Ресей ұсынылған бітімге қарамастан Украинаға соққы жасаған

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qcMImra1dWKy1L6vBiRd1UCMcfEvufRN7MKPIa3G.webp

6 мамырға қараған түні Украинаның Запорожье облысында өнеркәсіптік нысанға шабуыл жасалды. Бұл туралы жергілікті әскери әкімшілік басшысы Иван Федоров Telegram-да айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі lrt.it-ке сілтеме жасаған.

Елдің қарулы күштерінің мәліметінше, бұл өңірге қанатты авиабомбалар қолданылған. Мұндай соққылар 6 мамыр түні Харьков, Сумы және Донецк облыстарында да тіркелген. Харьков және Днепропетровск облыстарында ресейлік дрондар да байқалған.

Украина билігі Ресейдің жаңа соққыларына әзірге түсініктеме берген жоқ. Бұған дейін Зеленский мұндай жағдайда «айна принципі бойынша әрекет ететінін» айтқан.

Апта басында Ресей билігі президент Владимир Путиннің шешімімен 8–9 мамырдағы Жеңіс күніне орай біржақты «бітім» жариялағанын мәлімдеген. Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарламасына сәйкес, Украина мерекені бұзуға тырысса, Ресей Киев орталығына «жауап ретінде жаппай зымыран соққысын» жасайтыны айтылған.

Бұған жауап ретінде Зеленский Украина атысты 6 мамыр түнгі 00:00-ден бастап тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген. Ол адам өмірі кез келген мерекеден әлдеқайда құнды екенін атап өтті. 5 мамырда Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов Ресей соққы жасаудан бас тартса, Киев те тыныштық режимін сақтауға дайын екенін растады.

29 сәуірде Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Жеңіс күні кезінде атысты тоқтату идеясын алғаш рет Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен әңгімеде айтқанын жеткізді. Ал Зеленскийдің айтуынша, Ресей Украинаға бітім туралы ресми түрде хабарламаған.

5 мамыр күні Ресей әскері Украина өңірлеріне жаппай соққылар жасаған. Днепр, Запорожье және Краматорск қалаларында жалпы 20-дан астам адам қаза тапқан.

Ал Ресей тағайындаған Қырым билігі өкілі Сергей Аксенов Telegram-да Джанкой қаласына жасалған соққы салдарынан бес бейбіт тұрғын қаза тапқанын жазды. Бұл хабарлама 6 мамыр түн ортасынан кейін жарияланғанымен, шабуыл туралы ол 5 мамырда жергілікті уақыт бойынша 22:28-де хабарлаған. Украина билігі Қырымға жасалған бұл соққыға қатысты пікір білдірмеген.

Комментарии