Ресей Киевке шабуыл жасады. 32 адам жарақат алған

177
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ZnwAGmNNX5HZ7mZrnVjXdVIVggecUOOTphOoX8dc.webp

Бейсенбіге қараған түні Ресей Киевке дрондар мен зымырандар арқылы аралас соққы жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Украина астанасының Дарница ауданында көпқабатты тұрғын үйдің бір бөлігі қираған. Билік өкілдер үйінді астында адамдар қалып қоюы мүмкін екенін жеткізді. Ресми дерек бойынша, соққы салдарынан кемінде бір адам қаза тауып, 32 адам жараланған.

«Қазіргі уақытта стационарларда 20 адам ем қабылдап жатыр. Олардың ішінде бір бала бар»,- делінген хабарламада.

Түнгі атқылау 13 мамырда Украинаға жасалған ең ірі дрон шабуылдарының бірінен кейін болған. Бір күн ішінде Ресей әскері шамамен 900 дрон қолданған, елдің бірнеше аймағында кемінде алты адам қаза тапқан.

Түнде әуе күштерінің Telegram-арнасында Киев пен Киев облысы, сондай-ақ Черкассы маңы мен Полтава облысы бағытында көптеген зымырандар мен дрондар ұшып бара жатқаны туралы хабарламалар пайда болды. Сонымен қатар Украина астанасына баллистикалық зымырандармен соққы жасалғаны, қатты жарылыстар естілгені айтылды.

Кейін Киевте зымыран сынықтарының құлағаны, соның ішінде тұрғын үйлерде өрт шыққаны және қираулар болғаны туралы ақпараттар түсе бастады.

Киев мэрі Виталий Кличконың айтуынша, оқиға орнында құтқару және іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Комментарии