Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүдделі халықаралық тараптарды Каспий теңізін сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырды. Бұл туралы ол Өңірлік экологиялық саммитте айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Президент Каспий теңізіне қауіп төніп тұрғанын айтып, оны қорғау экологиялық тепе-теңдік пен өңірлік тұрақтылық үшін маңызды екенін мәлімдеді.
«Еліміз Каспий теңізінің тағдырына да алаңдайды. Теңіз айдынын қорғау – аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды. Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді»,-деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінде кез келген әскери қаруды қолданбау керектігін де жеткізді.
«Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс»,-деді мемлекет басшысы.
Если политическая реформа - это смена механизмов, то «Адал азамат» - это смена ментальности – эксперт о реформах Токаева
