«Цифрлық теңгені қолдану «ойын ережесін» өзгертеді»

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Wu8iHBrfJcDDDTUA4h589jOiwaHPSRcxGNrpALni.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке цифрлық экономиканың ішкі жалпы өнімге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Бұл туралы президент Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Тоқаевтың пайымдауынша, жаңа технологиялық парадигмаға көшу үшін қазіргі жағдайға объективті, шынайы баға беру қажет.

«Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған, қолданыстағы әдістеме бір ізге түспеген. Ішкі жалпы өнімді 5 пайызға жеткізу туралы айтқанда, нақты экономика секторындағы өсім мен инновация нәтижесіндегі табыстың ара жігін ажырата білу керек. Жалпылама көрсеткіштер көбіне жұмыстың тиімділігін емес, алдамшы көрініс қалыптастырып жатады. Сондықтан бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізгені жөн», – деді мемлекет басшысы.

Президент Біріккен Араб Әмірліктері қолма-қол төлемсіз экономикаға көшуді жоспарлап отырғанын мысалға келтіріп, экономиканы цифрландыру заман талабы екенін айтты.

Қытайдан да үлгі алуға болады. Көршілес ел жыл сайынғы триллион доллар транзакцияларды цифрлық платформада өңдеу ісін жолға қойды.

«Қазақстан да бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізді: еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 80 пайыздан асты. Осы жиынға қатысып отырған отандық фин-тех компаниялар кәсіби деңгейлері жоғары екенін көрсетті. Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді. Өйткені бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, транзакция үшін алынатын комиссиялық төлемдердің шығынын қысқартады. Бұл Қазақстанның дүние жүзінен көбірек капитал тартып, жетекші инвестициялық және қаржылық орталыққа айналуына көмектесуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтыр елімізде алғаш рет цифрлық активтер мен криптовалютаны реттейтін құқықтық база қалыптасты. Жылжымайтын мүлікті, алтынды, ірі өндіріс кәсіпорындарының акцияларын және басқа да активтерді токенизация жасауға мүмкіндік пайда болды. Мақсат – аймақтағы жетекші криптохабқа айналу.

Енді Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық активтерді дамытудың басты бағыттарын бекіткені жөн.

Одан бөлек президент кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды.

«Жасанды интеллектіні нақты уақыт режимінде пайдалану өсімнің басты факторы санала бастады. Сондықтан бізге деректерді, үдерістер мен адамдарды біріктіретін біртұтас жүйе құру қажет. Осындай негіз қалыптасқанда ғана пилоттық шешімдермен шектелмей, жасанды интеллектіні экономиканың барлық секторына енгізуге жол ашылады. Жаһандағы технологиялық жарыста бірде бір ел өз бетінше жасанды интеллект әлеуетін толық пайдалана алмайды. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес, ең алдымен, экономика және цифрлық платформа саласында келісілген тәсілдер әзірлеп, озық тәжірибелермен алмасу үшін құрылды», – деді президент.

Сөзінше, өндіріс – қосылған құны жоғары өнім өндіретін және жаңа технологияны сынап көретін ең басты алаң.

Комментарии