофер Йео Вашингтондағы Гудзон институтында өткен кездесуде Қазақстанда тіркелген магнитудасы 2,75 болған жер асты дүмпулері Қытайдағы Лобнор ядролық полигонынан шамамен 750 шақырым жерде орналасқанын айтып, оның жер асты жарылысынан туындағанына күмәні жоқ екенін мәлімдеген.

«Бұл жер сілкінісіне мүлде сәйкес келмейді. Бұл ядролық сынақ кезінде күтілетін жағдай», – деді Йео.

Ол бұрын барлау талдаушысы болған және ядролық инженерия саласында докторлық дәрежеге ие. Йеоның айтуынша, Қытай сынақты жасыруға тырысып, соққы толқындарының амплитудасын азайту үшін құрылғыны үлкен жер асты камерасының ішінде жару әдісін қолданған болуы мүмкін.

Алайда Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы бұл мәлімдемені нақты растауға жеткілікті дерек жоқ екенін айтты.

Қытайдың Вашингтондағы елшілігінің өкілі бұл айыптауды «мүлде негізсіз» деп атап, АҚШ осылайша өз ядролық сынақтарын қайта бастауға «себеп ойлап табуға» тырысып отыр деді.

«Бұл – ядролық гегемонияға қол жеткізуге бағытталған саяси манипуляция және ядролық қарусыздану бойынша өз міндеттемелерінен бас тарту әрекеті», – делінген Қытай елшілігінің өкілі Лю Пэнъюйдің мәлімдемесінде.

Мақалада АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайды АҚШ және Ресеймен бірге СНВ-3 келісімін алмастыратын жаңа келіссөздерге қосылуға қысым жасап отырғаны да айтылған. СНВ-3 – стратегиялық ядролық қаруды шектеу жөніндегі АҚШ пен Ресей арасындағы келісім, оның мерзімі 5 ақпанда аяқталған.

Комментарии