фото: Reuters
Ресей мен Украина арасындағы соғыста уақытша дипломатиялық серпіліс байқалды. АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Мәскеу мен Киев оның өтініші бойынша 9-11 мамыр аралығында үш күнге атысты тоқтатуға келіскенін мәлімдеді. Сонымен қатар тараптар 1000-ға 1000 формуласы бойынша ауқымды әскери тұтқындар алмасуын жүзеге асыруға уағдаласқан. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Трамп бұл қадамды «ұзаққа созылған, қанды әрі ауыр соғыстың аяқталуының бастамасы болуы мүмкін» деп бағалап, Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийге бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Зеленский үш күндік бітімді және тұтқын алмасу келісімін растады. Оның айтуынша, Украина үшін басты гуманитарлық мәселе – әскери тұтқындарды елге қайтару.
«Қызыл алаң біз үшін тұтқынға түскен украин азаматтарының өмірінен маңызды емес», – деді Украина президенті.
Украина президенті Владимир Зеленский 9 мамырда Мәскеу қаласында парад өткізуге «рұқсат беретін» жарлыққа қол қойды. №374/2026 құжат 8 мамыр, жұма күні Украина президентінің ресми сайтында жарияланған. Онда бұл шешім «көптеген өтініштерді және 2026 жылғы 8 мамырда америкалық тараппен келіссөздер барысында белгіленген гуманитарлық мақсатты ескере отырып» қабылданғаны көрсетілген.
Жарлықта: «Парад өтетін уақыт аралығында (2026 жылғы 9 мамырда Киев уақыты бойынша таңғы сағат 10:00-ден бастап) Қызыл алаң аумағындағы аумақтық шаршы украин қарулы күштерінің қолдану жоспарынан шығарылсын», – деп жазылған.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Зеленскийдің жарлығына қатысты пікір білдіріп, «Бізге ешкімнің рұқсаты керек емес. Жеңіс күнін мазақ етуге және мұндай ақымақ әзіл жасауға тырысатын адамға обал. Бұл, бәлкім, оның өз қасіреті болар», – деді.
Айта кетейік, Ресей бұған дейін 8–9 мамыр күндері «Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс құрметіне» біржақты бітім жариялаған болатын. Алайда Украина ол ұсынысты қолдамаған, ал 6 мамырдан бастап мерзімсіз атысты тоқтатуды ұсынғанымен, Мәскеу ресми жауап бермеген.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Мәскеу АҚШ бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, келісім 9-11 мамыр аралығында әр тараптан мың адамнан тұратын әскери тұтқын алмасуды көздейді.
Ушаков бұл уағдаластық америкалық тараппен жүргізілген байланыстар нәтижесінде жүзеге асқанын атап өтті. Путиннің өзі әзірге бұл бастамаға жеке түсініктеме берген жоқ.
Майдан шебінде тыныштық орнай ма?
Бітім туралы мәлімдемелерге қарамастан, 8 мамыр күні таңертең тараптар бір-бірін атысты жалғастырды деп айыптады. Ресей Қорғаныс министрлігі түн ортасынан бастап әскери әрекеттер толық тоқтатылғанын хабарласа, Украина шабуылдар жалғасқанын мәлімдеді.
Ресей тарапы жүздеген украин дроны мен «Нептун» зымырандары атып түсірілгенін хабарлады. Ал Украина әуе қорғаныс күштері ресейлік ондаған дронды жойғанын мәлімдеді. Сонымен қатар украин тарапы Ресейдің бірқатар мұнай нысандарына соққы жасалғанын хабарлады.
Бұл өзара айыптаулар тараптар арасындағы терең сенімсіздіктің сақталып отырғанын көрсетеді.
Сарапшылардың айтуынша, биыл Мәскеудегі Жеңіс күні парады бұрынғыдай ауқымды әскери техниканың қатысуынсыз өтпек. Ресми түсіндірмеде бұл «ағымдағы жедел жағдаймен» байланыстырылған.
Сондай-ақ Мәскеуде 9 мамыр күні мобильді интернет пен хабар алмасу қызметтеріне уақытша шектеулер енгізілетіні хабарланды. Билік мұны қоғамдық қауіпсіздік шаралары ретінде түсіндіріп отыр.
Үш күндік бітім – стратегиялық бетбұрыс па, әлде символикалық үзіліс пе? Сарапшылардың бір бөлігі бұл қадамды гуманитарлық мәселені шешуге бағытталған прагматикалық шешім ретінде бағалайды. Әсіресе 1000-ға 1000 форматындағы алмасу – соғыс басталғалы бергі ең ірі тұтқын алмасулардың бірі болмақ.
Дегенмен, атыстың толық тоқтамауы және өзара айыптаулар уақытша бітімнің тұрақты бейбіт келісімге ұласуына күмән туғызады. Үш күндік тыныштық ұзақ мерзімді келіссөздерге жол ашуы мүмкін, алайда майдан даласындағы жағдай дипломатиялық үдерістің қаншалықты берік екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда басты сұрақ – бұл үзіліс сенім қалыптастыру қадамына айнала ма, әлде кезекті қысқа мерзімді тактикалық пауза болып қала ма?
Общественный фонд «Қазақстан халқына» построит 114 домов для пострадавших от паводков в Западно-Казахстанской области
