Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы қызметінен уақытша босатылды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SWvx9bhYjMO92f5erbelVkjl0wsgYqqV1VgVn4c2.webp

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан қызметінен шеттетілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұған дейін желіде Мейірханға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған еді. 

Министрліктің мәліметінше, бірқатар қызметкердің өтініші бойынша материал белгіленген тәртіппен тіркелген. Ресми мәліметке сәйкес, қазір Данияр Мейірхан қызметтік міндеттерін орындаудан уақытша босатылған. Қазіргі уақытта барлық жағдайды анықтау үшін іс-шаралар жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Данияр Мейірхан еңбек жолын 2003 жылы Ақтөбе облыстық ІІД-нің жедел уәкілі қызметінен бастаған.  2005–2012 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер органдарының бөліністерінде қызмет атқарған.  2012–2022 жылдар аралығында ОҚО Полиция департаментінде бөлім бастығынан басқарма бастығына дейінгі басшылық лауазымдарда еңбек еткен. 2023–2024 жылдары ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында бөлім бастығынан Академия бастығының орынбасарына дейінгі қызметтерді атқарған. 2024 жылдың қыркүйек айынан  ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары, 2024 жылдың желтоқсанынан  ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы болған. Ал былтыр
қыркүйекте ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасы болып тағайындалған. 

Еске салайық, ол  2022 жылы Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметінде жүрген кезінде "өз бетінше әрекет ету" және "бөтеннің көлігін иемдену" күдігімен ұсталған еді. Сол жылы іс «алаяқтық» бабы бойынша қайта қаралса да, даулы полиция қызметкері кепілмен босатылған болатын еді.

Комментарии