Қазақстанда азаматтық қоғам қалай дамып жатыр?

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wddip9UpelfACkKEUf00PxaDHe9Z1jjNWrZIkmGk.jpg

Қазақстанда азаматтық қоғам соңғы жылдары айтарлықтай жанданып, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтатын маңызды факторға айналып келеді. Әсіресе, азаматтардың белсенділігі артып, қоғамдық бастамалар көбейіп, волонтерлік мәдениет жаңа деңгейге көтерілді. Бұл туралы "Адырна" тілшісі мемлекеттік қызметкер мен еріктінің пікірін алып, бағамдап көрді. 

Азаматтық белсенділік артып келеді

Соңғы жылдары қазақстандықтар ел өміріне белсенді араласа бастады. Әлеуметтік желілер, қоғамдық бастамалар, еріктілер қозғалысы — мұның бәрі азаматтық қоғамның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекеттік қызметші Арайлым Мырзабекованың айтуынша, бүгінде халықтың пікірін ескеруге бағытталған тетіктер көбейген.

«Қазіргі таңда азаматтар мен мемлекет арасындағы диалог күшейіп келеді. Әртүрлі қоғамдық кеңестер, ашық алаңдар арқылы тұрғындар өз ұсыныстарын айтып, шешім қабылдау процесіне қатыса алады. Бұл – азаматтық қоғамның дамуының нақты көрінісі», – дейді ол.

Волонтерлік – қоғамның қозғаушы күші

Азаматтық қоғамның маңызды бөлігі – волонтерлік қозғалыс. Соңғы жылдары еріктілер саны артып, олар әлеуметтік, экологиялық және қайырымдылық бағыттарында белсенді жұмыс істеп келеді.

Волонтер болып жұмыс істеген Айжан Мәмеш бұл тәжірибенің қоғамға да, адамға да үлкен әсері бар екенін айтады.

«Волонтерлік – тек көмек беру ғана емес, бұл жауапкершілік пен жанашырлықты қалыптастырады. Меніңше, адамдар бір-біріне бейжай қарамай, көмектесе бастағанда қоғам да өзгереді», – дейді ол.

Даму бар, бірақ шешімін күткен мәселелер де жеткілікті

Сонымен қатар, азаматтық қоғамды дамытуда бірқатар мәселелер де бар. Кей өңірлерде белсенділік төмен, ал кейбір қоғамдық ұйымдардың ресурсы жеткіліксіз.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бағытта халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық бастамаларды қолдау және өңірлік теңсіздікті азайту маңызды.

Жалпы алғанда, Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптасу кезеңінен өтіп, даму сатысына бет алғаны байқалады. Ең бастысы – бұл үрдіс тұрақты жалғасып, әр азамат елдің дамуына үлес қоса алатын орта қалыптасып келеді.

Комментарии