Шахтинск қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тұрмыстық газ баллонынан шыққан газ-ауа қоспасы жарылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Оқиға салдарынан сегіз адам зардап шекті. Олардың бесеуі шақыртуға келген полиция қызметкерлері екені анықталған.
ТЖД мәліметінше, оқиға туралы хабар Қарағанды облысы ТЖД-нің 112 пультіне полициядан түскен.
Құтқарушылар оқиға орнына төрт минут ішінде жеткен. Барған кезде пәтер ішінде жиһаз бен тұрмыстық заттардың жануы тіркелген.
Құтқарушылар баспалдақ арқылы жоғарғы қабаттардан бес адамды эвакуациялады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция қызметкерлері де тұрғындарды сыртқа шығарған. Қалған тұрғындар өздігінен эвакуацияланған.
Зардап шеккендер медициналық мекемеге жеткізілді.
Өрт 40 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Қазіргі таңда оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылып, барлық тиісті қызметтер жұмыс істеуде.
Қарағанды облысы полиция департаменті мәліметінше, бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, 40 жастағы күдікті ұсталған. Ол қазір Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасында күзетпен жатыр. Сауығып шыққаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалмақ.
