Атыраудағы «Ақжайық» резерваты өртеніп жатыр

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BFSk8LvIFaPrTAqWCOQdCBY9AwmFev7bzO83WOUM.webp

Атырау қаласы мен оған іргелес елді мекендерді қою түтін басты. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы қамыс жанып жатыр. Өрт ошағы қаладан 35 шақырым жерде, Каспий теңізіне қарайтын бағытта орналасқан. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

 

Өрттің жалпы аумағы 12 гектар. Қазіргі таңда жанып жатқан аумақ 8 гектар, ал сөндірілген аумақ 4 гектар.

Тілсіз жаумен күреске Төтенше жағдайлар департаментінің 65 маманы мен 18 бірлік техникасы жұмылдырылды. Алайда, өрт сөндіру жұмыстарын жер бедерінің ерекшелігі қиындатып отыр. 

«Өртеніп жатқан аумақ — батпақты жер. Соның салдарынан арнайы техниканың өтуі мүмкін емес. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер қорғаныс жолақтарын салып, отты қолмен сөндіруге мәжбүр», — деп хабарлады мекеме өкілдері. 

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Комментарии