«Иран үшін “Электр станциялар күні” болады». Трамп Иранға қатаң ескерту жасады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AVb7qDgT7yKfOW5nOzFvCYufqHJypsYbsqx2WI8D.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты қатаң риторикасын жалғастырып, Ормуз бұғазы ашылмаған жағдайда әскери соққылар жасалатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол жексенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Президенттің айтуынша, егер стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы сейсенбіге дейін қайта ашылмаса, АҚШ Иран аумағындағы электр станциялары мен көпірлерді нысанаға алуы мүмкін.

«Сейсенбі – Иран үшін “Электр станциялары күні” және “Көпірлер күні” болады, бәрі бір күнде жүзеге асады. Бұған ұқсас нәрсе бұрын-соңды болмаған!» – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Ол бұл мәлімдемесінде АҚШ пен Израильдің бір айдан астам уақыт бұрын Иранға жасаған шабуылдарынан кейін Тегеран іс жүзінде жауып тастаған маңызды теңіз жолы – Ормуз бұғазына сілтеме жасады.

«Бұғазды ашыңдар, ақымақтар, әйтпесе тозақта өмір сүресіңдер! Аллаға мадақ болсын» деген сөздермен аяқтады.

Трамп өз мәлімдемесінде Иранға ультиматум қойып, талап орындалмаған жағдайда ауыр салдарлар болатынын ескертті. Сонымен қатар, ол дүйсенбі күні Ақ үйде әскери өкілдердің қатысуымен арнайы баспасөз конференциясын өткізетінін жеткізді.

Бұл мәлімдеме Иран аумағында жүргізілген америкалық екі ұшқышты құтқару операциясынан кейін жасалды. АҚШ билігінің мәліметінше, операция өте күрделі жағдайда өткен. Құтқарылған ұшқыштардың бірі ауыр жарақат алған.

Комментарии