Министрлік Алагөзованың «діни насихатты» реттеу ұсынысына жауап берді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ClwF6G6lWdinROcYDmohjRKg9zdghIADd0LGSz2F.webp

Мәдениет және ақпарат министрлігі продюсер әрі актриса Баян Алагөзованың «діни насихатты» реттеу туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Вице-министр Қанат Ысқақов Қазақстанның құқықтық алаңында «діни насихат» ұғымы жеке санат ретінде қолданылмайтынын атап өтті.

«Бізде діни насихат деген ұғым жоқ. Радикалды және экстремистік ағымдар бар, оларға тыйым салынған», — деп түсіндірді ол.

Шенеунік Қазақстан көпконфессиялы әрі толерантты мемлекет екенін еске салып, сондықтан діни саладағы мәселелер, ең алдымен, радикализмнің алдын алу тұрғысынан реттелетінін айтты.

Жекелеген азаматтардың арандатушылық сипаттағы мәлімдемелері туралы сөз қозғаған вице-министр Қанат Ысқақов мұндай жағдайлар тексеру нысанына айналып, құқық бұзушылардың әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.

Журналистер әлеуметтік желілердегі контентке, оның ішінде қоғамды жаңылыстырып, қоғамдық реакция тудыруы мүмкін жарияланымдарға қатысты шаралар қабылдана ма деген сауал қойды. Ысқақов мұндай әрекеттерге заң аясында баға беріліп жатқанын айтты.

«Біз оларды жауапкершілікке тартамыз. Бұл жалған ақпарат тарату, әлеуметтік, діни және өзге де алауыздықты қоздыру сияқты бірқатар бапқа жатады. Сондықтан мұндай әрекеттерде құқық бұзушылық белгілері болса, міндетті түрде заң аясында қаралады», — деді ол.

Еске салайық, наурыз айының соңында Алматы облысының полициясы Наурыз туралы даулы видео жариялаған блогерді ұстаған болатын. Бейнежазбада ол бұл мереке Қазақстанда атап өтілмеуі керек екенін айтып, оны «харам» деген еді.

Комментарии