Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран аумағынан Біріккен Араб Әмірліктерін зымырандармен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуылдау әрекеттерін айыптады. Бұл туралы Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жариялады, деп хабарлайды "Адырна".
"Соның салдарынан көптеген тұрғын қаза тауып, азаматтық инфрақұрылымға нұқсан келді. Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы қарулы қақтығысты одан әрі ушықтыратын мұндай әрекеттерді еш ақтауға болмайды деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық даулы мәселелерді шешудің ең дұрыс жолы дипломатиялық тәсілдерге жүгіну екенін атап өтті", - деп жазды Айбек Смадияров.
Бұдан алдын Қазақстан басшысы Иранның Әзербайжанға соққысын да қатаң айыптаған. Одан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президенті Масуд Пезешкианның көрші елдерге шабуыл жасамау туралы мәлімдемесін құптаған болатын. Қазақстан Президентінің бұл шешімді Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған маңызды қадам деп санайтыны айтылған. Алайда Иран басшысының мәлімдемесіне қарамастан аймақ елдерін Тегеран жағынан нысанаға алу әлі тоқтамай тұр. Ирандағы әскери әрекет 28 ақпан күні Израиль мен АҚШ-тың біріккен соққысынан кейін басталды. Иран соңынан АҚШ-тың әскери базалары орналасқан елдердегі Америка мүддесін көздейтін нысандарды атқылау бастады. Алайда екі жақтың атысынан ортада бейбіт тұрғындар, соның ішінде жас балалар қаза тапқан.
